Құлақтан теуіп қойып жүре беретін заман емес

13.11.2017
Қаралды: 819

Шымкентте әкім ауысты. Миллион халқы бар үлкен қалаға өткен аптада жаңа әкім тағайындалды.

Әрине, қаланың қарапайым халқы үшін бұл аса елеулі, ерекше оқиғаға жатпайды. Себебі қалың көпшілік бүгінде өз күнін өзі көрумен әуре. Қос өкпеден қысқан қымбатшылық, тұрмыстағы қиыншылық елдің еңсесін езіп жібергені рас. Сондықтан күнделікті күнкөріс қамында жүрген олардың басым бөлігі әкім кім екен деп бас қатыра да бермейді.

Дегенмен бұл жөнінде ойлап, бас қатыратын жұртшылық та аз емес. Олар, негізінен, көзі қарақты адамдар, үлкенді-кішілі қызметте жүрген азаматтар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері.

Олар үшін қалаға кім әкім болып келсе де бәрібір емес. Шымкентті шын мәнінде лайықты адам басқарғанын жергілікті жердегі ғана емес, сыртта жүрген көзі ашық ағайынның бәрі де іштей қалайтыны рас.

Жұрт бір кездері әкім осы жерде туып-өскен адам болуы керек деп талап ететін. Іштей соны қалайтын. Дегенмен де уақыт көрсеткендей, бұл бүгінде ең маңызды нәрсе болудан қалып барады. Себебі жергілікті жерде туып-өсіп, осы жерде қызметі көтерілгенмен, жеме-жемге келгенде жұмысты жарытпайтындар болады екен. Бұл ел ондайлардың талайын көрді. Неше түрлі сужұқпастарды да, сұғанақтарды да көрді.

Сондықтан қазір ең маңызды нәрсе не болып тұр? Ең маңыздысы, жаңадан келген адамның ары мен қолының тазалығы! Сыбайлас жемқорлыққа басы шатылмаған адам болуы!

Жаңадан қызмет алған адамның өмірлік тәжірибесі бай болып, түрлі қызмет сатыларынан сүрінбей өтіп келе жат­қан кадр болуы да ерекше маңызды. Жас баланың тірлігін істейтін басшылардан Шымкент әлдеқашан шаршаған.

Бұл қалаға арзан абыройды ойлайтын, есіл-дерті өзінің атағын шығарып, болмашы тірлігін жарнамалауға құмартатын басшы да енді қызық емес. Өзін-өзі мақтату үшін төңірегіне ылғи табан жалағыштарды топтастырып алып, даңғазамен айналыса бастаса, ондай басшының құны көк тиын, әрине!

Осындай көріністердің бәріне түр-түрімен куә бол­ғандықтан, шымкенттіктер бұдан былай қалаға кім әкім болып келсе де оған күмәнмен, сын көзбен қарайды. Оның сөзіне емес, ісіне мән береді.

Жалпы, үлкен істер үндемей-ақ атқарылуы тиіс қой. Шымкентте қай салада болмасын проблема дегенің шаш-етектен. Соның бәрін болмағанмен, ең басты дегендерін шегелеп тұрып шеше алса, бұған орай халықтың өзі-ақ ол адамға лайықты бағасын берері сөзсіз. Қазір жұртты арзан уәдемен алдап қойып, құлақтан теуіп жүре беретін заман емес. Үлкен-кіші әкімдер ең алдымен осыны ескерсе екен дейміз...

Мүмкін жаңадан тағайындалған қалабасымыз жоғарыда айтылған талаптардың үдесінен шығып та қалар, кім білсін? «Үмітсіз – шайтан» дегендей, үміт отын үрлей отырайық. Солайша әліптің артын бағайық. Яғни жаңа әкімге «Іске сәт!» деген тілек айтайық.

Т. БЕКІШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ