Шымкенттің келешегі келісті болғай

02.11.2017
Қаралды: 889

Кейінгі бірер жылдан бері Шымкентті еліміздегі ірі мегаполистердің біріне айналдыру мақсатындағы жұмыстар қызу жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған байланысты қаламен шектесетін төрт ауданның 40-тан астам ауылы Шымкенттің құрамына алынған болатын.

Ғажайып әуежай салынады

Қазіргі кездері Шымкенттің алыс-жақын шетелдермен байланысы артуда, мұнда жылына жүздеген мың адам келіп кетеді, миллиондаған тонна жүк тасымалданады. Қала халқының өзі қазір 1 миллион адамды шамалап отыр.

Бүгінде Шымкенттің батыс бетінде халықаралық әуежай жұмыс істейтіні белгілі. Тарихқа көз жіберсек, ол сонау 1932-жылы ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін база ретінде өмірге келген екен, кейін бірте-бірте аумағы өскен. Ал ондағы әуежай ғимараты мен ұшу-қону алаңы 1967-жылы пайдалануға беріліпті. 2007-жылы оған жаңғырту жұмыстары жүргізілген, ол заманауи үлгіде жабдықталған. Оның ТМД елдері әуежайларының ішіндегі ең үздігі деп танылған кездері де болған.

Дегенмен Шымкентке бәрібір де жаңа әуежай керек-ақ. Ал бұған қатысты кезінде түрлі жобалар жасалған болатын. Солардың бірі жөнінде таяуда облыстық сәулет және қала құрылысы бас­қармасының басшысы Еркін Жүсіпов Өңірлік коммуникациялар қызметінде болған брифингте мәлім етті. Ол кісінің айтуынша, бұған қатысты негізгі үш жоба қарастырылуда екен. Оның алғашқы нұсқасы – жаңа әуежайды бұрынғысының оңтүстік-батыс аумағынан салу. Екінші нұсқа бойынша оны Ордабасы ауданының аумағынан салу жөнінде сөз болады. Ал үшінші нұсқада жаңа әуежайды Шымкенттің солтүстік бағытынан салу көзделген.

Жалпы, бұған қатысты осыдан екі жыл бұрын облыс әкімдігі мен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорнымен екіжақты меморандумға қол қойылғаны белгілі. Сол кездегі жоба таныстырылымында мынадай жайлар туралы айтылған еді:

Жаңа әуежай аумағы 34 мың шаршы метрді құрайды. Осы жерде әуежаймен қоса теміржол бекеті мен автобекет те салынады, оның халықаралық стандарттарға сай жүк қоймасы, өз кеден бекеті болады. Ол жылына 2 миллион 500 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсететін алып логистикалық хабқа айналып, облыс экономикасының, облысымыздағы туризм саласының дамуына молынан үлес қосатын болады. Бұл әуежайдың құрылыс жұмыстарына  143 миллион доллар инвестиция тартылған.

Міне, біздің қаламызда осындай алып әуежай бой көтермек. Ол ТМД елдері аумағындағы ең ірі әуежайлардың бірі болады.

«Ескі қала» жаңарады, «Арбат» абаттанады

Шымкентті көркейтуге қатысты жобалардың бірі – «Ескі қала» жобасы. Облыс орталығының ежелден келе жатқан бұл аумағы бүгінде шамамен 60 гектар жерді алып жатыр, онда 600-ге тарта ескі үйлер бар. Жұртшылық «жер там» деп атайтын, кейбірінің салынғанына тіпті бір ғасырдан асып кеткен бұл үйлерде талай ұрпақ өсіп-өнген. Тұрғындары қаншалықты заманауи үлгіде жаңартқанымен  бұл аумақтағы үйлердің бәрібір де қаланың сәнін кетіріп тұрғаны рас.

Жоба бойынша алдағы уақытта бұл баспаналар сүріліп тасталады, орнына көпқабатты үйлер салынады. Тіпті 16, 24 қабатты ғимараттар да бой көтермек.

Әрине, көпқабатты үйлер салынғасын оған қоныстанатын тұрғындар қатары бұрынғыдан да еселеп өсетіні белгілі. Сондықтан бұл аумақта балабақша, мектеп, емхана және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бой көтеретін болады. Сөйтіп «Ескі қаланың» көрінісі айтарлықтай өзгеріп шыға келмек.

Қаланың бұл аумағынан Қошқарата және Қарасу өзендері ағып өтетіні белгілі. Қаншалықты қамқорлыққа алып, күтім жасағанмен де олардың жағдайы қазір кереметтей емес. Ал жаңа жоба іске асқан кезде бұл өзен жағалаулары да жұртшылық көптеп келетін сүйікті демалыс аймағына айналатын болады.

Шымкентті көркейтудің жобасында қаланың әл-Фараби алаңына жақын жерде осыдан біраз уақыт бұрын пайда болған «Арбатты» абаттандыру да көзделіп отыр. Мәскеудегі әйгілі «Арбаттай» болмаса да біздегі бұл мәдени аумақ келешекте Алматының «Арбатынан» кем түсе қоймайтын сияқты.

«Шымкент Ситиге» сүйсінетін боласыз

Сондай-ақ қаламызда тағы бір жоба – «Шымкент тәжі» деп аталатын 40 қабатты үй салу да қолға алынады. Оның құрылысын бастауға дайындық жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй кешенінде пәтерлер ғана емес, қонақүй де болады. Ол Шымкенттегі ең биік әрі әсем ғимарат болып салынбақ.

Бүгінде қаламызда «Шымкент Сити» деп аталатын қалашық салу жұмыстары да жүріп жатқаны белгілі. Әзірге ол жақта көбіне инфрақұрылым жұмыстары жүруде, бірер үйлер ғана бой көтерді. Ал болашақта бұл аумақта 300-ден аса көпқабатты үйлер салынбақ. Олар 9, 12 және 16 қабатты етіп салынады. Сондай-ақ онда көптеген әлеуметтік, спорттық және мәдени нысандар пайда болады. Ол жақта  аумағы 62 гектар жерді алатын саябақ салу жұмыстары да жүріп жатқанын ескерсек, бұл да Шымкенттің кереметтей аумағы болғалы тұр.

...Қысқасы, Шымкентіміздің ажары бұрынғыдан да ашыла түспек. Осы жарқын жобалар іс жүзінде лайықты жалғасын таба бергей дейміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!