Тағамнан улану тек жазда болады деп ойламаңыз

07.11.2017
Қаралды: 941

Көпшілік жұрт тағамнан улануды тек аптап ыстық күндерде ғана болуы мүмкін қауіп деп ойлайды. Дегенмен оның басқа кездерде де төндіретін қатері жоқ емес. 

Жалпы, тағамнан уланудың және тағамдық токсикоинфекцияның пайда болуына дайын тағамдарды тасымалдау, оларды дайындау барысында санитарлық-гигиеналық ережелері мен нормалардың өрескел бұзылуы, ұзаққа шыдамайтын азық-түліктің сақтау мерзімінің бұзылуы әсер етеді.

 Тағамдық токсикоинфекция кезінде асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігі зақымдалып, су-тұз алмасуы бұзылады. Ол – қысқа мерзімді жедел жұқпалы ауру. Оның бастап­қы кезінде қоздырғыш көбейіп, адам мен жануарлардың нәжісімен сыртқы ортаға бөлініп, топырақты, суды және тағы басқа жерлерді зақымдап, белгілі уақытқа дейін өмір сүреді. Ол адамға тағам арқылы жұғады. Әсіресе бүлінген шұжық, жұмыртқа, ет, балық, салаттар, сүт және сүт тағамдары, түрлі шырындар, кисель, квас қауіпті.

Жалпы, тағамдық токсикоинфекцияның ауыр түрі өте сирек кездеседі. Аурудың  тұрақты белгілері көбіне іш өтуі, құсу, жүрек айнуы мен іш аймағының ауырсынуы арқылы білінеді. Осындай клиникалық белгілер пайда болған кезде, ауру асқынбай тұрғанда жедел медициналық көмекке жүгіну қажет.

Бұл дерттен сақтану шаралары мынадай: тағам ластануының алдын-алу,  оларды тоңазытқышта сақтау, дайын тағамды тез арада тұтыну, тағам ішер алдында оны термиялық өңдеуден өткізу, яғни тағамдағы бөтен микро­организмдерді жою, жеке бас гигиенасын сақтау.

Тағамнан уланудың ең ауыр түрі – ботулизм. Ол орталық жүйке жүйесін ауыр зақымдауымен сипатталады, арнайы ем қолданбаса, өлімге соқтыратын қатерлі ауру. Оның микробтары табиғатта кең тараған, споралары қоршаған орта әсеріне өте төзімді, топырақта ұзақ уақыт бойы сақталады.Топырақпен бірге суға, азық-түлік, көкөністерге таралады. Ауасыз жағдайда өте улы токсиндер бөліп шығарады.

Ботулизм ауруы көбіне негізінен үй жағдайында дайындап, консервіленген саңырауқұлақ, көкөністерді, қақталған балық жегеннен кейін пайда болады. Әсіресе бұл тағамдар үй жағдайында дайындалғанда қауіптілігі жоғары. Себебі ботулизм споралары жоғарғы температураға төзімді: 100 градусқа қайнатқанда бес-алты сағат бойы сақталады, 1200 градуста 20 минуттан соң ғана тіршілігін жояды.

Ботулизмге ұрынғанда мынадай белгілер байқалады: жалпы әлсіздік, ауыз құрғауы, жүрек айнуы, құсу, іштің бүріп ауыруы, іштің өтуі, көздің бұлдырап, тұмандануы. Ауру күдікті тағам қолданған соң бір-екі сағаттан немесе бірнеше күннен кейін де пайда болуы мүмкін.

Қайнатылмай дайындалатын тағамдар, тұздалған, ысталған балық, шұжықтар 10 градустан төменгі температурада сақталуы тиіс. Қолданар алдында 30 – 40 минут бойы қайнатып алған дұрыс. Үлкен ыдыстарда, көп мөлшерде тұздалған тағамдар дайындау қауіпті, өйткені оның түбінде ауасыз жағдай қалыптасып, ботулизм токсині түзілуі мүмкін. Қалай дайындалғандығы белгісіз, дайындау, сақтау мерзімі көрсетілмеген, ұзақ сақталған тағамдарды кездейсоқ жерлерден, базарлардан сатып алудан сақ болыңыз.

К. РҮСТЕМОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы

қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!