Биылғы қыс қарашадан басталатын сияқты

01.11.2017
Қаралды: 813

Кешегі аптада еліміздің басым бөлігінде ауа райы біршама суи  түсті. Жылдамдығы секундына 15 – 20 метрге жететін жел бүкіл Қазақстан аумағын қамтыды десек болады. Кей жерлерде қар жауып, сақырлаған аяз болды, жолдарға мұз қатты. «Синоптиктер» биылғы қыстың расында да ерте түсетінін айтып жатыр.

Таяуда «Қазгидромет» республикалық ауа райын болжау орталығының алдағы қысқа қатысты ұзақ мерзімдік болжамы жарияланды. Онда аталған орталық директоры Марина Шмидттің мынадай сөздері берілген:

«Қараша айында еліміз аумағына ылғал көбірек түседі, желді күндер жиі болады. Таңғы уақыттарда тұман мен көктайғақ көбірек орын алады. Бұл айдың алғашқы, екінші және үшінші онкүндіктерінің соңында суықтың үш толқыны жүріп өтеді. Олардың әрқайсысы алдыңғысынан гөрі күштірек болады.

Қараша айының екінші жартысында еліміздің солтүстігі мен шығысында және орталық бөлігінде қар жауады, жел жиілеп, боран көтеріледі деп күтілуде.

Айдың орта тұсында еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аумақтарында жерде қар ерімей жатады.

Бұл ай соңында еліміздің солтүстік бөлігінде күндізгі ауаның суытуы 15 градусқа дейін, түнгі температура 30 градусқа дейін жетеді. Бұл кезде Оңтүстікте күндіз 5 градусқа дейін, ал түнде 15 градусқа дейін суытады.

Оңтүстік пен батыс аумақ жерін қар желтоқсан айының орта шенінен бастап жабады».

Бұл – «синоптиктердің» ұзақ мерзімдік болжамы. Оған сәйкес, желтоқсан айында еліміз аумағына солтүстік теңіздер аумағынан суық ауа ағысы жиі келетін болады. Соның салдарынан еліміздің шығыс аумағында қар жиі жауады. Бұл кездері батыс аумақтардан жылы ауа ағысы өтетіндіктен ол өңірлерге қар аз түседі.

2018-жылдың қаңтар айы қардың аз түсуімен, күн райының суық болуымен ерекшеленеді. Еліміздің батыс және қиыр оңтүстік аумақтарынан басқа өңірлерде суық орташа көпжылдық көрсеткіштен 1-2 градус төмен болмақ. Батысқа, шығысқа, оңтүстік-шығысқа және оңтүстіктегі тауға жақын аудандарға қар қалыпты мөлшерде түседі.

Ал ақпан айында қар көп жауады деп күтілуде, қатты жел, борандар орын алмақ. Еліміздің солтүстік-батыс бөлігіне батыстан келетін суық ауа ағысы әсерінен онда аязды күндер болады, температура орташа климаттық қалыптан 1-2 градус төмен болмақ. Оңтүстіктен циклондардың жиі болуы себепті еліміздің оңтүстік-шығыс аумағындағы ауа райы  климаттық деңгей шамасында сақталады.

...Әрине, бұл – «Қазгидрометтің» ұзақ мерзімдік болжамы екенін естеріңізге саламыз. Мұндай болжамға табиғаттың жиі өзгеріс ендіретіні белгілі. Дегенмен қалай болғанда да «кәрі құда» биыл ертерек келіп, ұзағырақ сайран салатын сияқты. Ал ондай қысты қиналмай өткеруге мүмкіндігінше дайын болған жақсы ғой.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!