Сүт безіне қамқорлықпен қараңыз

01.11.2017
Қаралды: 818

Жыл сайын қазан айында әйелдердің денсаулығын сақтау бойынша республикалық онкүндік өткізіліп тұратыны белгілі. Ол «Дүниежүзілік сүт безі обыры туралы ақпараттандыру күні» деп аталады. Осыған орай 20-қазанда Оңтүстік Қазақстан облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Қалыпсыздықтар 27 мыңнан аса әйелден анықталған

Аталған жиында облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Фарида Байзақова өткізіліп жатқан онкүндіктің басты мақсаты жөнінде әңгімеледі. Фарида Сатанқызы оның мән-маңызы туралы тоқтала келіп, тұрғындар арасында сүт безі обырына қатысты түсінік жұмыстарын жүргізу, жалпы, адамдардың өз денсаулығына жауапкершілігін қалыптастыру  мақсатындағы ақпараттандыру жұмыстарының алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтып өтті.

Ал онкологиялық диспансердің маммолог-дәрігері Ербол Оңғарбаев облысымыздағы онкологиялық көрсеткіштер туралы мынадай мәлімет келтірді:

Облыс бойынша өткен жылдың 8 айында асқазан обырымен – 123 адам, сүт безі обыры бойынша 84 науқас, өкпе обырымен – 125, бауыр обырымен – 65, тоқ ішек және тік ішек обырымен 59 науқас есепке тіркелген.

Ал облысымызда биылғы жылдың 9 айында обыр бойынша тіркеуге жалпы саны 2578 әйел алынған. Осының ішінде «Д» тіркеуге алынғаны – 311 әйел. Олардың 278-і – 1-ші және 2-ші сатыдағы обырмен ауырғандар, 19-ы – 3-ші сатысында, 14-і – 4-ші сатысында анықталғандар. Қайтыс болғандары – 92 әйел.

Жалпы, елімізде маммографиялық скрининг 2008-жылдан бастап енгізілген, одан 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жастағы әйелдер өтіп тұруы тиіс. Биылғы жылдың 8 айында сүт безінің қатерсіз және қатерлі ісігін ерте анықтау скринингінің шеңберінде 36 мың 165 әйел қаралған.

2016-жылдың 9 айындағы скринингтік тексерулер кезінде сүт безінің түрлі ақауымен 21 мың 856 науқас анықтал­ған болса, биылғы жылдың 9 айында сүт безіндегі түрлі қалыпсыздықтар  27 мың 847 әйелден анықталған.

Маммологқа көрініп тұрыңыз

Сүт безі обырының бүгінде жиі кездесетін әрі өмірге қауіпті дерт екенін жоғарыдағы көрсеткіштерден-ақ аңғаруға болады. Жалпы, оны емдеуде ауруды ерте бастан анықтаудың маңызы зор. Ол үшін маммолог-дәрігерге көрініп тұру керек.

Өйткені маммология – клиникалық медицинаның сүт және кеуде бездерінде (әйелдер мен еркектерде) пайда болатын түрлі дерттерді зерттейтін, оның алдын-алу, сақтану, емдеу тәсілдерін қарастыратын бір бөлігі. Ол дерт пен оның туындауы алдындағы жағдайды ғана емес, сүт және кеуде бездерінің табиғи немесе жасанды ауытқуларын, кемістігін де зерттейді. Сондай-ақ маммолог маман ана сүтінің биологиялық қасиетін, оның балаға және ананың өзіне қатысты әсерін де зерттей алады.

Осындай зерттеулер нәтижесінде кейінгі кездері сүт безінің қатерсіз және қатерлі ісіктерінің 30 – 40 жастағы әйелдер арасында да жиірек кездесетіні анықталып отыр. Ал ол бұрын жасы 50-ден асқан әйелдерде көп кездеседі деп айтылатын еді.

Обырдың пайда болуына не әсер етеді?

Бұл аурудың пайда болу себептері негізінен адамның өмір сүру салтына және кәсіптік дағдыларға байланысты. Яғни әйел майлы, қуырылған, қақталған тағамдарды тым көп пайдаланса, аз мөлшерде болса да үнемі сыра ішіп жүрсе, алкогольге құмар болса осындай қауіп туындайды.

Бұған сүт безінің ауруы, оның жарақаттануы, гинекологиялық аурулар, ба­уыр ауруы (соның ішінде бұрынғы бол­ған сары ауру), артық салмақ, қант диабеті, жатырдан қан кету, оның жарақаттануы, артериялық гипертензия, қалқанша без жұмысының бұзылуы да себеп бола алады. Сондай-ақ әйелде тұқым қуалаушылық фактор – қатерлі ауруға бейімділік болуы да мүмкін.

Сүт безі қатерлі ісігінің 1-ші және 2-ші сатысында науқас  одан емделе алады, 80 – 90 пайызының өмірін 5 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Ал 3-ші және 4-ші сатылар кеш анықталғанға жатады, өте қауіпті саналады.

Дерт қалай білінеді?

Сүт безі ісігінің жиі кездесетін белгілеріне мыналар жатады:

- Әйел өзін-өзі тексергенде әдетте ауырмайтын, қатайған, шеттері қисық түйін немесе кішкене тығыз түйіншені аңғарады. Сондай-ақ қолтық астында түйін немесе кішкене құрылым сезілуі де мүмкін;

- Сүт безінің мөлшері немесе пішіні өзгереді, емшек ұшынан қанды немесе мөлдір сары сұйық шығады, оның іріңге ұқсауы мүмкін. Сүт безі терісінің, емшек ұшының немесе айналасының түсі өзгеруі, терінің беті апельсин қабығына ұқсауы байқалады;

- Қызару, сүт безінің көктамырларының айқын көрінуі,  емшек ұшы  түрінің немесе сезімталдығының өзгеруі, емшек ұшының тартылуы, оның үлкеюі және қышуы байқалады. Сүйектің ауыруы, салмақтың жоғалуы орын алады. Аурудың қарқынды дамуы кезінде теріде ойық жара пайда болады.

Алдын-ала біліңіз

Сүт безі ісіктерінің алдын алу шараларын әрбір әйелдің біле жүргені абзал. Олар мынадай:

- Сүт безін жарақаттап алудан сақтану керек;

- Темекі шегу, ішімдік пайдалану, майлы және қақталған тамаққа үйірлік сияқты зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстау қажет;

- Дұрыс тамақтану, азыққа әртүрлі көкөністер мен жеміс-жидектері мол тағамдарды пайдалану керек;

- Саламатты өмір салтын ұстанып, мүмкіндігінше дене шынықтырумен айналысқан абзал. Таза ауада, табиғат аясында серуендеп тұрған, дұрыс тыныққан, салмақтың қалыпты болуын қадағалап отырған жөн;

- Бірінші жүктілікті міндетті түрде сақтау қажет. Сәбиді мүмкіндігінше 2 – 3 жасқа дейін емізген дұрыс;

- Қайта жүкті болу мерзімін біршама ұзартуға кеңес беріледі. Яғни жүктіліктен сақтанудың қауіпсіз тәсілдерін қолдана отырып, қайта жүкті болудың мерзімін реттеген дұрыс. Мысалы, бірінші бала тапқаннан кейін 4 – 5 жыл үзіліс жасау ұсынылады;

- Баланы емшектен шығару біртіндеп орындалуы керек. Әр емізуден соң емшекті сүт сорғышпен сауып, босат­қан, сосын оны сыртынан қатты қысып байлаған дұрыс.

...Қысқасы, әйелдер өз денсаулығына қамқорлықпен қарауды өмір салтына айналдырғаны абзал. Өйткені әйел – ана, ол отбасының ұйытқысы, берекесі. Осыны ұмытпауларыңыз керек.

Ақерке ШАХАМАНОВА,

Оңтүстік Қазақстан облыстық саламатты

өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!