«Замананы» жанына «Жас дәурен» кезінен бері серік еткен

06.11.2017
Қаралды: 493

Түлкібас ауданының Т.Рыс­құлов ауылында тұратын Темірбай Жәрімбетов есімді азаматты мен жақында аудан орталығындағы «Береке» базарының газет-журналдар сататын дүңгіршегінен көріп қалдым. 

«Замананың» жаңа нөмірі бар ма?» – деп анадайдан дауыстай кірген оны газет сатушы қыз жақсы танитын болып шықты. «Міне, аға, сіздің газетіңіз. Жолыңыз болады екен. Тура сіз келер алдында сатылымға түсті», – деп сатушы қыз күлімдей түсіп, ол кісінің қолына жаңа газеттерді ұстата берді.

Темірбай  «Замананың» жаңа нөмірімен бірге оның қосымшасы – «Тылсым дүние» газетін де сатып алды.  Дүңгіршектен шығып бара жатқан оның артынан ілестім. Темірбаймен ілезде танысып алдым, ол менімен түйдей құрдас болып шықты.

«Замана» газетін көптен бері алып тұрасыз ба?» – деп сұрадым. «Мен тіпті бұны «Жас дәурен» деп аталған алғашқы кезінен білемін. Бұрын үйге тұрақты жаздыртып алатынмын. Ал соңғы кездері дүңгіршектен алып жүрмін. Қыздарға алдын-ала тапсырыс беріп қойғанмын. Мен кешігіп келсем де газеттерім сол күйінде сақталып тұрады», – деді ол.

Темірбай «Замананың» өзіне шыншылдығымен, қысқа әрі нұсқа ақпараттарымен ұнайтынын айтады. «Газетті үйде оқи отырып, бүкіл әлемдегі жаңалықтарды білесің», – дейді ол.

Міне, осы кездесуден кейін біздің таныстығымыз достыққа айналып, жиі-жиі бас қосатын болдық. Темірбай досым әйгілі диқан, Социалистік Еңбек Ері Мәнтай Жәрімбетовтің ұлы болып шықты. Жас кезінде ұзақ жылдар автокөлік жүргізіп, кейінірек денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шыққан екен.

Темірбайдың үйіне алғаш барғанда өзімізді жасыл саябақ ішінде жүргендей сезіндік. Оның үйіргелік жерінде алма, алқоры, шие, жаңғақ, құлпынайдың неше түрі, жүзім ағаштары бар. Сондай-ақ осы жерде қызанақ, қияр, қызылша, сәбіз, тәтті бұрыш, сарымсақ, картоп, асқабақ, пияз өсіріледі.

Біз барардың алдында Темірбай алақандай жерден үш қапшық картопты қазып алыпты. Жалпы, бұлар базардан ешқандай да бақша өнімдерін сатып алмайды екен. Бүгінде Темірбай жеміс ағаштарын күз мезгілінде будандастырудың кәнігі маманы болып алған. Кезінде қолға мал ұстап, техниканың кез-келген түрін жөндеу­ден аты шыққан.

Темекең өнер жағынан да қара жаяу емес екен. Ол мандолинмен, баянмен қосылып, халық әндерін, Шәмші әндерін шырқағанда кез-келген кәсіпқой әншілермен иық тірестіре алатынына көзімізді жеткізді. Ол сондай-ақ әдеби кітаптарды, әлем классиктерінің шығармаларын көп оқиды екен, олар үйінде самсап тұр.

Т.Жәрімбетов Құдай қосқан қосағы Мәнзура екеуі тәрбиелеп өсірген үш перзентінен 7 немере сүйіп отыр. Немерелері де спорттан, өнерден құралақан емес, түрлі жарыстарда топ жарып жүр екен.

«Замананың» көп жылғы сырласы, түрлі мамандықтардың иегері, бау өсірудің кәнігі шебері Темірбай Жәрімбетовтің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Мен құрдасымды осы қасиеттерімен мақтаныш тұтамын.

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!