Шымкенттен экспортқа аяқ киім де шығарылуы мүмкін

01.11.2017
Қаралды: 843

Біздің қоғамда кәсіптің қандай түрімен айналысамын десеңіз де мүмкіндік мол. Тіпті кәсіпкерлікпен айналысатындарға жәрдем беретін арнайы мемлекеттік бағдарламалар да жеткілікті. 

Алайда қолынан іс келетін азаматтар ешкімнен ешқандай жәрдем күтпей-ақ өз істерін жүргізуде. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Алымжан Ибраимов (суретте). Ол кісі – «Заря» аяқ киім тігетін тігін цехын басқарады. Бұйыртса, өз өнімдерін шетелге шығарудың да сәті түсіп тұрған сыңайлы.

Алымжан Ахметжанұлы 1992 – 1995-жылдары Шымкенттегі «Заря» аяқ киім фабрикасында жұмыс істеген екен.

«Бес жүз адам бірге жұмыс істейтінбіз, – дейді ол кісі. – Үш жылдан кейін зауыт жабылып қалды да, жұмысшылар тарап кетті. Күнкөріс қамымен әркім қолынан келетін тірлікпен айналысып жүрді. Мен аяқ киімдерге қажетті материалдар таситынмын. Сонымен уақыт өте келе бұрын бірге жұмыс істеген достарыммен ақылдасып, 2012-жылы осы цехты аштық. Бұрынғы бірге істеген әріптестерді іздестіруге кірістік. Олардың екі-үшеуі жұмыс істеуге келісіп, бізбен бірге келді. Өз алдына кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп әкеткендері қайтадан аяқ киім тігуге отырғысы келмейтіндерін айтты. Керекті құрал-жабдықтарды да біртіндеп ала бастадық.

 Алғашқыда біз «милицейский» аяқ киімдер шығаратынбыз. Тірлікті бастау қашанда қиын ғой. Күніне бір-екі  жұп аяқ киім ғана тігетінбіз. Оны да тапсырыспен істейтін едік. Кейін келе бес-он жұп тігетін болдық. Содан тағы біраз уақыт өткенде біздің тіккен аяқ киімнің сапасына қызығып, полицейлердің таныстары да келе бастады. Сөйтіп ерлерге, әйелдер мен балаларға да арналған маусымдық аяқ киімдер шығаратын болдық. Бүгінде күніне 70 – 80 жұп аяқ киім шығарудамыз. 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жайымыз бар».

Аяқ киімге арналған шикізат өнімдерін қайдан аласыздар деп сұрағанымызда ол кісі  аяқ киім тігуге жұмсалатын ұсақ-түйек заттардың өте көптігін айтты. Соның ірі-ірі дегендеріне тоқталар болсақ, табанын Ресейден, теріні Түркиядан, ішіндегі жүнді Тараздан алдыртады екен. «Өнімдеріңізді шетелге экспорттағалы жатыр екенсіздер...» – дегенімізде ол өздеріне Ресейден сұраныс түсіп жатқанын айтты. Дегенмен әзірге бір келісімге келе қоймапты, екі жақ та ойланып жатқан­ға ұқсайды.

Ал қысқа арналған аяқ киімдердің табанынан не үшін су өтеді деп сұрағанымызда Алымжан Ибраимов: «Көбіне Қытайдан әкелінетін аяқ киімдер сапасыз, табанынан тез су өткізетін болып келеді. Себебі олар желімді аяқ киім  табанының екі шетіне ғана жағады.  Ал біздікіне табанға тұтастай жағылатындықтан ол су өткізбейді. Оған қоса аяқ киімге қойылатын табандардың сапалысын таңдап аламыз», – деп жауап берді.

«Зарядан» шығатын күздік аяқ киімдер 5000 – 8000 теңге аралығында, қыстық аяқ киімдер 10. 000 – 15. 000 теңге аралығында сатылуда екен.

Әзірге мемлекеттен ақшалай жәрдем алмағанымен облыстық кәсіпкерлік палатасы бұлардың өнімдерін жақсы жарнамалап, тіпті екі-үш рет жәрмеңке де ұйымдастырып беріпті. Алдағы жылдың ақпан айынан бастап әйелдерге және балаларға арналған аяқ киімдер тігетін құрал-жабдықтар алуды және мемлекеттік бағдарламалар бойынша жәрдем алуды жоспарлап отыр екен.

Отандық өнімдердің көбейгені елге де, мемлекетке де тиімді ғой. Кәсіпкерлердің саудасы жүріп, табысы молая берсін дейміз. Ал «Заряның» аяқ киімдеріне тапсырыс беремін деушілер болса, оларға қоңырау шалуына болады.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!