Ардақ Әшімнің үстінен іс қозғалған ба?

07.11.2017
Қаралды: 2041

Әлеуметтік желі арқылы қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге қатысты батыл әрі ашық пікір білдіретін шымкенттік қоғам белсендісі Ардақ Әшім (суретте) өткен жұма күні өзінің жеке парақшасында: «Осы жаңа ғана өзін Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерімін, Шыңғысхан Қолтаевпын деген тергеуші «мессенджер» арқылы звандады. Ол маған: «Оңтүстік Қазақстан облыстық ақпараттық талдау орталығынан және облыстық әкімшіліктен сіздің үстіңізден арыз түсті. 

«Фейсбукте» жазған материалдарыңыз біздің алдымызда жатыр. Соған байланысты сіздің үстіңізден қылмыстық іс қозғалды. Жедел түрде бізге келуіңіз керек. Қазір келмесеңіз, ертең өзіміз барып алып кетеміз», – дейді. Міне, осылайша менің үстімнен іс қозғалыпты...» – деп жазды. Ардақ ханымның бұл жазбасына көптеген адам пікір білдіріп, өз кеңестерін ортаға салды. Осы орайда біз ол кісінің өзімен тілдесуді жөн көрдік.

– Ардақ ханым, әлгі азаматты сіз бұрын танушы ма едіңіз? Ол кісі тағы не деді?

– Шыңғысхан Қолтай деген біреу осыдан бірнеше күн бұрын маған әлеуметтік желі арқылы достық ұсынған болатын. Ол кезде оның кім екеніне аса назар аудармаған едім. Демек, ішкі істер органдарының қызметкерлері қазір әлеуметтік желілерді жаппай бақылауға алған болып тұр ғой.

– Сіз ол кісіге не дедіңіз? Нақты қай жазбаңыз үшін қоңырау шалғанын іштей сезіп отырған боларсыз?

– Мен оған: «Алдымен маған «повестка» жіберіңіздер, сонда ғана барамын», – дедім. Әзірге тыныш. Не үшін, қайсы ісім үшін шақыртып жатқанын өзім де түсіне алар емеспін. Уақыты келгенде көрерміз деп отырмын. Әзірге тыныш, содан кейін ешкім іздей қоймады.

– Қателеспесек, бұған дейін де полицейлер тарапынан ескерту, шақырту алғансыз. Ол кезде қандай жағдай орын алған еді?

– Иә, өткен жылы жерге қатысты заңға өзгертулер енгізбекші болғанда бірнеше мәрте өз пікірімді ашық білдіргенмін. Ол кезде Шымкент қаласы, Абай аудандық полиция бөлімінің қыз­мет­керлері келген.

– Жалпы, осындай жағдайда адам не істеуі керек?

– Мен ең алдымен куәліктерін сұраймын. Сосын асықпай аты-жөндерін жазып аламын. Содан кейін арнайы шақырту қағазы бар ма, жоқ па, соны талап етемін. Кей кездерде олар күштеп алып кетуге әрекет жасайды. Ондайда есікті ашпаған жөн. Ал білместен ашып қойсаңыз, онда дереу көрші-қолаңды көмекке шақыру керек. Күштеп әкету деген дұрыс емес. Құқық қорғау органының қызметкерлері алдымен сізге «повестка» жіберуі керек. Қоңырау шалып шақырды екен деп шауып баруға болмайды. Мүмкін ол полицей емес, басқалай ойы бар қылмыскер шығар. Сондықтан мұндай жағдайда аса сақ болған дұрыс.

– Құдай бетін ары қылсын, өміріңізге де қауіп төнуі мүмкін ғой. Жалпы, сіз пікіріңізді ашық білдіретін адамсыз. Мұның бәрі сізге не үшін керек деп жүргендер бар...

– Мынау азғындаған қоғамда, сыбайлас жемқорлық жайлап, ұры-қарылардың мұрты майланып тұрған әділетсіз заманда қалай тып-тыныш отыруға болады? Мен олай ете алмаймын. Тым құрығанда осылай азаматтық позициямды білдіріп, әлгіндей былықтармен қоғам болып күресуге шақыруды өзімнің адами борышым деп есептеймін.

– Ендеше, сәттілік тілейміз. Аман болыңыз!

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ