Сиырларды робот сауады

01.11.2017
Қаралды: 861

Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында бүгінде ауыл шаруашылығы өнім­дерін көптеп шығарылуда. Бұл ауданда өзінің сапалы өнім­дерімен шетелге танымал болып жатқандар да бар. Оған мысал ретінде «Ордабасы Құс» фабрикасын алуға болады.

Сондай-ақ осындағы «Аделя» деп аталатын шаруа қожалығы бүгінде Ресейге тонналаған помидор жөнелтіп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Ордабасы ауданындағы шаруасы жолға қойылған тағы бір үлкен кәсіпорын деп Шымкентке жақын жердегі Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС-ін атауға болады. Бұл шаруашылыққа кезінде Венгриядан гольштейн тұқымды сүтті сиырлар әкелінген еді, қазір олардан молынан өнім алынып жатыр.

«Бөрте Милкадағы» сиырлардың саны  бүгінде 800-ден асады. Бұзаулаған сиырлардың әрқайсысы орташа есептегенде күніне 30 литрден аса сүт береді. Сиыр саууды роботтар атқарады. Олар желіні тола сиырлардан қажетті сүтті 10 минут шамасында сауып алады.

Сиыр сауу технологиясы да қызық. Желіні тырсиған сиыр арнайы құрылғы алдына сауылуға өз еркімен барады. Өйткені мұнда бәрі де автоматтандырылған, автоматты қондырғы әр сиырға азықты оның «өткізген» сүтіне қарай есептеп береді. Осыған әбден дағдыланған сиырлар сүт беріп, «сыйлық» алу үшін қондырғы алдына қаздай тізіліп, кезекпен барады.

Сиырлар далада жайылмайды, оларды күтіп-баптау арнайы қора-жайларда іске асырылады. Оларға азық белгіленген мөлшерде беріледі. Сосын сиырдың өзі «Де Лаваль» деп аталатын құрылғыға жақындайды, ол қондырғы сиырдың желінін алдымен залалсыздандырады да, сосын қажетті мөлшердегі сүтті сауып алады. Істің бәрін робот өзі атқарады.

Сиырлардың бәрінің құлағында арнайы чип бар, сол арқылы оның барлық тіршілігі бақыланып отырады. Қаншалықты азық жеді, қанша сүт береді – бәрі арнайы камерадан көрініп тұрады.

Бұл жануарлардың астын қолмен күреп, тазалап жатудың қажеті жоқ, ол да автоматты түрде атқарылады. Қора-жай ішінің температурасын да арнайы қондырғылар жанға жайлы етіп реттестіріп отырады.

«Бөрте Милкада» сиырлар қолдан ұрықтандырылады. Олардың бәрі дерлік бір шамада бұзаулайды. Бұзауларына да қажетті жағдайдың барлығы жасалып қойған.

Жалпы, бұл серіктестік әзірге күніне 25 тоннадан астам  сүт өндіруде. Ал толық қуатына кіріскен кезде өнім өндіру көлемі екі есеге дейін артпақ. Осы кезде төңіректегі ауыл тұрғындарына да зауытқа сүт өткізу мүмкіндігі туғалы тұр. Ал серіктестіктің өзі алдағы уақытта сүтпен қоса 6 түрлі йогурт және тағы басқа сүт өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.

Біз елімізде осындай шаруашылықтар қатары көбейе берсе екен дейміз. Өйткені олар облыс экономикасының өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, адамдарды жұмыспен қаматамасыз етеді, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да атсалысады.

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!