Суармалы жерді жайылымдық жер ретінде сатып жіберген

06.11.2017
Қаралды: 1116

Таяуда редакциямызға Қайрат Әбдікерімов есімді түркістандық азамат (суретте) келді. Ол медиатор болып жұмыс істейді екен.

«Газеттеріңізде «Түркіс­тандық депутат заңды белден басып отыр ма?» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Сол мақаланы оқып шықтым, ол менің сіздерге келуіме түрткі болды. Біз жақта кейбір басшылардың ісі одан да асып отырғанын айт­қым келеді», – деді ол. Сөйтіп бізге өзінің жазған мақаласын және онда айтылған жайларды дәлел­дейтін бірнеше құжат кө­шірмелерін табыс етті.

«2013-жылдан бастап Түр­кістан қаласында мал базары төңірегінде үлкен дау туындаған болатын, – дейді Қ.Әбдікерімов. – Ол туралы облысымызға ғана емес, республикамыздың жұртшылығына белгілі болған. Сол кезде біреулердің арызымен Түр­кістан қаласының ішіндегі мал базарын уақытша жабу туралы облыстық маманданды­рыл­ған экономикалық сотының шешімі шыққан. Дәл осы кезде қала сыртында, Қызыл­ордаға өтетін тас жол бойында «Жұма» мал базары ашылды» деп жергілікті теледидардан күн сайын жарнама бе­ріліп жатты. Ал жұртшылық орталықтағы мал базарын жаптырмауын сұрап қала, облыс әкімшіліктеріне наразылығын білдірген еді.

Кейін бұл істе қала әкім­дігіндегі бірқатар қызмет­керлердің заң бұзғаны белгілі болды. Яғни қала сыртындағы суармалы жер санаты жайылымдық жер санатына өз­гертіліп, мал базары құрылысын салуға, кәсіпкерлік мақсат үшін сатылып кеткен. Сол кездегі Түркістан қаласы әкімінің міндетін атқарушы Әліпбек Өсербаев өзінің қаулысымен 4284 гектар жерді кәсіпкерге жекеменшік құ­қымен беріп жіберген. Сол кездегі құрыл­ған жер комиссиясының құрамында қазіргі таңда қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүр­ген Тәжібек Мұсаев және басқалар болған.

Кейін менің ізденістерім­нің, талабымның арқасында бұған негіз болатын инвестициялық келісім-шарттың жоқтығы анықталды. Бұл – Жер Кодексінің 48-ші бабының өрескел бұзылғандығын, соған орай қалалық әкімдіктің жерді беруге байланысты шығарған қаулыларының жарамсыз екендігін көрсетеді.  Менің осыған байланысты талабым негізінде облыстық жер  ин­спекциясы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірді. Онда Түркістан қаласы әкімдігіне, әкімдіктің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне, қалалық әділет басқармасына Түркістан қаласы әкімдігінің қаулыларын жарамсыз деп тануды, жер пайдалану құ­қығын  беретін кадастрлық сәйкестендіру актісін және олардың мемлекеттік тір­кеу­лерін жарамсыз деп тануды сұраған. Сот 2016-жылғы 17-тамызда бұл талапты толық қанағаттандырған. Кейін азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сөйтіп жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған еді.

Осыдан кейін мен заң бұзушылыққа, турасын айт­қанда, қылмысқа жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде құзырлы орындардан сұрадым. Бірақ оған: «Түр­кістан қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғалары тарапынан заң бұзушылықтарға жол  берілгені өз дәлелін тапқан. Мемлекеттік қызметке кір келтірген теріс қылықтар үшін заңда тәртіптік жаза ол анықталғаннан бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады. Ал заң бұзушылық 2011 және 2013-жылдары орын алғандықтан жасалған теріс қылық бойынша тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кеткен», – деген тұрғыда жауап алдым.

Ал меніңше бұл жерде тәртіптік теріс қылық емес, таза қылмыс жасалған сияқты. Мемлекеттің суармалы жерін ауыл шаруашылығы қорынан алып, жалған құжаттармен жеке кәсіпкердің мүддесіне шешіп бергенде әкім қызметтік лауазымын өз жеке мүддесіне пайдаланбады ма екен? Сол жерге диқан 6 жылдан бері көкөніс өсірсе, табыс тауып, мемлекетке салық төлеу арқылы кіріс әкелмеуші ме еді? Осыдан кейін Ә.Өсербаевтың саналы-санасыз заңсыз іс-әре­кеті кімге пайда, кімге зиян әкелетінін тұжырымдай бері­ңіз».

...Қайрат Әбдікерімов осылай дейді. Ол өзінің бұл айтқандары газетімізде жария­лан­ғанын қалайтынын біл­дірді.

«Жалпы, менің қала әкімі Әліпбек Өсербаевпен ешқандай да бас араздығым жоқ. Мақсатым – бұл мәселеге назар аударту. Әр басшы ойы­на келгенін істей берсе, басқалар оған үнсіз бас шұлғып отыра берсе не болады? «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген, халыққа дұрыс басшылық ету үшін қойыл­ған адам өзінің міндетін заңға сай орындаса екен деймін. Менде басқадай есеп жоқ.

Бүгінде ол жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бірақ онда бұрынғы салынған ғимараттар тұр. Енді әкімдік оны иесінен мемлекет бюджеті есебінен қайтадан сатып ала ма? Әлде ол жылдар бойы солай жата бере ме? Осы мәселе дұрыс шешілуі керек», – дейді Қ.Әбдікерімов.

...Ал біз бұған қатысты Түркістан қалалық әкімдігінің қандай да бір айтар уәжі болса, оған да газет бетінен орын беруге дайынбыз. Сондай-ақ облыстағы құзырлы орындар да бұған орай өз сөзін айтса екен дейміз.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!