Жапырақ өртемеуді ескерте жүрейік

06.11.2017
Қаралды: 1251

Кешегі бейсенбіде редакциямызға өзін Керімхан деп таныстырған бір азамат хабарласты. «Газеттеріңіз көпшілік арасына таралады ғой. 

Сондықтан сіздерге хабарласып тұрмын. Айтайын дегенім – жапырақ мәселесі. Осы бірер күннің өзінде ғана бірнеше жерден ағаштан түскен жапырақты бұрқырата сыпырып, өртеп жатқандарды байқадым. Мұның дұрыс емес екенін айтқаныма ешқайсысы құлақ аспады. Жапырақ жаққанның дұрыс болмайтыны жөнінде жазыңыздаршы,  білсін, ойлансын. Қаланың ауасы онсыз да тарылып бара жатыр ғой», – дейді ол.

Негізі мұндайға қарсы күресті денсаулық сақтау, экология саласының мамандары жүргізуі тиіс. Дегенмен осы жапырақ жағудың зияны жөнінде оқырманға шама-шарқымызша түсіндіре кетуді ұйғардық.

Қазір Шымкенттегі жасыл желек атаулының қысқа дайындалып, жапырағынан ажырап жатқан шағы. Ауаның ауырлап бара жатқаны да рас. Өйткені күндіз-түні ерсілі-қарсылы  ағылған көліктерден көтерілген шаң-тозаң әсіресе желсіз, құрғақ күндері қала үстін тұмшалайды да тұрады. Енді осыған келіп біреулер жапырақ өртеп «үлес» қосса не болады?

Жапырақты сыпырғанда ондағы шаң-тозаң ауаға таралады, өртегенде түтіні мен одан бөлінетін зиянды заттар ауаны ластай түседі. Осының бәрі денсаулыққа зиян екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан оны өртемеген, мүмкін болса, жиып, қаптап, қоқыс жинайтын көліктерге артып жіберген дұрыс.

Жалпы, бау-бақша баптаудың тілін білетін бағбандар жапырақты органикалық тыңайтқыш ретінде де пайдаланады. Оны арнайы шұңқыр қазып, соған көмеді, ол сол жерде шіріп, тыңайтқышқа айналады. Сондай-ақ мамандар оларды қысқа қарай ағаш-бұталардың түбіне жинауға да кеңес береді. Ол, біріншіден, ағаш тамырын суықтан қорғаса, екіншіден, оның түбінің ауа өткізбейтіндей нығыздалып қалуына кедергі келтіреді екен. Сонымен қоса ол ағашқа тамыры арқылы органикалық тыңайт­қыш ретінде де қызмет етеді.

Ендеше, бау-бақшаңызда төгіліп жатқан жапырақты бас салып өртей бермей, іске жаратқаныңыз дұрыс болады екен.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!