Сауд Арабиясында не болып жатыр?

13.11.2017
Қаралды: 1450

Бүгінде әлем жұртшылығының назары Сауд Арабиясы мемлекетіне ауып тұр. Себебі мұнда бірнеше ондаған ханзадалар, миллионерлер мен миллиардерлер қамауға алынды. 

Ресми жарияланған деректерге қарағанда, оларға кезінде су басқан Жидда қаласын қалпына келтіруге бөлінген миллиондаған доллар қаржыны талан-таражға салған, лауазымын теріс мақсатқа пайдаланған, пара алған, заңсыз ақша айналымына қатысқан деген күдіктер келтіріліп отыр.

11-і – қамауда, 2-еуі қаза болды

Бәрі Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Азиз аль-Саудтың елде Коррупцияға қарсы комитет құрғанынан басталды. Король бұл комитетке өзінің ұлы, мұрагер ханзада Мохаммад бин Салманды басшылыққа қойды. Ал ол қаржыны талан-тараж­ға салғандардың барлығын да лауазымы мен туыстық қатынасына қарамай аяусыз жазалайтындарын айтып жар салды.

Арада көп өтпей бұл елде корольге туыстық қатысы бар 11 ханзаданың және бірнеше бұрынғы және қазіргі мемле­кеттік лауазымды қызмет­керлердің – барлығы 60-тан аса адамның қамауға алын­ғаны белгілі болды. Осының алдында ғана ханзада Мансур бен Мукрин ұшақ апатында қаза тауыпты, тағы бір ханзада – Абдул-Азиз ибн Фахд өзін коррупцияға қатысы бар деп тұтқындауға Ұлт­тық гвардия сарбаздары бар­ғанда солармен атысып, оққа ұшқан екен.

800 миллиард доллар қаржысын тәркілемек

Тұтқынға алынғандар бү­гінде Эр-Риядтағы «Ритц-Карл­тон» отелінде қамауда отырғаны туралы айтылуда. Олардың қатарында әлемдегі ең бай адамдардың бірі, жұртшылық «Арабиялық Баффет» деп атап жүрген, тұтқын­ға алынғанға дейін байлығы 18 миллиард долларға тең деп бағаланған ханзада Валид бен Талал ибн Абд аль-Азиз аль-Сауд та бар.

Сауд Арабиясының үкіметі тұтқындалған ханзадалар мен министрлердің, шенеуніктер мен бизнесмендердің жеке есеп-шоттарынан 800 миллиард доллар қаржыны  тәркі­леп, онымен мемлекеттік бюд­жеттің кем-кетігін толықтырмақ ниетте. Ал бұл елдегі бюджет жетімсіздігі өткендегі мұнай құнының құлдырауы кезінде туындаған екен.

Дегенмен осынша ақшаны тәркілеу де оңай шаруа емес. Өйткені бұл адамдардың көбінің есеп-шоттары өзге ел банктерінде сақтаулы. Оларды қолға түсіру үшін көп  жұмыс істеу керек.

Бүгінде бұл оқиғаның сая­си астары бар деп те айтылуда. Кейінгі кездері бұл елдің билігінде отырған Сауд­тар әулетінде таққа талас жүріп жатыр деседі. Король осының алдын-алу үшін  өзі­нің үшінші әйелінен туған үл­кен ұлы Мохаммад бин Салманға жол ашып жатқан көрі­неді.

Атасынан 45 ұл тараған

Осы орайда Сауд Арабия­сының тарихы жөнінде айта кеткен де артық болмас.

Бұл ел әлем картасында 1932-жылы пайда болған. Сол кездері мұндағы Осман империясынан азат болып, дербес жатқан әмірліктерді біріктіру үшін күрес жүрген. Осы соғыста Нежд тайпасының әмірі Абдул-Азиз ибн Абдурахман ибн Фейсал аль-Сауд жеңіске жетіп, әмірліктерді біріктірген. Сөйтіп Сауд Арабиясының тұңғыш Королі болған, ел осы Саудтар әулетінің атымен атал­ған.

Абдул-Азиз ибн Абдурахман ибн Фейсал аль-Сауд 22 жыл билік құрған. Оның бірне­ше әйелдері болған, артында 45 ұлы қалған. Осы «балалар» Сауд Арабиясын әлі күнге дейін басқарып келеді.

Қазіргі Король әрі Премьер-министр Салман ибн Абдул-Азиз аль-Сауд таққа 2015-жылы, 80 жасында отырған. Оның үш әйелінен туған 12 ұл, 1 қызы бар. Кешегі құрылған Коррупцияға қарсы комитеттің басшысы қызметіне тағайындалған Мохаммад ибн Салман аль-Сауд – Корольдің үшінші әйелінен туған үлкен ұлы.

Тақ мұрагерлігінің тәртібі бұзылды

Жалпы, Сауд Арабиясында патша тағы осыған дейін ағадан ініге беріліп келген еді. Мұндай жағдайда немерелерге таққа отыру қиын, сондықтан олар осыған наразы болып келген. Дегенмен бүгінде елдегі басқарушы-атқарушы биліктің біраз тармағын және басқа да маңызды лауазымдарды осы немерелер ием­де­ніп отыр. Олар билікте реформа жасап, абсолютті монархияны аздап та болса шектеуді көздейді. Осы және басқа да көзқарастары, сондай-ақ кейбір немере-ханзадалардың жағымсыз қылықтары кейін оларға қарсы істер қозғалуына себеп болды.

Жалпы, Сауд Арабиясы билігіне Салман ибн Абдул-Азиз келгелі біраз нәрсе өзгерді. Ол мұрагер ханзада Мукринді (өзінің ең кіші інісін) денсаулық жағдайына байланысты деген желеумен отставкаға жіберді, орнына немере інісі Мохаммад ибн Наифті тағайындады. Оны түрлі мақсаттарға пайдаланып, орнын кейін өз ұлы Мохаммадқа әперді. Яғни Сауд Арабиясында тақ енді ағадан ініге емес, әкеден балаға ауысатын болды. Әу бастан қалыптасқан тақ мұрагер­лігінің тәрті­бі бұзылғасын сарай ішіндегі тартыстар да күшейе түсті.

Қысқасы, мұнда таққа талас жүріп жатыр. Саяси қарсыластардың көзін жою, оларды залалсыздандыру басталды дейді кей сарапшылар. Олардың пайымынша, бұл істе АҚШ-тың, сондай-ақ әрқайсысы өз мүд­десін көздеген басқа да сыртқы күштер­дің өзіндік «үлес­тері» бар.

Әулетінде 25 мыңдай адам бар

Бүгінде бұл мемлекетте Саудтар әулетінен тараған 25 мыңдай адам бар. Осының ішінде 700-ден астам ханзадалар мемлекетте түрлі ла­уазымды қызмет атқарады, олардың әрқайсысы белгілі бір жағдайда тақ мұрагері болуға құқылы.

Ал Сауд Арабиясында бүгінде 33 миллионнан аса адам тұрады, олардың 30 пайыздан астамы – шетел­діктер. Олар негізінен осындағы қара жұмыс күші есе­бінде.

Сауд Арабиясы – әлемдегі бай елдердің бірі. Оның экономикасы негізінен мұнай өн­ді­ріп, оны өңдеу және мұнай мен оның өнімдерін сыртқа шығару және туризм арқылы өркендеп отыр. Мұнай өнді­руден түскен қаржы ел бюд­жетінің 75 пайызын жабады.

Кей деректерге қарағанда, Сауд Арабиясы аумағындағы зерттелген мұнай қорының өзі 260 миллиард баррельді құ­рай­ды. Бұл бүкіл Жер шарындағы зерттелген мұнай қорының  24 пайызы, яғни төрттен бірі.

...Міне, бұл бай елдің ішін­де, тақ төңірегінде ке­йін­гі кезде осындай жағдайлар болып жатыр.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ