Партиялардан қайран болса, қанеки!

01.11.2017
Қаралды: 1178

Таяуда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстық филиалында азық-түліктің қымбаттауына, коммуналдық қызмет ақысы мен мұнай өнімдері бағасының ұдайы өсуіне байланысты дөңгелек үстел болып өтті. 

Оған Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, «КазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалының, саяси партиялардың өкілдері қатысты.

Осы жиында «Ауыл» партиясы филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев азық-түлік, коммуналдық қызмет және мұнай өнімдерінің 2016 – 2017-жылдардағы баға өсімі бойынша статистикалық мәліметтерді атап тұрып көрсетті. Әсіресе бүгінгі күндері маңызды болып отырған жылу беру ақысының соңғы үш жылда 200 пайызға қымбаттағанын айтып, өзге өңірден тарифтердің неге жоғары екендігін тиісті басшылардан сұрады. Партияның аудан, қалалық бөлімдерінің төрағалары 2016-жылы көмірдің тоннасы 12 –14 мың теңге болса, қазір 18 – 20 мың теңгеге (кей аудандарда 22 мың теңгеге) көтерілгенін айтып, халықтың наразылығын жеткізді.

Бұл жиында тиісті сала басшылары жылуға тарифті министрлік бекітетіндігін және 2017-жылдан бастап бағаны реттеу олардың құзыретіне кірмейтіндігін жеткізді. Жиынға шақырылған бірнеше мекемелерден тиісті мамандар келмеуіне байланысты сұрауы көп мәселені «Ауыл» партиясы алдағы уақытта көтеріп, жұмыс жасайтын болады.

«2017-жылдың қаңтарынан бастап елімізде азық-түлік бағасын реттеу тоқтатылған, – деді осы жиында «Ауыл» партиясы  облыстық филиалының төрағасы Қ.Досалиев. – Яғни баға мемлекет тарапынан реттелмейді. Бұл қадам бәсекелестікті нарық қалыптастыруға сеп болады. Ал бәсеке болған жерде баға шарықтамай, керісінше, түсуі тиіс.  ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Жұманғарин: «Мемлекет баға реттеуге араласпаса, бәсекелестікті нарық қалыптасып, монополистер жойылады. Әрі отандық өндірушілерді қолдап, сөрелерден импорттық тауарды ығыстыруға мүмкіндік ашамыз», – деген болатын. Бірақ бағаның мемлекет тарапынан реттелмеуі бүгінде кері әсерін тигізуде. Яғни сатушылар мен монополистер бағаны өздері қоюда. Биылғы жылдың өзінде елімізде азық-түлік бағасы 2016-жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға өсті».

Осылай деген филиал төрағасы бұған нақты мысалдар келтірді. Мысалы, өткен жылғы қыркүйек айы мен биылғы қыркүйек айы аралығында бағада мынадай өсу орын алған: картоп пен пияз бағасы 89 теңгеден 110 теңгеге, сәбіздікі 100-ден 130 теңгеге, алма бағасы 286-дан 323 теңгеге, сиыр етінің килосы 1229-дан 1412 теңгеге, жылқы етінікі 1400-ден 1612 теңгеге дейін өскен. Газ қымбаттаған, судың құны 11 пайыз өскен.

...Жалпы, бұл жиында осындай маңызды мәселелер талқыланды. Ал одан қандай нәтиже шығады – бұл расында да жауабы қиын сұрақ. Дегенмен мұндай мәселенің көтеріліп жатқанының өзі де көңілге медеу.

Ал бірақ басқа партиялар бұған орай неге үндемей отыр? Әлде ауыздарына су толтырып алған ба?

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!