Әкімдіктегі кейбір ағайынның әкесін өлтірген жеріміз жоқ еді ғой

08.11.2017
Қаралды: 435

Теріскейдегі ауданнан жағымсыздау жаңалық келіп жетті. Оны естіген кезде көңіліміз түсіп кетті. Мұның кімнің қолымен істеліп отырғанын біз білеміз, әрине...

Бүгінде алдағы жылға баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр емес пе? Барлық аудандарда осыған орай астыртын қарбалас әрекеттер жасалатыны белгілі. Әкімдіктерде «разнарядка» түзіліп, қай газетке қанша дана жазылу керектігі жөнінде төмен жаққа нұсқаулар беріледі. Ондағы тізімге негізінен әкімдіктерді мақтап-мадақтайтын газеттер енгізіледі. Арасында кейбір тәуелсіз газеттер де жүретіні бар. Ол жағын әдетте әкімдікте отырған бір-екі адам ғана шешеді.

Әділін айтқанда, мұндай «разнарядка» жасау заңға мүлде қайшы болып табылады. Бірақ біздегілер заңға пысқырып та қарамай, белден басуды барған сайын үдетпесе, азайтатын түрі жоқ.

Міне, солай жасай отырып, олар өздеріне ұнамаған газеттерді аяқтан шалады. Жұрттың ол газеттерге жазылуына кедергі жасайды. Сөйтіп қарапайым оқырмандардың газеттерді таңдау құқын аяққа таптайды.

Бүгінде дәл осындай көрініс жер-жерлерде жаппай орын алып жатыр. Әсіресе бюджеттен айлық алатын қызметкерлерді өздері қаламаған газеттерге зорлап, қинап жаздыру ісі белең алып тұр. Ал халықта болса да үн жоқ...

Біз теріскейдегі аудан жақтан қандай жағымсыз жаңалық естідік? Енді осыған келейік. Әкімдіктің ішінде жасалып, мекеме-мекемелерге таратылып берілген биылғы «разнарядкасында» көптеген газеттер бар болғанымен, біздің «Замана» газеті енгізілмей тасталыпты. Яғни оны сызып тастаған деген сөз. Сызып тастаған адамның кімдер екенін біз іштей біліп те отырмыз. Бірақ әзірге оны қарғап-сілеуден аулақпыз. Құдай оған пайым-парасат, ой-сана берсін деп тілейміз.

Ойлап қараңыздаршы, ол жақтағы әлгі «разнарядкада» мемлекеттік қана емес, көптеген тәуелсіз газеттер де тұр, тіпті оппозициялық газеттер де бар. Жағымпаздықпен, жандайшаптықпен, бәлеқорлықпен айналысатын басылымдар да тізімде жүр. Бірақ «Замана» газеті жоқ...

Бұл енді көрер көзге алалау емей, немене? Біздің газетіміз ол жақта бүгінде қолы «күзір» болып отырғандардың әкесін өлтірген жоқ еді ғой. Сонда бұл өзі қандай қысастық?

Біз мұндай алалаушылықты мейлінше айыптаймыз! Егер ол қасақана немесе абайсызда жасалған тірлік болса тез арада жөнге салынуын талап етеміз.

Жалпы, аудандағы заңдылықты қадағалаушы мекеме – аудандық прокуратура органында отырған азаматтардан біз қазіргі баспасөзге жазылу науқаны кезінде оқырман құқы аяқ асты болып жатқан жоқ па? – осыған ерекше назар аударуды сұранамыз. Әділдік бәрімізге де керек екені айтпаса да түсінікті ғой.

Ал енді қарапайым оқырман қауымға айтарымыз, жергілікті жерлерде қаншалықты қиянат жасалса да  сіздер өздеріңіз қалаған газеттеріңізге алдағы жылға қалай да жазылуға күш салыңыздар! Солардың ішінде «Замана» газетіне де осы бастан жазылып қоюға шақырамыз!

Біздің газетіміз келесі жылы жаңа форматта жарық көретін болады. Ең бастысы, газет бетінде көптеген шындықтың бетін ашу ойда бар. Бұл орайда теріскейдегі аудандағы атқамінерлер туралы да айтарымыз аз болмасы ақиқат...

Ендеше, алдағы, 2018-ші жылы да бірге болайық, қадірлі оқырман! Қоғамымызда шындық, әділдік үстемдік құруы жолында бәріміз бірге бас біріктірейік!

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!