Ақкөліміз – Ажалкөлге, Қарасуымыз – Қандысуға айналып кетпесін

31.10.2017
Қаралды: 1019

Жақын көршіміз Ресейдің Қазақстан аумағында бірнеше мыңдаған гектар жерді жалға алып отырғаны белгілі. Ол аумақтарға Байқоңырдан ұшырылған ғарыш кемесінің сынықтары құлайды. 

Міне, осы жерлердің пайдаланылу мерзімі алдағы екі жыл ішінде аяқталады. Осыған орай Ресей жағының сұранысы бойынша Қостанай облысының Жангелдин ауданынан аумағы 76 мың гектардан астам жер жалға берілетін болды. Бұған байланысты кешегі аптада бір топ зиялы қауым өкілдері Елбасы Н.Назарбаевқа Ашық хат жолдады. Бұл Ашық хаттың толық мәтіні мынадай:

«Аса құрметті де, қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Өзіңіз бастаған, елдің еңсесі мен рухын көтерген Рухани жаңғыру аясында Қазақстандағы қасиетті жерлерді анықтап, сол тарихи мекендерді қадірлеп, сақтау бойынша республика көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай киелі өңірдің бірі – тарихы терең Торғай даласы.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған Алаш қозғалысына биыл 100 жыл толды. Әлем көз тіккен ЭКСПО-ны ерекше жоғары деңгейге көтеріп, дүниежүзілік дүбірлі шараларды өткізуден өнеге көрсетіп жүрген Қазақстан енді осы жалпыұлттық мереке болуға тиіс Алаш мерейтойына көңіл аударатын шығар деп үміттеніп жүргенде жағымсыз хабар естіп, жабырқап отырған жайымыз бар.

Алаштың айтулы тойына Үкіметтен лайықты тарту күтіп жүргенде – тажал сыйлағалы жатыр ма деп қауіпке бой алдырып отырмыз.

Бұлай дейтініміз, Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының туып-өскен жері – қасиетті Торғай өңірінен Ресей полигоны ашылатыны белгілі болды. Ресейге бұрын да талай жерімізді жалға беріп отырған Қазақ үкіметі сынақ жүргізу үшін енді тағы Қостанай облысы, Жангелдин ауданынан 76 мың гектар жер бөліп беруге келісім жасауда. Кең байтақ киелі Торғай өңіріне енді Байқоңырдан ұшатын Ресейдің «Союз-2» зымырандарының қатерлі бөліктері құлай беретін болады.

Алаш көсемдерінің туған жері… Алаштың 100 жылдығында Алаштың түбіне жеткен Ресейге полигон үшін жалға берілмек…

Алаш ордасы болған ұлы Абайдың отаны Семейді әлемге әйгілі полигонымен жарты ғасырдай жалмап, Алаштың екінші астанасы Қызылордадағы Байқоңырдың барын сорып, Қорқыттың көрін қазып, енді Алаш арыстары туған Торғайдың тоз-тозын шығару Ресей үшін түк те қиын болмай тұр. Бір алаңдатарлығы, осы экологиялық қатерлі өңірдің барлығында 100 пайыз қазақтар тұрады.

Бұрын бұған қарсы болып, үкіметке хат жазған ауыл ақсақалдары Жангелдин ауданына жыл сайын бөлінетін 151 миллион теңгеге құлап түсіпті… Сонымен бірге полигонның нақ іргесінде орналасқан Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем бөлініп, ауыз су тартылмақ екен.

Үкіметтің жедел жәрдемі – «Жедел жәрдемге» айналып кетпейтініне нық сеніп отыр ма екен ауыл белсенділері? Ақкөліміз – Ажалкөл, Қарасуымыз – Қандысу болып жүрмей ме? 151 миллион теңге алған ауданның полигонның экологиялық апатынан табатын қасіреті миллиардтармен де өлшене алмай қалмай ма ертең?

Торғай өңіріне бейбіт мақсатпен бармаған министр Бейбіт Атамқұлов бұған кепілдік бере ала ма? Қасиетті өңірді қорғай алмаған Қор­ғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ертең бұл қатерлі шешімнің сұрауы ауыр болатынын сезер ме екен? Бүгін үкімет не десе де үндемей келісе салған облыстың жері мен еліне жауапты әкім Архимед Мұханбетов мырза ертең не дейді?

Жер Ресейге 3 жылға жалға беріледі дейді. 1956-жылы Өзбектанға 30 жылға деп берілген жер жәннаты Бостандық ауданы қайда қазір? Жалға берілген Жетісай, Мақтаарал, Киров аудандарын кейін зорға жылап жүріп үштен бір бөлігін ғана зорға қайтарып алдық. Қалған жерімізден өзбектер бір облыс ашып алып, жайнап отыр.

Құлаған зымырандардан төгілетін гептилдің Торғай халқының денсаулығына да зор зиян келтіретіні, ауыр зардап шектіретіні анық. Тор­ғай даласы киіктер көктем мен жазда ең көп мекендейтін, тез көбейетін шөбі шүйгін қолайлы өңір. Онсыз да бұрын Торғай даласында киелі киіктердің жүз мыңдап қырылғаны белгілі. Ресей тарапы киіктердің гептилден қырылғанын мойындағаны туралы мәліметтер жарық көруде.

Қазақтың мылтықсыз-ақ жазылмас қауіпті дертке ұшырап, қырыла беруіне қарап отыра береміз бе сонда?

Болашағымызға қауіп төндіретін бұл мәселе «Қазақ үні» газеті бастаған республикалық БАҚ-тар мен сайттарда, әлеуметтік желілерде көтеріліп, ел мазасызданып отыр.

Еліміз қандай тығырыққа тірелсе де Елбасына, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге арқа сүйеп, арызын айтып келеді. Қандай қиын мәселе болса да Сіздің арқаңызда түйіні шешіліп келе жатқанына куәміз. Бұл жолы да қасиетті Тор­ғай өңірінің халқы кең-байтақ жері тоз-тоз болып кетуден қорқып, өзіңізге Ашық хат жазып, араша сұрап отырған жайы бар».

...Ашық хаттың бұл толық мәтіні «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланды. Оған Олжас Сүлейменов, Кенжеғали Сағадиев, Сәбит Досанов, Дулат Исабеков, Жеңісбек Мәулен­құлов, Серік Тұрғынбеков, Қазыбек Иса және басқа – барлығы 17 адам қол қойған. Жұртшылық назарына ұсынылған Ашық хатқа қол қою әлі де жалғасып жатыр.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!