Жәмила бүйрек ауыстырды

07.11.2017
Қаралды: 1836

Өткен жылы біз қос бүйрегі бірдей істен шығып, ауыр науқасқа шалдыққан бойжеткен жайлы бірнеше рет жазған болатынбыз. 

«Замана» ұжымы Жәмила Байсерікованың көпшіліктен көмек сұраған бейнебаянын «Ютуб» желісіне де жариялаған-ды. «Өмір сүргім келеді!» деп шырылдаған бойжеткен онда бүйрек алмастыру операциясы үшін 5 миллион теңге қаражат керектігін айтқан еді. Міне, осы мәселе арада жылдар салып, ақыры өзінің оң шешімін тапты: Жәмила бүйрек ауыстырды.

Өкпесіне де ота жасатыпты

«Сіздермен сүйіншімді бөліскім келеді. Қиналған күндерімде жылы сөздері­ңізбен жұбатып, жағдайымды жазып, көпшіліктен көмек ұйымдастырған ұжыммен қуанышымды бірінші болып бөліспекпін, – деді Жәмиланың анасы бізге қоңырау шалып. – 20-шы қазан күні Алматыда Жәмилаға операция жасалды. Бүйрегін ауыстырды. Қызыма Абзал деген жігіт донор болды. Ол – Орал қаласының тумасы. Абзал Әділов Жәмилаға бір бүйрегін өз еркімен, тегін берді. Танысымыз емес, туыстық қатысымыз жоқ жігіттің бұл қадамын мен ерлік деп бағалаймын. Өзі Жәмиламмен жасты екен. 25-те. Абзал балама аналық жүрегіммен алғысымды біл­діремін.

Біз Алматыға ойламаған жерден, табан астында бардық. Алдында операцияны Шымкентте жасатамыз деп жүргенбіз. Абзал екеуінің қан тобы мен басқа да анализдері сәйкес шыққанымен, оның бізге туыстық қатысы жоқ бол­ғандықтан уақыт созылып кетті. Сосын бір Аллаға сеніп, тәуекел етіп, көзді жұмдық та, тамыздың 13-і күні Алматыға тартып кеттік. Бар құжатымызды арқалап, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына бардық.  Жағдайды түсіндіріп, донор да да­йын екенін айттық. Қолымызда бір бума құжатымыз бол­ғанымен, мұндағы дәрігерлер барлық анализдерді толығымен қайтадан тапсыру керегін ескертті.

Сөйтіп жүргенде үшінші күні Жәмиланың қан қысымы 220-ға көтеріліп, Қалқамандағы 7-ші аурухананың жансақтау бөліміне түстік. Қызым онда 17 күн ем алды. Одан шығып, күнара гемодиализ, одан кейін   анализ тапсырамыз деп жүргенде тағы да қан қысымы көтерілді. Бұл жолы ауруханада 10 күн жаттық. Дәрігерлер қызымның өкпе­сінде 1,5 литр су бар деді. Шымкентте дәрігерлер ондай ештеңе айтпаған болатын. Әлде байқамады ма, әйтеуір тек қанын тексеретін. Өкпесі туралы ештеңе айтқан емес. Жәмиланың ентігіп, төрт жастыққа сүйеніп отырса да ұйықтай алмайтыны содан екен.

Өкпедегі суды арнайы шприцпен алды. Енді жақсы бола бергенде 3-4 күннен кейін тағы да 1,8 литр су бар болып шықты. Өкпеге неге су толып қала беретінін анықтау керек болды. Дәрігерлер: «Егер бұл ұзақ уақыт гемодиализ алғаннан ағзаның шаршауы, тозуынан болса, онда операция жасауға болады. Ал басқа ауру болса, онда операция жасатуға рұқсат ете алмаймыз», – деді.

Сөйтіп 10-шы қазан күні Жәмиланың бүйрегінен бұрын өкпесіне операция жасаттық. Дәрігерлер қызымның өкпесінен кішкентай тілік алды. Оны тексеріп, өкпеде ешқандай ауру жоқ деген қорытынды жасады.

Операция алдындағы азапты күндер

Біз Алматыға бір айға ғана деп барғанбыз. Бүйрек алмас­тырып, кері қайтамыз дегенбіз. Осы әуремен екі ай жүріп қалдық. Қызым ауруханада, өзім маған көмек көрсетіп жүрген «Қайырымды жандар» еріктілер тобындағы бір жас қыздың пәтеріне бір айға қоныстанған едім. Таныс не туыс жоқ қалада екінші айда барар жер таппай қиналып қалдым. Біздің жағдайымызды газет пен әлеуметтік желіден оқып-біліп, жағдай сұрап тұратын бір жігіт бар еді. «Өнер қырандарындағы» Құдірет есімді азамат. Абырой болғанда, сол хабарласып қалды. Жағдайымды естіген соң пәтер ақысын төлеп берді. Шынымды айтсам, Құдіреттің пәтерге екі айға қанша ақша төлегенін де білмеймін. Қызымның өмірі үшін арпалысып жүріп, оны сұрауға да шамам болмады. Тек алғысымды айтып, жылап жібердім.

Пәтер мәселесі шешіліп, өкпе анализі анықталған соң Жәмила А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында тағы бір ай жатты. Гемодиализді сол жерде қабылдап, анализдерін тапсырдық. Сол кезде құлағында шу пайда болып, қызым нашар еститін болып қалды. Осы себепті ЛОР-дәрігер операцияға жібермеуіміз мүмкін деді. «Жанымды шүберекке түйдім» деген сөз осындайда айтылады екен ғой. Бүйрек ауыстырамыз деп барып, оның орнына басқа дерттермен алысқандағы уайымымды айтып жеткізу мүмкін емес. Қызымның жағдайы қалай болады деген оймен үш ай ұйқы көрмедім. Алла мұндайды ешкімнің басына бермесін!

Сонымен не керек, құлақтағы шудың себебін анықтау үшін сабылдық. Тексерулер Жәмиланың құлағы 63 пайыз ғана еститінін көрсетті. Сонда ЛОР-дәрігерлер әулетімізде құлағы керең немесе нашар еститін адам бар-жоғына дейін сұрады. Құлақтағы шу  мен нашар естуі қан қысымының ұдайы көтерілуі мен гемодиализ салдары болып шықты. Екі нефролог операция сәтті өтсе, қан қысымы қалыпқа келген соң құлағы біртіндеп ашылады деген қорытынды жасады. Ақыры дәрігерлер бір ауыздан ағзасы жас кезде операция жасаса, бүйрек тез үйреніп, Жәмила қалыпты өмірге оралады деді. Сөйтіп операцияға рұқсат берді.

Абзалға аналық алғысын айтты

Алматы Шымкентке қарағанда салқын ғой. Мен қызымның жағдайымен әуре болып жүргенде Абзал суық тиіп ауырып қалды. Ол да біраз күн ем алды. Жәмила екеуінің шашының ұшынан тырнағына дейін түгел тексеруден өткіздік. Ағза алмастыру үшін екеуінің де он екі мүшесі сау болуы керек екенін дәрігерлердің бәрі де қайта-қайта ескертіп отырды. Тіпті Жәмила мен Абзалдың тісіне дейін емдеттік. Шымкентте бізге гемодиализден кейін қаны сұйылып кетеді, тіс емдетсе де қан тоқтамай қалуы мүмкін дейтін. Сөйтіп тісі ауырса да емдетуге қорқушы едік. Өз ісіне жуапты, дұрыс дәрігер жолықса, бұл мәселені де шешуге болатынын енді білдік.

Шымкенттегі дәрігерлер Абзалдың бізге туыстық қатысы жоғын біледі. Операция осы мәселеге орай созылып кетіп еді. Күмәндары болды ма, кім білсін? Алматыда бізді олай сандалтқан жоқ. Бүйрегін өз еркімен тегін беріп жатқанын растайтын құжат әкел деді. Оны нотариус 1200 теңгеге рәсімдеп берді. Сөйтіп 20-шы қазан күні таңғы сағат 8-де Жәмила мен Абзалды операцияға алып кетті. Түс қайта сағат 3-тен кейін «Сәтті өтті» деген сүйіншілі хабар естідім. Ешқашан бітпестей көрінген үш жылғы уайымым мен азабым осылай сейілді.

Абзал балам төрт күннен кейін ауруханадан шықты. Жағдайы жақсы. Көңіл-күйі қалыпты. Оған аналық алғысымды айтып, бетінен сүйіп шығарып салдым. Ол Оралдың жігіті. Құрылыс саласында жұмыс істеген. Біздің операцияға дейін арпалысқан күндерімізде 4 айға дейін жанымызда жүрді. Қиналған сәтімізде бәрі жақсы болатынын айтып, жұбата сөйлеген азаматтығының өзі бір төбе! Анасы оның бүйрегін Жәмилаға бергенін біледі. Баласының шешіміне қарсы болған жоқ. Осындай кең жүректі азамат тәрбиелеген анасына мың алғыс!

Жәмила әлі әлсіз. Ұзақ уақыт ауырғандықтан ағзасы әлсіреп қалған. Оған әлі де күтім керек. Қабылдайтын дәрілері де көп. Әр сағат са­йын өзім қадағалап, дәрі беріп отырамын. Бірақ үш жылғы уайыммен салыстырғанда ол енді біз үшін түк те қорқынышты емес. Дәрігелер бүйрек толық орнығып, қан қысымы қалыпқа келген соң құлағы біртіндеп ашылады деді.

Алматының дәрігерлеріне айрықша риза

Операцияны «А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов, бас дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Алмат Чорманов, урология-трансплантология бөлімінің меңгерушісі Равиль Ибрагимов және уролог-дәрігерлер Ислам Мададов пен Жаннұр Сырымовтар жасады.

Ең бір риза болған жерім, мұнда дәрігерлер сондай ыждағатты, өте жауапты екен.

Ашығын айтқанда, біз Алматыға ешқандай жолдамасыз барғанбыз. Бірінші топ мүгедегі екенін көрсеттік, болды. Дәрігерлер тарапынан ақша дәмету, сұрау деген нәрсе болған жоқ. Жолдамаң жоқ демеді. Операцияға дейін де, одан кейін де әр дәрігер жеке-дара келіп, Жәмила мен Абзалдың жағдайын сұрап, не ішіп, не жеп жатыр, қандай дәрі қабылдады, іші қатып қалған жоқ па, бүге-шегесіне дейін сұрап, тексеріп тұрды. Емдеуші дәрігері бар ғой деп қоя салмайды.

Иә, қайғыдан қан жұтқандай қиналған күндерімде қызымның жағдайын бірнеше рет жазып, арнайы бейнебаян түсіріп, көпшіліктен көмек ұйымдастырған «Замана» газетінің ұжымына алғысым ерекше! Сіздер менің қызымның өмірін құтқаруға көмек­тестіңіздер. «Қайырымды жандар» еріктілер тобы мүше­лерімен танысып, олардан да көмек алуымызға мұрындық болдыңыздар. Жақыныңнан жәрдем күтудің өзі қиын мына уақытта осындай қамқорлық таныта білген сіздерге және көмек қолын созған барша оқырмандарға бас ие отырып, аналық алғсымды айтамын. «Қайғыны бөліссең – азаяды. Қуанышты бөліссең – көбейеді» дейді ғой.  Қайғымды бөлісіп, оны жеңіп шығуға көмектескен көпшілікпен енді қуанышымды бөліскім келеді».

...Бізге Алматыдан хабарласқан Құрманкүл Құлмырзаева (суретте) осылай дейді. Оның айтуынша, Жәмилаға бейтаныс жігіттің бір бүйрегін бергенін естіген бірнеше телеарна тілшілері сұхбат беру, арнайы бағдарлама ұйымдас­тыру жайлы ұсыныс тастапты. Бірақ Қ.Құлмырзаева одан гөрі қазір қызына күтім жасау маңызды екенін айтады. Өйткені Жәмиланы әлі ұзақ уақыт емдеу-оңалту ісі күтіп тұр.

Бүгін анасы Жәмиламен бірге Алматыдан Шымкентке ұшып келді.

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ