«Чаплинс барбер шоп» ашқан жігіт

02.11.2017
Қаралды: 1166

Шетелде білім алып, онысын туған елінің пайдасы үшін жұмсайтын жастардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. 

Солардың бірі – Тоқтар Әлімбеков. Ол Шымкенттің орталығынан «Чаплинс барбер шоп» («Chaplіns barber shop»)  деп аталатын ерлерге арналған шаштараз ашқан. Одан бөлек, қала жастарының мәдениетін, таным-түсінігін кеңейтуге арналған қоғамдық-әлеуметтік жобаларды қолға алып жүр.

Тоқтар алдымен Шым­кенттегі М.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияда білім алған. Ерекше дарынымен өзге оқушылардан оқ бойы озық болған баланы кейіннен ата-анасы дарынды балалар­ға арналған қазақ-түрік ли­цейінде оқытыпты. Сонда жүріп түрлі олимпиадаларға, халықаралық білім сайыстарына қатысқан Тоқтар ҰБТ-дан жоғары балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған. Сосын Президенттік грантты жеңіп алып, 2011-жылы Алматы қаласындағы КИМЭП-ке оқуға түсіпті. Бірақ оның қуанышы көпке созылмапты. Университетте оқығанына небәрі үш ай болғанда басшылар келіп Президенттік гранты болса да тегін оқыта алмайтындарын, оқу ақысының тең жартысын төлеуге міндетті екенін жеткізген. Жалындап тұрған жастың жігері осылайша құм болып, оқу орнынан құжаттарын қайтарып алыпты. Содан көп ойланбастан АҚШ-қа жол тартқан. Өз күшімен Мичиган штатындағы Орталық Мичиган университетінің президенттік грантын жеңіп алып, жеке кәсіпкерлік саласы бойынша білім алыпты.

«Қазір кезінде КИМЭП-тен құжаттарымды қайтарып ал­ғаныма қуанамын. Егер мен аталған университетте білім алғанымда бүгінде бір мекемеде бухгалтер болып отырар едім. Дәл қазіргідей жетістікке жетпес едім, – дейді Тоқтар. – Біздің Қазақстанда университет басшылығы студенттерге: «Жақсы оқыңдар, мықты бір мекемеге экономист болып барасыңдар», – деп ақыл айтатын. Ал АҚШ-та мүлдем керісінше, ол жақтың мұғалімдері: «Жақсы оқыңдар. Мықты кәсіпорын ашасыңдар. Өздеріңнің жеке экономистерің болады», – деп үйрететін. Соның арқасында мен кәсіпкерліктің қыр-сырын терең зерттеп, елге келіп өз кәсібімді ашсам деген ниетте жүрдім».

Оқуын аяқтап, Шымкентке келгесін Тоқтар өзіне мынадай мақсат қояды: «100 күнде 0 теңгемен кәсіп ашу». Өткен жылдың қыркүйек айында ойға алған жобаның алғашқы 30 күнін 3 миллион теңге құя алатын инвестор мен ғимарат іздеуге жұмсапты. Екінші 30 күндікті құжаттарды туралауға, одан кейінгі айды ғимараттың іші-сыртын әрлеуге, ал 10 күнді ерлерге арналған салонның жарнамасы мен ашылуына арнаған. Міне, осылайша қараша айында «Chaplіns barber shop» деп аталатын ерлер шаштаразы өз жұмысын бастаған.

Ашылғанына келесі айда 1 жыл толатын шаштараз клиенттерін көбейтіп үлгерген. Тоқтар Әлімбеков небәрі жарты жылдың ішінде қарызға алған 3 миллион теңгені өтеп, бүгінде бар тапқан табысты өз пайдасына жаратуда. Айтпақшы, ол сондай-ақ 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Аталған салонның ерек­шелігі сол, ондағы шеберлер үш деңгейде жұмыс істейді. Ең үздіктеріне «барбер» (шаш, сақал қоюдың шеберлерін шет елде осылай атайды екен) деген статус беріледі, яғни олар ерлерге арналған шаш үлгілерінің бәрін біледі. Ал екіншісі жай ғана шеберлер, олар әсте-әсте шаш қию, сақал қиюдың тәсілдерін меңгереді. Ал үшінші деңгейге мүлдем шаш ала алмайтындар жатады. Тоқтар оларды Ресейде, басқа да елдерде білім алған мықты мамандарды шақыртып оқытады.

Негізі Шымкентте шаш алудың орташа құны 800 теңгені құрайды. Ал «Чаплинс барбер шопта» бұл баға қымбаттау – 3 мың теңге. Мұның сырын кәсіпкердің өзі былайша түсін­діреді: «Өйткені біз әрбір тұтынушы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Шашқа арналған косметикалық заттардың бәрін АҚШ-тан алдыртамыз. Әр клиентке кем дегенде 1 сағат  уақыт бөлеміз. Кез келген үлгіні, кез келген өрнекті салып беруге мүмкіндігіміз бар».

...Кейіпкеріміз осы жылдың басынан бері тағы бір істі бастаған. Ол Наурызбай деген досымен бірігіп Жапония­ның «Печа-куча» дейтін жобасының лицензия­сын алған. Олар әр ай сайын елдің алдында, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген жандарды шақырып, жастардың басын қосып, ой-пікір алмасады.

«Басында бізді ешкім түсінбеді. Әкімдіктегілерге: «Біз осындай іс-шара өткізбекпіз, арнайы бір орын белгілеп берсеңіздер», – деп барғанбыз. Олар: «Жастарды жинауға болмайды. Соңы ушығып кетуі мүмкін. Мұның астарында қандай да бір діни ұстаным тұрған шығар», – деп қырын қарады. Бірақ біз онымен тоқтап қалмадық. Керісінше, адамдарды жинауға болатын арнайы орын іздеп, оған келетін қонақтардың тізімін жасап, жұмысты бастап жібердік. Шарамызға ешкімді қинап шақырмаймыз. Адамдар өздері қызығып, сайтымызға тіркеледі. Тегін. Күні бүгінге дейін облысымыздың бұрынғы бас прокуроры И.Иманов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева секілді кісілер келіп, жастармен пікір алмасты. Сұрақтарына жауап берді. Алдағы уақытта да бұл тірлік өз жалғасын табады», – дейді Т.Әлімбеков.

АҚШ-та белгілі бір жетіс­тікке жеткен кәсіпкерлер міндетті түрде әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп отырады екен. Осыны көріп келген жас кәсіпкер таяуда өз достарымен бірігіп «U:projects» деген жобаны қолға алыпты. Енді олар Шымкенттегі білім, мәдениет, қауіпсіз қала, қа­йырымдылық, ІТ сияқты салаларды қамтып, осы саладағы қордаланған мәселе­лерді басшылармен бірлесе шешпекші. Уақыт өте келе аудандарды, тіпті әр ауылды аралап, ауыл жастарының да аталмыш жобаға атсалысуын қадағаламақшы.

Тоқтар өзі секілді жастар­ға, кәсіп бас­тағысы келетін қатарластарына былай деп кеңес береді: «Қазір бизнес бастаймын деген жастарға барлық жағдай жасалған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып та кәсіп бастауға мүмкіндік бар. Тек бізде соның құжаттарын туралауға енжарлық танытатындар көп. Ерінбеу керек. Білмесеңіз – сұраңыз, жоқ болса – іздеңіз. Алдыңыз­ға нақты мақсат қойыңыз. Мәселен, «Пәлен уақытта мен осы тірлікті бастаймын» деп. Сосын оған жету жолдарын нақтылап алыңыз. Мақсатыңыз қолжетімді болсын».

...Міне, біздің кейіпкеріміз осындай тынымсыз жан. Тындырымды тірлігімен талайлардың алғысын алып жүрген жас кәсіпкер ағылшын, орыс, түрік, қытай тілдерін жетік меңгерген. Алдағы уақытта шет елдердің біріне оқуға барып, білімімді одан әрі жетілдірсем деген ниеті бар. Ендеше, армандары орындала берсін дейміз. Қазақта тірлігі тап-тұйнақтай Тоқтардай жігіттер көп болса екен!

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!