Органға қызметке тұрғызамын деп 4 мың долларын алған екен

08.11.2017
Қаралды: 789

Бүгінде алаяқтық оқиғалары көбейіп тұр. Оңай олжа жолында ештеңеден тайынбайтындар жетім-жесірдің де көз жасына қарамайтын болды. Таяуда біз осындай бір оқиға жөнінде естідік. Сосын бұл туралы газетімізде жазуды ұйғардық.

Бүгінде Э. есімді әйел құқық қорғау орындарының табалдырығын тоздырып жүр. Арманы – баласын органға жұмысқа тұрғызамын деп алдап, 4 мың доллар ақшасын сіңіріп кеткен алаяқтан маңдай тер, табан ақымен жиған қаржысын қайтарып алу.

«Осыдан бес жыл бұрын бір танысым ұлымды органға жұмысқа тұрғызып беремін деп уәде еткен еді, – дейді ол. – Балам оқу бітірген, жұмыс таппай жүргесін соның сөзіне сенгенмін. Ақшаны ал­ған адам бұрын Шымкентте тұрған, қазір Алматыда тұрады. Інісі сонда органда жұмыс істейді, балам жұмысқа сол арқылы орналаспақ болды.  Ұлымды Алматыға апарып, «пропискаға» тұрғызғасын сөздеріне сенген едім. Жұмысқа құжаттарын дайындап жатырмыз деп алдады. Қызметінің ақысына 8 мың доллар сұраған еді, мен жағдайымды айтып, соманы 5 мың доллар­ға дейін түсірткіздім. Алғашында 1 мың долларды қолхатпен бергенмін, кейін тағы 3 мың долларды қолхатсыз бердім.

Содан бергі уақытта олар баламды жұмысқа тұрғызған жоқ, ақшаны да қайтармады. Түрлі сылтауларды айтып қашқақтата берді. Ақырында: «Ақшаңды алған жоқпын. Дәлелің жоқ. Қайда барсаң, онда бар!» – деп шықты. Ақылға келер деп біраз күткенмін, бірнеше мәрте ескерткенмін, бірақ олар ақшамды қайтаратын түрі жоқ болғасын полицияға арыздануды шештім.

Содан құқық қорғау орындарына шағымданып едім, одан әзірге ештеңе шықпай тұр. Әлгі адаммен бір мәрте беттестірген еді, ол бедірейіп: «Бұдан ақша алған емеспін», – деп шықты. Заң адамдары да оған нақты ештеңе істей алмай, жұмсақтық танытуда. 1 мың доллар алғандағы қолхатын көрсетсем: «Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен екен», – дейді. Енді не істерімді білмей жүрмін.

Жәрдемі тие ме деп бірнеше адвокаттарға да жағдайымды айтқанмын. Бірақ олар қызметіне ақы сұрайды. Ал менде оларға беретін ақша жоқ. Ақымды әперсе, сол ақшадан алып есептесер едім дегеніме көнбейді».

...Балаңды жұмысқа тұрғызып беремін деген адам­ға алданған әйел осылай деп мұңын шақты. Өзі үш баланың анасы, арқасүйер күйеуі де жоқ екен.

Қазіргідей қиын заманда бар жиған-тергенінен айырылып, жапа шеккен бұл әйелдің халі осылай болып тұр. Оған құқық қорғау орындарының, заңнан хабары бар, жол-жосық көрсететін адамның жәрдемі керек. Бәрінен бұрын оны жылатып, ақысын жеген адамның аяушылығы керек. Оңай олжаға қызығып, күнә жасап отырғандар ертерек ақылға келіп, оның ақшасын қайтарса екен. Жетім-жесірдің көз жасынан қорықса екен. Ең алдымен бұл олардың өздері үшін пайдалы болар еді.

Ал оқырманға айтарымыз, қашанда сақтық дегенді естен шығармаңыз, қай істі болмасын ойланып, жанашыр адамыңызбен кеңесіп істеңіз, әсіресе ақшаға қатысты шаруаларда абай болыңыз демекпіз.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!