«Алтын қалам» байқауынан жүлде иеленді

14.11.2017
Қаралды: 403

Төлеби ауданындағы Зағамбар ауылында тұратын оқырманымыз Ералхан Жылқайдарұлының өмірінде қуанышты оқиға орын алды. Ерекең кешегі сәрсенбіде редакциямызға келіп, өзінің қуанышымен бөлісті.

Елімізде жыл сайын республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауы өткізіліп тұратыны белгілі. Е.Жылқайдарұлы биыл соған өзінің «О дүниеден орал­ған пенде» деп аталатын сатиралық туындысын жолдаған екен, байқаудың әділ қазылары оны сатира жанры бойынша ең үздік туынды деп таныпты.

«Байқауға деп жазғанымды өткен жазда жолдағанмын, – дейді Ерекең. – Мына ақын-жазушыларды көбіне тірісінде бағаламай, дүниеден өткесін де кейбіреулер «ол ондай еді», «мұндай еді» деп жаман атын шығарып та жатады ғой. «Марқұм жақсы адам еді» деп еске алатындар сирек. Менің әлгі туындым осы тақырыпқа арнал­ған. Яғни қайтыс болған жазушы ғайыптан тіріліп келеді, сөйтіп мектепке өзінің атын бергенін, үйіне ескерткіш-тақта орнатқанын көріп таңқалады. Жалпы, менің ол туындымда қаламгерлерді тірісінде бағалай білейік деген ой айтылады.

Жалпы, ол байқау жеңімпаздары проза, поэзия, сын-сықақ және тағы басқа да жанрлар бойынша анықталды. Көп адамдардың аты аталды. Есімде қалғаны, Шерхан Мұртаза ағамызға әдебиетке сіңірген еңбегі үшін сыйлық берілді, прозадан созақтық Мақсат Қарғабай деген жігіт жүлде алды».

Ерекең осылай дейді. Сатира жанры бойынша үздік деп танылған туындысы үшін ол кісіге 100 мың теңге сыйлық пен арнайы диплом тапсырылыпты.

Жалпы, төлебилік Ералхан Жылқайдарұлы – әдебиетке, өнерге жақын адам. Сатира тақырыбына 2010-жылдан бері қалам тартып жүр екен. Ол кісінің тағы бір өнері – суретшілік,  яғни ол қылқаламмен сурет, картина, портреттер салады. Бүгінде «Нұр Отан» партия­сы бір байқау ұйымдастырып отыр екен, Ерекең соған да өзінің салған картиналарын қатыстырмақ ниетте.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ