Алма бауынан 270 тонна өнім алуды көздеп отыр

01.11.2017
Қаралды: 718

Түлкібас ауданындағы «Шақпақ баба» ауылының тумасы, кәнігі бағбан, өз жерінің нағыз патриоты бола білген, кезінде депутат болған Асқар Төлешовтің есімі облыс көлеміне таныс еді. Ол 2004-жылы өз алдына «Көктал» шаруа қожалығын ашқан, алма бауын өсіріп, жеміс-жидек сақтау қоймасын қолға ал­ған болатын.

Іскер жігіт өз ауылындағы қырат беткейдегі 240 гектар жерге алма көшет­терін қондырып, оны тамшылатып суғару әдісімен жайқалтып өсір­ді. Сыйымдылығы 1700 тонна болатын жеміс-жидек сақтау қоймасын да ойдағыдай етіп салып, оны температураны бір­қа­лыпты ұстап тұратын арнайы қондырғылармен жабдықтады.

Осылайша алма өсіру мен қойма жұмысын жүргізудің қыр-сырын жақсы меңгерген А.Төлешов алма бауынан мол өнім алып, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрді. Бірақ бір өкініштісі, ол өмірден ерте өтті.

Кейін оның ісін ұлы Бейбіт жалғастырды. Алғашында жұрт Асекеңнің қыруар шаруасын бұл бала алып кете алар ма екен десіп жүрген еді. Алайда жастайынан әке тәрбиесін көріп өскен Бейбіт осындай күрделі, ауқымды шаруаның үдесінен шыға білді.

Бейбіт биыл бұрынғыға қосымша тағы да 10 гектар жерге алма көшеттерін екті. Шаруашылықта 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар баудың барша жұмысын тиянақты атқаруда. Алма ағаштары уақтылы бұталып, түбі қопсытылып тұрады.

Ал жеміс піскен кезде мұнда 100-ден аса адамды маусымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Шаруа қожалығында «МТЗ», «ДТ», «Т – 25», «КамАЗ», «Газель» көліктері мен әртүрлі тіркемелер жұмыс істеп тұр.

Жас бағбан биыл Астанада өткен «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне 20 тонна алма жеткізді. Сөйтіп Түлкібастың алмасын еліміздің басқа облыс жұртшылығына ғана емес, көрмеге келген шетелдіктерге де таныстырды.

Бейбіт бүгінде өз бауынан 270 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Бұйыртса, осынша өнім жақсы жабдықталған қоймаларда сақталып, халық дас­тарханынан табылатын болады.

«Туған жер» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданының даңқын шығарып отырған Бейбіттей жас бағбанның алар асулары әлі де алда. Әке үмітін ақтаған, тірліктің көзін тауып істейтін осындай жастарымыз ел ішінде көп бола берсе екен!

О. КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!