Тамыршы Сабырға таңқалатындар көп

31.10.2017
Қаралды: 1073

Семей қаласында ағзадағы ауруды тамыр ұстау арқылы анықтайтын Сабыр Сыбанжанов есімді азамат бар. Оны жұрт саусағы білекке тигеннен сырқатты сканер сияқты толық анықтай алады деп айтады.

Биылғы сәуір айында Шымкентте «Шапағат» халық емшілері мекемесі «Ел ішінде емші жүр» деген атпен қайырымдылық бағдарламасын өткізген болатын. Созылмалы сырқаты асқын­ған азаматтарды емшілер талай жылғы тәжірибеден өткен түрлі тәсіл­дермен емдеген еді. Бес күндік бағдарлама барысында біз Сабыр Сыбанжановтың да емдеу әдісіне куә болғанбыз. Мысалы, бірнеше кеселі қатар асқынған зейнеткердің білегін ұстаған ол көздерін тарс жұмып алып, сөйлей жөнелген. Сонда оның қойған диагнозы дәл шығып еді.

Сабыр Сейітқан­ұлы нау­қастың бас-ми тамырларының тарыл­ғанынан бастап, бүкіл ағзасын шолып өтіп, табанына дейінгі әрбір ауыт­қуды тізбектегенде көз алдымызда адам емес, компьютер-сканер тұрғандай әсер алдық. Әсіресе асқазандағы екі жараның көлемі мен оның оң жақ қабырғаға жақын орналасқанына де­йін тап басқаны таңқалдырды. Ішек­тердің жұмысы, бауыр, бүйрек, ондағы құм мен тұз, өт, өкпе мен жүрек те түгел сүзгіден өтті. Аталық без­дегі ауытқу да назардан тыс қалған жоқ. Зейнеткердің дәрігерлер алдында кезекке тұрып, кейбір сынамаларға ақы төлеп, бір ай дегенде анықтаған  анализдерін бұл азамат бас-аяғы алты минутта айтып бере салды. Бірнеше жыл бұрын ауыр зат кө­тергеннен бел омыртқасында жүйке талшығы қысылып қалғанын, оның қазір оң аяқ­тың тізесіне дейін қақсатып ауыр­татынын да тап басты. Төрт жылдан бері дәрі-дәрмекке тә­уелді, жылына екі рет ауруханаға жат­паса жүріп-тұруы қиындайтын зейнет­кердің бес күн ішінде қимылы ширақ тарт­қанын да көрдік.

Жақында бізге емдеу әдісі ерекше бұл азаматпен әңгіме­лесудің сәті түсті.

«1995-жылы жол апатына түстім. Бас-ми жарақатын алғандықтан Қытайға барып ем алуыма тура келген. Сол жерде дертіме дауа болған Тибет медицинасын меңгеруге деген қызығушылығым оянды. Сөйтіп елдегі екі медициналық біліміме қосымша Қытайдың Чанша қаласында тағы да білім алдым. Осылай түбегейлі Шығыс медицинасына бет бұрдым.

Менің медицина саласында еңбек етіп келе жатқаныма биыл 31 жыл болды. Келушілерді ине салу, маг­нит­тік терапия, отпен емдеу, шөппен қыз­дыру, нүктелік массаж бен гуашатерапия тәсілдерімен ем­деймін», – дейді Сабыр Сейітқанұлы.

Оған қоса дәрігер Алтай тауынан жиналған емдік өсімдіктерден тұнба әзірлейді. Яғни оны фитотерапевт десек те жарасады. Ол осы бірнеше ем түрлерін қатар қолданғанда жаныңды жегідей жеген кесел айналасы он күн ішінде келмеске кетеді екен. Жыл­дар бойы мазалаған дертінен жар­ты жылға жетпес уақытта жа­зыл­ған адам да көп. Кешенді осы емнің курсы 15 мың теңге екен. Мұны «Сабыр клиникасында» ем алған азаматтар айтады.

Бір мысал айта кетейік. Сабыр Сейітқанұлына Өскемен қаласынан буын ауруы асқынып, сүйектері қисайғаннан жүре алмай қалған азамат барады. Бұл аурудың енді беті бері қарауы қиын екенін айтқан дәрігер­лер оған мүгедектік тағайындаған. Төсек тартып жатып қалған 67 жастағы азаматтың жазыламын деген үміті де қалмаған. Бірақ 9-12 күндік екі емдік курстан кейін ол таяқты тастап, балдаққа сүйеніп тұра алатын болыпты. Тағы екі рет ем алған соң таяқсыз-ақ емін-еркін жүретін жағдайға жетеді. Ал С.Сыбанжановқа емделуге оны дәрігер ұлы апарған.

Бұл Сабыр Сейітқан­ұлы­ның жал­ғыз жетістігі емес. Оны бүгінде өз отбасының құрметті мүшесі санайтын, алыс-жақыннан хабарласып тұ­ра­тын жандар жетерлік. Шығыс­ Қазақстан жақта С.Сыбанжановтың емі жоқ деген аурулардан құлан-таза айықтыр­ғаны туралы мысал да көп. Соның бірі 2010-жылы бол­ған.

Адамның иммундық жүйесі өз клеткаларына шабуыл жасайтын қызыл жегі  («красная волчанка») деген ауру бар. Медицинада оның емі жоқ, ауру жыл өткен сайын асқынып, адамды мүгедек еткенімен қоймай, бірнеше жылдан кейін өлімге соқ­тырады. Сабырдың дәрі­герлік тарихындағы медициналық сенсация­сы осы диагнозға қатысты. Ол жеті жылдан бері қызыл жегімен ауыратын, аз ғана өмірі қалды деген 46 жастағы Жанна деген келіншекті жарты жылда осы ауруынан құлан-таза айықтырған. Жанна да бүгінде мүгедек деген құ­жаттан құтылған. Соңғы медициналық қорытындылары да оның денсаулығы өте жақсы екенін дәлелдейді.

Білетіндер С.Сыбанжановтың бо­йында тылсым қасиет бар деп санайды. Оның тамыр ұстағанда көзін тарс жұмып алып, тұла-бойыңды түгел сканерден өткізгендей, бар кеселіңді басыңнан бастап, табаныңа дейін түк қалдырмай тізбектеп шығатынының өзі ерекше екенін айттық. Бұл қасиет оған жиырма екі жыл бұрын қоныпты. Жол апатынан кейінгі ауыр жарақатына ем іздеп жүргенде Алматыдағы халық емшілері қауымдастығына барған екен. Мекеме президенті, елімізде емшілер қауымдастығын ал­ғашқылардың бірі болып ашқан Әділхан Ерманов сонда Сабырдың тамырын ұстап отырып, бойында тұнып тұрған қасиет барын байқаған. Оның: «Көп ұзамай аймаққа танылған атақты емші боласың», – деген болжамы дәл келгеніне көпшілік куә. Бұл жайында емші-тамыршы, әрі дәрігер Cабыр Сыбанжановтың жақында жарыққа шыққан «Мың бір дауа» атты кітабында да жазылған. Онда ағза ерекшеліктері, ерлер мен әйелдерге тән ауру түр­лері, қоршаған орта мен ауа құбылыс­тарының денсаулыққа әсері, кейбір кеселдерге қатысты ем түр­лері жайлы көптеген қызықты мәліметтер келтірілген.

...Емші Сабыр Сыбанжановтан телефон арқылы да кеңес алуға болады. Әрине, оған емделу-емделмеу жағын әркімнің өзі шеше­тіні белгілі. Біз тек осындай да емшінің бар екенінен оқырманды құлағдар етуді мақсат тұттық.

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

Сабыр Сыбанжановтың байланыс  телефоны: 8-702-615-54-86.