Қайыпбек қиналмағанымен, халық қиналуда

26.10.2017
Қаралды: 852

Бензиннің 1 литрі­нің құны  бүгінде 160 теңгеден асты. Бұл жұртшылықты қатты уайымға салып отырғаны белгілі. Өйткені мұның соңы мін­детті түрде азық-түліктің қымбаттауына апарады.

Ол аздай, бүгінде бен­зинді тағы да қымбаттату керек дейтін­дер бой көрсете бастады.

Кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров 1 литр бензиннің бағасын 220 теңгеге дейін көтеру керек деген пікір білдірді. «Ресейде сондай, біз онымен теңесуіміз керек», – деді ол. Сөйтіп, онсыз да есеңгіреп жүрген жұрттың төбесінен жай түсіргендей болды. Мұң-мұқтажымызды жоғарыға жеткізеді деп халықтың өзі кезінде облыс­тық мәслихатқа депутаттыққа сайлаған адам осылай деп еш қиналмай-ақ айта салды. Бірақ Қайыпбек қиналмағанымен бұған қарапайым халықтың қиналары айдан-анық қой.

Сонда бұл адам бізді Ресеймен теңестіруге тіпті де келмейтінін, онда айлық жалақының біздегіден әлдеқайда жоғары екенін білмей ме? Оған онсыз да күнін әзер көріп жүрген қарапайым жұрт без теріп кетсе де бәрібір ме? Бұл өзі халық қалаулысы саналатын адамның айтатын сөзі ме еді?

Жалпы, өзі депутат, өзі кәсіпкер, қалтасы қалың осындай адамдар елге жаны ашыса неге өз қаржысына жанар-жағармай шығаратын за­уыт салмайды? «Ана жақта андай», «мына жақта мынадай» деп басқа елдермен салыстыра бергенше неге өз халқымыздың жағдайын ойламайды?

Мысалы, Белоруссияда мұнай өндірілмейді, бірақ олар сол мұнайды шеттен сатып алып, одан еуростандартқа сай бензин шығаруда, оны экспорттап, пайда тауып жатыр. Ал бізде мұнай көп, бір емес, үш бірдей мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істейді, бірақ өмірі бензинге жарымаймыз. Неге олай? Қолында билігі, мүмкіндігі бар мұндай азаматтар осы жағына бас қатырса, осындай мәселе көтерсе болар еді. Ал олардың аузынан қымбаттатудан бас­қа сөз шықпайды. Әлде оларға біреулер халықтың қанын қайнату үшін әдейі солай айт­қызып отыр ма екен?

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!