Көмірді кеміріп жеп қойған болуы мүмкін...

06.11.2017
Қаралды: 450

Редакциямызға Созақ ауданының орталығы – Шолаққор­ған ауылынан Аман Бегімбетов деген азамат (суретте) шағымданып келді. Ол бізге өзінің жазған арызын тапсырды. Онда төменде­гідей жайлар туралы айтылады.

«Мен 2013-жылы қаңтар айында аудандық оқу бөліміне қарасты «Жас туристер стансасы» мекемесіне от жағушы болып жұмысқа тұрған едім. Мекемеге 3 от жағушы, 3 қарауыл, 1 еден жуушы және 1 қойма меңгерушісіне штат бөлінген екен. Ал жұмысқа қабылданғаны –  2 от жағушы, 2 қарауыл, 1 еден жуушы және 1 қойма меңгерушісі. Сонда қалған 1 от жағушы мен 1 қарауылға тиесілі қаржы қайда кетеді?

2014-жылы сәуір айында жұмысқа 1 қарауыл мен 1 қара жұмысшы және  2016-жылы 1 от жағушы қабылданды. Сонда 2013 – 2016-жылдар аралығындағы жұмысшыларға бөлінген қаржы қайда кетті? Мұны, әрине, мекеме басшысынан сұрау керек.

2013 – 2014 және 2014 – 2015-жылдардың қысқы маусымына мекемеге 140 тонна көмір бөлінген еді. Оның 40 тоннасы ғана түсті, қалған 100 тонна көмір қайда? Олар жалған актімен есептен шығарылып отырған. Бұл аралықта  мекемеде от 1 пешке («буржуйка») жағылған, ал оған соншама көмір кетпейді.

2015-жылы мекеменің ішкі жағына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 10 миллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ 2 бөлмеге жөндеу жүргізілмеді. Оның ақшасы қайда кетті?

2015-жылы мекемеге жылу жүйесі жүргізіліп, «котел» салынды, оған 1 айда 7800 килограмм кетеді.

2015 – 2017-жылдары 140 тонна орнына 80 тонна түсіріп, 60 тонна көмірді жалған актімен есептен шығарып отырған.

2013 – 2017-жылдар аралығындағы мейрам күндеріне бөлінген ақшадан от жағушыға және қарауылдарға төлемеген.

Осы және басқа да заң бұзушылықтар үшін мекеме басшысы, меңгеруші, есепші жауап беруі керек. Осыны тексерсеңіздер екен».

...Шолаққорғандық оқырманымыз осылай дейді. Ол кісі сөзінің бәрі рас екенін айтады. Дегенмен оны тексеріп, анықтау мәселесімен тиісті орындар айналысар деген ойдамыз.

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!