«Тек жарықты, шұғыланы іздеймін...»

14.11.2017
Қаралды: 517

ҚазМУ-дің журналистика факультетінің түлегі, бірнеше жыр жинақтарының авторы, арқалы ақын Жайлаубай Қазиев 70 жастың жотасына шығып отыр. Осы оқиғаға орайлас таяуда Жәкеңнің «Махаббатым – байлығым, биіктігім» атты таңдамалы жыр кітабы жарық көрді.

Біз бүгін мерейтой иесін қос бірдей қуанышымен құттықтай отырып, ол кісіге шабытыңыз шалқи берсін, жазарыңыз көп болсын деген тілек айтамыз. Ал «Замананың» оқырмандарына ақынның шуақты жыр шумақтарын шашу ретінде ұсынғанды жөн көрдік.

       Елім үшін толғанам

Туған жерім – жүрегімнің мекені,

Мекенімнен жылжымаймын екі елі.

Атажұрттың аясында жыр толғап,

Өмір сүрсем, осы маған жетеді.

 

Өлең құсы басқа тегін қонбаған,

Жүрегім бар болатұғын жолға алаң.

Сондықтан да күнді бекер өткізбей,

Еңбектенем, қағаз-қалам қолға алам.

 

Десек адам – бұл өмірдің мейманы,

Жолдас болмас қарын сипап, тойғаны.

Тойлау оңай, оңайлықпен келмейтін

Өлең кәне, өлең сыйлар ой кәне?

 

Осыны ойлап күні-түні алаңмын,

Жыр тумаса ақын үшін қараң күн.

Өзім кіші болғаныммен, Елім деп

Толғанғанда жүрегі үлкен адаммын!

 

Мықты болсаң  әйел жанын ұғып көр

Кем бе әйел сенің туған анаңнан,

Алып көрші, кәне, бір сәт санаңнан.

Қаңырайды өнебойың құлазып,

Бейне жандай торға түсіп қамалған.

 

Өмір деген тоқсан тарау бұралаң,

Еркек емес, әйел үйді құраған.

Саған қамқор болсын қайдан ол анық,

Әйеліңдей, әйеліңдей бір адам.

 

Әйел жанын мықты болсаң ұғып көр,

Жақсы әйелмен жақсы атанар жігіттер.

Болса сенің асыл жарың ақылды,

Орындалар талай арман, үміттер.

 

Ей, ағайын, ей, адамдар, ақындар,

Әйелдерді жырласуға хақым бар.

Айналаңа саған әйел арқылы,

Туыс және жиналатын халқың бар.

 

Әйелдермен жайнап жылдар, ғасырлар,

Дүниеге келген не бір асылдар.

Бұл өмірдің құдіретін, шаттығын,

Тек соларға шашу етіп шашыңдар!

 

Жүрегімде шалқып жатыр асқақ ән

Таңдарым көп әлі менің атпаған,

Қонып жүр ме, қонбай жүр ме бақ маған?

Тек жарықты, шұғыланы іздеймін,

Қараңғыдан, қараулықтан сақтанам.

 

Жүрегімде шалқып жатыр асқақ ән,

Қазынам бар, халқым, саған ақтарам.

Күркіресе көңілімнің аспаны,

Жаңбыр-жыр боп төгілуге шақ қалам.

 

Кір іздемен үлпілдеген мақтадан,

Ақ әлемді қаралаудан сақтанам.

Кезген сайын ой-қиялдың әлемін,

Ғажайып бір суреттерге тап болам.

 

Тұлпар болмас ұлы дуда шаппаған,

Сұңқар болмас биік қанат қақпаған.

Біреу үшін өзімді сәл ұмытып,

Еңбек етсем, сол үшін де мақтанам!

 

Гүл ектің өмірімнің бақтарына

Жабығып жалғыз жүрген шақта мына,

Гүл ектің өмірімнің бақтарына.

Жаным-ау, сенің бейнең мұңаймасын,

Жадырай бер шаттықпен ақтарыла.

 

Арымсың сен ең асыл сезімдегі,

Орда бұзған от-жүрек кезімдегі.

Мені сонша еріксіз ынтықтырды,

Тұп-тұнық көзің мені, өзің мені.

 

Жүргенде жүгенсіздеу уақыттарым,

Сен болып жарқырады бақыт таңым.

Жүрегіме жүрегің құйылады,

Махаббат боп менің жыр шабыттарым.

 

Күңгірт еді күндізгі күндерім де,

Ал қазір ақ сәулелі түндерім де.

Махаббатым, байлығым, биіктігім,

Еркелеумен елжіреп күлгеніңде.

 

 Ынтықпын мен өмірге

Қоздатып ойды тереңнен,

Ағытып сөзді көгеннен.

Өлеңмен бірге аттанып,

Арманды іздеп келем мен.

 

Алаулап сезім көгімде,

Мөлдіреп тұнған көңілде.

Жүрекпен, қызу қаныммен,

Ынтықпын ізгі өмірге.

 

Өріліп өлең шумағы,

Кеудемде шабыт тулады.

Өлеңнің сәуір шапағы,

Жанымды менің нұрлады.

 

Самғай бер, самға, өренім,

Өлеңім – қымбат өнерім.

Сен жүзген мұхит-кеменің,

Ескегін есіп келемін.

 

Тербеліп жаным өлеңмен,

Күннің де нұрын өбем мен.

Бұлбұлым, сайра дамылсыз,

Еңбегім сонда еленген.

 

Өнерсіз болсам нетем мен,

Тексіз босқа өтер күн.

Шалқып келіп шабытым,

Дүниеге сыймай кетемін.

 

Сезімді ойға берілем,

Адалдық сырмен көрінем.

Соға түс, жүрек, толассыз,

Тіл қатам жырдың елінен.

 

Бұлағын жырдың бастадым,

Болар деп биік асқарым.

Теңіздей тасып телегей,

Шабыттың жалын ұстадым.

 

Ер-тұрман салып көрейін,

Өзіңе, тұлпар-өлеңім!

Қаншама асау болсаң да,

Қайратым барда сенемін!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!