Қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап не керек?

06.11.2017
Қаралды: 1859

Шымкентте екі жылдан астам уақыт әкім болған азамат бұл қызметтен босатылды. Ғабидолла Әбдірахымов Астанаға кетті. «Нұр­Отан» партиясының хатшысы болып.

Бұл жоғарылау ма, әлде төмендеу ме? «Нұр­Отан» – билік тармағы емес. Ол саяси партия. Былайша айтқанда, еліміздегі көп партиялардың бірі. Ғабидолла соның хатшысы болып барып отыр. Төраға немесе төрағаның бірінші орынбасары емес.

Ал Шымкенттің әкімі деген қызмет – бұл Қазақстандағы ең ірі үш қаланың бірінің №1-ші басшысы деген сөз. Яғни 1 миллион халқы бар қаланы бас­қару деген сөз. Миллиардтаған қаржының жұмсалуын қадағалау, мыңдаған шенеунікті жат­қызып-тұрғызу, жүздеген мекеме, ондаған бөлім басшыларына бұйрық беріп отыру деген сөз.

Енді салыстыра беріңіз, қайсы қызмет жоғары екенін.

Әрине, бұрын әкім болып істеген адамның әкімдіктен кеткен соң мал бағып немесе кетпен шауып кеткенін көрген жоқпыз. Атқа бір мінген адам аттан түссе де егардан түспейтіні тағы бар.

Сондықтан да егер Ғабидолла бауырымыз келешекте атқарушы билік саласына қайта оралып, үлкен лауазымға ие болып жатса оған да таң қалмаймыз. Себебі ол әлі жас, мүмкіндігі де жоқ емес. Алдағы кезде де сөз сөйлер адамдары өз ықпалдарын жоғалтып алмаса, ол азаматтың далада қалмасы анық.

Кеткен әкімнің артынан тас атқымыз келіп тұрған жоқ. Дегенмен де «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген бар. Ол азамат әкім болып тұрған кезде де біз өз сөзімізді айтқанбыз. Осыдан екі апта бұрын газетімізде «Дабыра мен даңғаза» деген мақала жарық көрді. Онда қала әкімінің кейбір тірліктері жас баланың ісіне ұқсайтынын талдап жазғанбыз.

Негізі, үлкен қаланы үлкен тәжірибесі бар адамның басқарғаны дұрыс қой. Үлкен қалада проблемалар да үлкен болады. Соның ең бастыларын тап басып көре білмесең, мың-сан мәселелердің ішінде өзің де жұтылып кетуің мүмкін...

Оңтүстік өңірде соңғы кездері ауыл әкімі болып істеп көрмеген адамды ауданға әкім қылып қою, аудан басқарып көрмеген адамды үлкен қалаға әкім етіп тағайындай салу  сияқты теріс үрдіс пайда болды. Яғни жоғарыдағылар ойына не келсе соны істейтін дәуір туды.

Мұндайды тоқтату керек! Ақшасы барлар, ағасы барлар әйтеуір өңмендей бермей, бір сәт өз шамасына қараса дейміз. Қолы көтере алмайтын шоқпарды белге байлап не керек?

Әкімдердің және әкім болғысы келетіндердің құлағына алтын сырға ретінде осыны айтқымыз келіп еді.

М. АҚТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ