5 бүркіті, 2 қаршығасы бар құсбегі

13.11.2017
Қаралды: 905

Қазақтың құсбегілік өнері бүгінде әлемді тамсандырып жүр. Тіпті байлығы шалқыған,  халқының тұрмыс-салты қазақтың қазіргі күйінен әлдеқайда артық елдер де біздің құсбегілерге қызыға қарайды. 

Оған Монғолиядағы қандасымыз – құсбегі қыз Айшолпан туралы арнайы фильм түсіріліп, оның әлемдегі ең танымал «ВВС» арнасынан көрсетілгені дәлел болса керек.

Бүгінде осы бір бекзат өнерді ел ішінде насихаттап, көпке үлгі болып жүрген жандар да жеткілікті. Солардың бірі – Кеуеновтер әулеті. Сонау бабасынан бері әулеттің «хоббиіне» айнал­ған құс­бегілікті бүгінде Жомарт мырза жалғастыруда. Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылдық округі, Кеңесарық ауылында тұратын құсбегімен тілдесіп, қыран баптаудың қыр-сырын сұрадық.

«Әкем Паңсабек бүркітші еді, – дейді Жомарт Кеуенов. – Ол кісіні жұрт Паң құсбегі деп атайтын. 2014-жылы, 97-ге қараған шағында өмірден өтті. Саналы ғұмырын құсбегілікке арнады. Алатау сілемдері мен шатқалдарынан, Сілтілі, Суаната, Сарыайғыр өзендері бойынан бүркіт ұстайтын. Тіпті ол кісінің әкесі, атасы да өнердің осы түрін серік еткен екен. «Төрт  атамнан бері құсбегілікпен айналысамыз» деп әкеміз аңыз қып айтып отыратын. Әкемнің Ағыбай, Сарыбай, Мантай деген нағашылары да бүркіт баптайтын өнерімен елге танылған екен. Қаннан берілген қасиет болса керек, өзім де еш ойланбастан өнердің осы түрін серік еттім. Қазір ізімнен ерген төрт ұлым да қолғанат болып жанымда жүр. Бүркіт баптауды әжептеуір меңгеріп алған».

Жомарт мырзаның бүгінде 5 бүркіті, 2 қаршығасы бар. Оларға күтім жасаудың өзі әжептеуір уақытты, білімді талап етеді. Мезгілімен жемін беру керек. «Жаттығуын да белгіленген тәртіп бойынша жасатып отырған жөн», – дейді құсбегі.

«Негізі қаршыға біз жақта көбеймейді. Ол – жыл құсы сияқты, қыркүйектің аяғы, қазан айының соңына дейін Ресей жақтан, Солтүстік Қазақстаннан Пәкстан, Үндістан жаққа қарай ұшып өтеді. Сол кезде жолын күтеміз, арнайы тор қоямыз. Кірпік қақпай күзететін күндер көп болады. Негізі түздің құсы қолбалаға қарағанда жуастау келеді. Бірақ жатбауыр, қашаған болып, еркіндікті аңсап тұрады. Ал енді қолға түскесін оның пейілін байқаймыз. Томаға саламыз, аяғына бау салып, қолға қондырамыз. Қызыл (ет) көрсетеміз. Егер құс қызылды емін-еркін жей бастаса, демек, үйретуге келеді деген сөз.

Құстың шабыты таң ат­қанда, сосын түстен кейін келеді. Таңғы уақытта балалардың сабағы бар болғасын барлық жаттығуды түс қайт­қанда жасаймыз. Бірінші атпен қолға шақырамыз, шырӨғаға, түлкіге саламыз. Ары-бері ұшырамыз. Ет береміз. Негізі  өзі аулаған аңды өзіне береміз. Тойғызып жегізіп аламыз. Егер өзіне бермесең ыза болады да, келесіде құсқа түспей қоюы мүмкін. Бір ескеретін жайт, бүркітке еш­қашан тұрып қалған, тұздал­ған етті бермеу керек, ол қауіп тудыруы мүмкін», – дейді құсбегі азамат.

Күн суытып келеді, енді Жәкең қырандарымен аң аулауға шыға бастайды. Ал наурыз айының соңына қарай қырандарды түлетуді бастайды. Құсбегінің айтуынша, бүркіт түлегенде кәдімгідей құйрық-қанаты ескіріп, тозып, сетінеп шыға келеді екен. Тек бір қауырсынның түсіп-шығуы үшін шамамен 70 – 80 күндей уақыт керек көрінеді.

...2010-жылы Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық ұлттық  спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің ма­мандандырыл­ған спорт мектебінен саятшылық бо­йынша дәріс беретін «Бүркіт» дейтін бөлім ашыл­ған. Жомарт Кеуенов сол жерде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Дегенмен қыран құсқа қала ауасынан гөрі даланың, таудың таза ауасы пайдалырақ бол­ғасын сабақтар Жәкең тұратын ауылда өткізіледі екен.

Ол кісі тек құсбегілікпен ғана айналыспайды, сондай-ақ қыран баптауға қажетті жабдықтарды жасауды да бір кісідей меңгерген. Яғни биалай, томаға секілді бұйымдарды өзі жасап алады.

Атадан балаға мирас болып келе жат­қан дәстүрлі кәсіпті, бұйыртса, енді Жомарт мырзаның ұлдары жалғастырмақ.

«Балаларым өскен сайын олардың қандай салаға бейім екені білініп жатыр. Ең үлкенім Мырзадәулет техникаға құмар. Дегенмен өзіне ғана үйренген бүркіті бар. Саятшылықтан қол үзген емес. Одан кейінгілерінің бірі әнге, бірі ат спортына әуес. Дегенмен болашақта бүркіт баптауды жалғастырады деп сенемін. Себебі бұл – ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жат­қан мирас. Оны дәл бүгінгідей саятшылық ұмыт бола бастаған тұста тастап кету, кенжелету арымызға сын болады», – дейді Жомарт Кеуенов.

Жомарт мырзаның бары да нары да – бүркіттері. Соларды баптап бала-шағасының несібесін тауып отыр. Онысымен қоймай қаншама шәкірт тәрбиелеп, зор сауап­қа кенелуде. Ендеше, бұл азаматтың ісіне береке берсін дейміз.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ