Ұлы Қазан төңкерісі қазақты жарылқады ма?

14.11.2017
Қаралды: 487

«Замананың» №40 нөмірінде жарық көрген «Бізге «Күн көсемнің» ескерткіші керек пе еді?» деген мақаланы оқып, біраз ойға қалдым. 

Есіме Жамбыл технологиялық институтында оқып жүргенде Ленинград­қа өндірістік іс-тәжірибеден өтуга барған кезім түсті. Біз сондағы «Лиговский» даңғылында орналасқан, тәулігіне 500 тонна нан пісіретін нан зауытында болған едік.

Ауылдасым әрі жақын інім Есенгелді Есназаров сол кездері Куйбышев (қазіргі Самара) қаласындағы электротехникалық байланыс институтын бітірген, әскери қызметін Ленинград түбіндегі Тосно қаласында кіші лейтенант болып бастаған болатын. Кейін ол Ленинградтағы әскери академияны бітірді, қызметтен отставкаға полковник шенінде шықты, Алматыдағы әскери академияда сабақ берді, қазір сонда тұрады. Осы Есенгелді екеуміз Ленинградта жүргенде жиі бас қосып, қаланы көп аралайтынбыз.

Біздің жатақхана да, жұмыс істейтін жеріміз – нан зауыты да «Қазан» теміржол вокзалына жақын еді. Ол жерден Ленинградтың барлық аумақтарына автобус жүреді, Тосно қаласына «электричка» қатынайды. Автобустар жолаушыны көп күттірмейді, уақыты жете салысымен адам толсын-толмасын қозғалып, екіншісі оның орнына келіп даяр тұрады. Адамдары да өте мәдениетті, кішіпейіл, таласып-тармасып жатқандарды көрмейсің.

Бір күні үш жігіт Ресейді 300 жыл билеген Романовтардан шыққан алғаш­қы патша – 1-ші Петр ескерткішінің жанында отыр едік, қасымызға жасы 70-тер шамасындағы бір кісі келді. Амандасып, қай жақтың жігіттері екенімізді сұрады. Біз Қазақстаннанбыз дедік.

«Иә, Қазақстанды білемін, мен онда болғанмын, – деді ол кісі. – Қазақтар батыр халық қой. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде де қазақтан Садық Әбдіжаппаров, Қарсыбай Сыпатаев, Бауыржан Момышұлы, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты батырлар көп шықты».

Осылай деген бұл кісіні тәуір көріп қалдық. Тағы да айта түскенін қалап тұрмыз. «Сіздер Дзержинскийдің кім бол­ғанын білесіздер ме?» – деді соны сезгендей болған әлгі адам. Ол кезде орысша онша сөйлей алмаймыз, сонда да болса үнсіз қалмадық. «Дзержинский – поляк ұлтынан, Лениннің жақын серіктерінің бірі, революционер, чекист, ВЧК-ны басқарған адам», – деген едім, арқамнан қағып: «Жетік біледі екенсің, жарайсың!» – деді. Сосын бізді таңқалдырған мынадай жай жөнінде айтты:

«Дзержинский шын мәнінде нағыз чекист болатын. Ол Лениннің оққағары еді. Кімді Лениннің, революцияның қас жауы деп білсе, сол күні-ақ оның көзін жоятын. Өзі ашаң, ірі денелі, жауырыны қақпақтай, бойы ұзын, үш-төрт адамға әл берместей күшті кісі еді. Ешкімнен қорықпай, үнемі жеке жүретін. Аса қауіпті жерлерге ғана өзі сияқты чекис­терді ертіп алатын.

Кейбір қолайсыз істері туралы естіген Ленин бірде оны өз кабинетіне шақырып алып, ісінің әскери трибуналға өтуі мүмкін екенін ескертсе, ол: «Оның бір мәнісі болар. Бірақ мен кеткен соң сіздің күніңіз қалай болар екен?» – деп жауап беріпті. Сонда Ленин біраз үнсіз қалып, сосын: «Сіз боссыз, бара беріңіз», – деген екен. Дзержинский осындай ешкім­нен қаймықпайтын, ерекше батыл, ер­жүрек адам болған».

Осыны айтқан сұхбаттасымыз енді бізден Лениннің өзі туралы не білетінімізді сұрады. Бұған тағы да мен жауап бердім. «Ол 1870-жылы ұстаздар отбасында өмірге келген. Революциядан кейін Каплан деген неміс әйел қастандық жасап, сол атқан оқтан оңалмай, 1924-жылы қайтыс болған. Өлерінде жолдастарын шақырып алып, өзінің ісін, революция мақсаттарын алға апаратын адамды тағайындап кеткен. Мінезі қатал Сталинге сенім артқан», – дедім.

«Жақсы, жетік біледі екенсің, – деді маған риза кейіппен әлгі адам. – Ал сен Романовтар туралы не білесің?» – деді сосын әңгіме барысын орыс патшаларына қарай бұрып. Бұл жөнінде тарихтан оқығанымды, 1-ші Петрден бастап, 2-ші Николай патшаға дейін айтып бердім.

«Ленин Петроград пен Мәскеуден Ресейді 302 жыл билеген Романовтар әулетінің ұрпақтарын түгелдей жойып жіберді, – деді әлгі кісі. – Ажалынан бұрын өлгісі келмегендері туған жерінен безіп, шетке үрке қашты, көбі Батыс Еуропа елдеріне кетті. Ресейде қалғандары әйелдерінің фамилиясына ауысып, Сібірге, Қазақстанға кетті. Өйткені КСРО-да Романов деген фамилиялы адам атаулыға тергеу жүргізілді. Сол кездері патша әулетіне қатысы жоқ біраз адамдар да босқа өлді».

Жастайымыздан «Күн көсемді» мадақтап өскен біздер сол кезде «апырай-ә» деп ойланып қалған едік. Ленин, одан кейін Сталин, Голощекиндер біздің елдегі хандар мен билердің, батырлардың әулетін, жалпы, революцияны қолдамаған қарапайым шаруаларды да, дін адамдарын да қынадай қырып салған екен ғой.

Революция алдында қазақтың жалпы саны 6 миллион адам болған екен, ал Ұлы Отан соғысы басталар тұста барлығы 3 миллиондай-ақ болып қалған. Өлгені өліп, өлмес күнді іздегендері Өзбекстанға, Қытайға, Ауғанстанға, Пәкстанға, Иранға, Түркияға босып кеткен екен.

Сол жылдары үдере көшкендердің бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде 94 жастағы Бейсенбек Игісінов қарияның айтуынша, сол кездері Өзбекстанға кеткендер өте көп болған. «Өзбекстанның әрбір облысына жүз мыңдаған қазақтар барып паналаған. Ол жақта қазір қазақтар көп», – деп айтып отырушы еді. Ол кісіден және басқа да қария­лардан бұл жөнінде көп естігенмін. «Ал басқа қазақтар қайда кеткен?» – деген сұрағыма бірде Бейсенбек ақсақал: «Күн көсемнің» екпінімен олардың бәрін де жер жұтқан болса керек», – деп күрсіне айтып еді.

Міне, «Бізге «Күн көсемнің» ескерткіші керек пе еді?» деген тақырыппен жария­ланған мақала менің есіме осы жайларды түсірді. Соған қарағанда, Лениннің басқаруымен осыдан тура 100 жыл бұрын орын алған Ұлы Қазан төңкерісінің қазаққа пайдасынан гөрі зияны көбірек тиген-ау деп ойлаймын.

Тыныштық ДАУЫЛБАЕВ.

Шаян ауылы.

Бәйдібек ауданы.

Тыныштық Дауылбаевтың байланыс  телефоны: 8-775-127-31-46.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ