Неге әкелді? Неге әкетті?

07.11.2017
Қаралды: 1380

Бұл сұрақтар 2015-жылдың тамыз айы­нан кешегі 31-қазанға дейін Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған Ғабидолла Әбдірахымовқа байланысты. Яғни оның қызметінен кетуі жұртқа тұтқиыл тосын жаңалық сияқты әсер етуде. 

Облыс орталығына әкім болып тағайындалғанында да жұртшылық осыған дейін Астанада лауазымды қызметтер атқарған адамды неге Шымкентке «шеттетті» екен деп біраз таңқалысқан еді. Біреулер: «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқығандықтан жоғары сенім білдіріпті, Шымкентті көркейтеді екен» деп, енді біреулер: «Елордада бір қателік жіберіп қойыпты, сосын қызметі төмендетіліпті», – десіп жатты.

Қалай болғанда да Ғ.Әбдірахымов жұртты таңқалдыруын келген беттен-ақ жалғастыра берді. Оның әрбір осындай әрекетін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер жарыса жазумен болды. Сөйтіп жаңа әкімнің атағы дүркірей түсті. Мұндай қолпаштау Шымкенттің бұрын­ғы-соңғы әкімдерінің қайсыбіріне жасалғаны жұрттың есінде жоқ шығар. Әлеуметтік желілер арқылы ол өзге де облыстарға, тіпті шетелдіктерге де танымал адамға айналды. Мысалы, бір кездері әлеуметтік желіде «Шымкенттің жаңа әкімі мен Лондон қаласының мэрі, түбі пәкстандық азамат Садық Хан өзара ынтымақтастық жөнінде кеңесіпті» деген тұрғыда да сөз таралғаны белгілі.

Ғ.Әбдірахымов әкімдік қызметке орналаса салысымен Шымкентті келген адам қимастай, кетерінде жылап қоштасардай керемет қалаға айналдырамыз деп жар салды. Кейін осыған қатысты біраз істерді бастаған суреттері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланып та жатты.

Ғ.Әбдірахымов Шымкенттің экологиясын сауықтыру үшін қала жұртшылығын жаппай велосипедке отырғызбақ болып үлкен бір шаруаны бастады, қалаға бірнеше ондаған велосипедтер алдырып, оларды қала ішіндегі арнайы орындарға жайғастырды. Әкім қала орталығындағы біраз жолдар мен аяқжолдарды тас-талқан етіп бұзғызып, жаңасын төсетті. Ондай жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Ол кісі қала ішіндегі түрлі аумақтарға мыңдаған ағаш көшеттерін еккізді. Қалаға жаңа типтегі аялдамалар салдыруды бастады.

Таяуда ғана Ғ.Әбдірахымов Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне қызметтік көлікті пайдалануға тиым салды. Бір айға. Олар жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынауға тиіс болды. Бұл шараның мақсаты қала жұртшылығының жайымен, қоғамдық көлік қызметінің сапасымен танысу және анықталған кемшіліктерді жою үшін деп түсіндірілді.

Қысқасы, Шымкентті басқарған екі жылы ішінде Ғ.Әбдірахымовтың талай бастамаларына куә болдық. Бір қызығы, соның барлығы да әлеуметтік желілер арқылы жалпақ жұртқа жария болып жатты. Ғ.Әбдірахымовтың көшет егіп жатқан, велосипедпен жүрген, жүгіруден марафонға қатысқан, лықа толы қоғамдық көлікке үлгермек болып оның артынан жүгіріп келе жатқан және тағы басқадай ерекше суреттері ғаламтор бетінен түскен жоқ.

Осының бәрі Шымкент әкімінің және оның төңірегіндегілердің жағымды «пиарды» шебер жасай білетіндігін көрсететін сияқты.

Әйтсе де Ғ.Әбдірахымовты осынша белсенділікке не ынталандырды екен деген сұрақ та туындамай тұрмайды. Мүмкін оның өте іскер басқарушы ретінде көзге түскісі келген шығар, қайтадан Астанаға ауысқысы келді ме екен?

Жалпы, Ғ.Әбдірахымов жақсы ма, әлде жаман ба, әйтеуір халықпен басқаша жұмыс істеудің бір үлгісін көрсеткен сияқты. Өзгешелеу түрлі бастамаларын, оған деген жұрттың көзқарасын жоғарыдағылар да көріп отыр, мүмкін мұндай әрекеттер партияның жағымды имиджін қалыптастыруда да іске жарайды деп шешкен болар.

Әлде оның «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметіне тағайындалуында басқадай бір сыр бар ма екен? Мүмкін ол оған кезекті бір лауазымға көтерілудегі трамплин болар, кім білген... Әйтеуір Ғ.Әбдірахымовтың төтеннен Астанаға ауыстырылуы жұртты ойға салып қойғаны рас.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ