Түркістан қалалық сотының төрағасы қолға түсіпті...

30.10.2017
Қаралды: 935

Осыдан екі-үш апта бұрын кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Түркістан қалалық сотының төрағасы мен оның хатшысы пара алу үстінде ұсталды деген жайсыз хабар тараған болатын.

Дегенмен ол жөнінде осы уақытқа дейін ресми түрде мәлімдеме жасалған жоқ. Анық-қанығын білмек болып Ұлттық бюроның облыстық департаментіне телефон шалғанымызда тұтқаны көтергендер «мұны жоғары жақтағылардан сұраңыз» деумен шектелді. Яғни олар жұртшылық арасына таралған әңгімені рас деп айтпағанымен, оны жалған сөз деп те жоққа шығармады.

Ал бүгінде бұл жөнінде жұртшылық арасында аз айтылып жүрген жоқ. Ол түрлі жағымсыз сөздердің таралуына себеп болуда.

Ендеше тиісті орындар бұл мәселенің анық-қанығын неге жайып салмайды? Жалған сөз болса, жоққа шығармай ма, ақиқат болса, растамай ма? Нені күтіп отыр? Неге ол жұртшылық арасында ғана айтылып, алыпқашпа сөздердің таралуына себеп болуы керек?

Осындайдан кейін құқық қорғау орындарына деген сенімсіздік туындайтыны белгілі. Ал оларға жұрттың өздері туралы не айтқаны бәрібір ме?

Бейресми түрде тараған ақпаратта Түркістан қалалық сотының төрағасы 3 миллион теңге пара алу үстінде ұсталған деп айтылады. Бүгінде миллион түгілі бірнеше мың теңге пара алды деп айыпталған талай адам сотталып кетіп те жатқан жоқ па? Сонда заң адамы, оның үстіне қалалық соттың төрағасы парамен ұсталса, ол неге халықтан жасырылуы керек?

Міне, тиісті орындар осы жағына да мән берсе екен. Расында орын алған жай болса, оны ашық жарияласа, ал жел сөз болса, оны жоққа шығарса екен. Өйткені бұл – қоғамның, көпшіліктің қалауы, жұрттың шындықты білгісі келеді.

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!