Қазіргідей қалай күнелтсең де өзің біл демейтін заман еді

31.10.2017
Қаралды: 1225

Мен тұрғыластар кеңестік кезеңде өмірге келіп, соның идеясымен көзімізді ашып, нанын  жеп өстік. Соғыс алдында туылғандықтан жастық шағымызда аш та, жалаңаш та болдық. 

Бірақ кеңес өкіметі мен оның бастаушы-бағыттау­шы күші – коммунистік партияның ісіне Құдайдай сендік. Әкелеріміз соғыста өліп, күніміз жарымайтын жәрдемақыға қарап қалса да «әкем Отан үшін қасиетті соғыста опат болды» деп мақтандық. Айта берсек, 70 жылдан астам өмір сүріп, қаһарымен әлемді тітіренткен Кеңес өкіметінің жаман жақтары толып жат­қанымен, жақсы жақтары да көп болатын. Алдымен өзім көрген жақсылықтарына  білгенімше тоқталып  өтейін.

Мектеп жанынан тегін интернат ашып, соғыста әкесі өлген немесе тұрмысы нашар кедей-кепшіктің балаларын тегін жатар орын, төсек,  тамақ беріп  оқытты.   Басқа жақты білмеймін, біздің Созақ ауданынан тәрбиеле­нуші­лерді толық мемлекет тарапынан қамтамасыз ететін  пан­сионат (жетімхана) ашып, бірінші кезекте әкесі майданда қаза болған балалар қа­былданды. Біреуге кең, бі­реуге тар,  ұсқынсыздау болса да киім берді. 11 –12 жаста 42 – 43 мөлшерлі керзі етік сүйретіп жүргеніміз әлі есім­нен кетер емес.  Соғыс сал­ған ауырытпалықтан экономикасы күйреп, етек-жеңін жия алмай жатқанда біз сияқты жетім балалардың жағдайын ойлап, қатарынан қалмай бі­лім алуына қамқорлық жасауы имандылықтың нағыз өзі деп бағалар едім.

Кеңес өкіметінің тағы бір жақсы жағы – қазіргідей «күніңді қалай көрсең олай көр» деп сырт айналу жоқ болатын. Жұмыссыздықпен қат­ты күресетін. Жұмыссыз жүр­ген­дерді ішкі істер органдары бақылауға алып, оларға жұмыс тауып беретін. Жастарды кәсіптік білім беретін оқу орындарына орналастыратын. Жоғары оқу орындарын бітіріп келгендер міндетті түрде мамандығына сай қызмет алатын. Ал қазір елімізде жұмыссыз жүргендер көп. Жұмыс орны бар болса да жеке­меншік иелігіне өтіп кеткен мекеме қожайындары қарамағына тек ағайындарын, құда-жекжат, тамыр-таныстарын алып, басқаларды маңайларына жуытпайды.

Кеңестік кезеңде сайланатын орындардың құрамында  жұмысшы өкілі міндетті түрде болатын. Олар тиісінше жұ­мыс­шы мүддесін қорғайтын. Ал қазір қандай сатылы болмасын сайлау орындарын байлар басып алған. Олар тек өз қалтасы мен ағайын-туыстарының мүддесін қорғайды, құлқындары ақшаға ауып кеткен. Соның салдарынан жоғары эшалонда отырғандар халық қазынасынан миллионды былай қойып, миллиардтап жеуде. Шетінен ұсталып, жазаға тартылып жатса да құлқындарына тиым болар емес. Ал кеңес заманында тиынға жауап беретін. Сондықтан үкімет адамдары артық зат жинауға қорқатын.

Қазіргідей емес, Кеңес үкіметінің мереке күндері де аз болушы еді. Тек 1-қаңтар – Жаңа жыл,  7-қараша – Ұлы қазан социалистік төңкерісі мерекесі, 1-мамыр – Халық­аралық ынтымақ күні, 9-мамыр – Жеңіс күндері ғана тойланатын. Ал қазір не көп, мереке көп. Онсыз да жұмыссыз, екі қолын қусырып қарап жүр­ген  адамға мерекенің көп болғаны не, көп болмағаны не?

Кеңестік кезңде қаржының жаратылуы қатты бақылауға алынып,  тиыны мүдделі жұ­мыстың атқарылуына жұм­са­­латын. Ал қазір жылына әр салаға тендер жарияланады да, алдындағы тендерде ұтып, жасап кеткен нәрсесін жаңадан ұтып алған дөкей тас-тал­қанын шығарып бұзып тастап, өзінше жаңадан бастайды. Осы екі арада мемле­кеттің қыруар қаржысы талан-тараж­ға ұшырап жатады. Қа­уіп­тенгендері мекемесін дереу банкрот деп жариялап, жа­уап­кер­шіліктен құтылып кетіп жатқаны.

Жалпы, Қазақстанның  ас­ты-үсті байлыққа тұнып тұр. Кеңестік кезеңде осы байлық түгел дерлік орталыққа кетіп, Қазақстанда пұшпағы қалып, кедей елдің бірі болғаны да рас. Ал қазір елімізде санаулы кісі байығанымен халқының көбі кедейшілікте  күн кешуде екені де жасырын емес.

Басқа – басқа, кеңес мек­теп­терінде  оқушылар бірдей киініп, үнемі бірыңғай киім үлгісінде жүретін. Балалардың арасындағы әлеуметтік тең­сіздік аңғарылмаушы еді. Ал бүгінде байлардың ұл-қыздары мектепке қымбат шетелдік көлікпен келіп-кетеді.

Кеңес үкіметінің жаман жақтары да жетерлік болды. Үкімет басына келген әр басшы өзінше билік жүргізуге әрекет жасады, халық пікірімен санаспады. Бүкіл алып елді концлагерьге айналдырып жі­берген кезі де болды. Ақыры  небәрі жетпіс жылдам сәл-ақ астам уақыт өмір сүрді.

Ал бүгінде басымызда тұр­ған капита­листік үлгі-үрдістің елімізді қайда алып бара жат­қанына ешкім де көз жеткізе алмауда. Әйтеуір ел тыныш тұрса болғаны деп тілейміз. Осы орайда басшылар тарихтан үлгі алса, ел, жер, Отан, болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кершілігін ұмытпай, дұрыс жұмыс істесе екен дейміз.

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ,

зейнеткер.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!