Пара алу үстінде тұтқындалғандардың бастықтары қызметтерінен кете ме?

01.11.2017
Қаралды: 1300

Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда пара алу жаппай жайлап кеткені ешкімге де құпия емес. Қолында құзыреті барлардың ішінен пара алмайтынын табу мүмкін емес нәрсеге айналып бара жатқ­андай.

Сол парақорлардың оқта-текте біреуі сарт етіп қармаққа түседі. Бірақ ол жүздің бірі ғана екенін елдің бәрі де  біледі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз өз сөзінде пара алған адамның тікелей бастығы да қызметтен кетуі керек деген талап қойғаны белгілі. Бұл талап әлі де өз күшінде. Оны ешкім де алып тастаған жоқ.

Ал енді сол орынды талап бүгінде орындалып жатыр ма? Қайсыбір жылы Арыс ауданы әкімінің орынбасары парамен ұсталған кезде аудан әкімі өз қызметінен кетуге мәжбүр болғаны есімізде. Сол сияқты басқа да бірен-саран оқиғалар бол­ған.

Ал қазір ше? Бүгінде сол үрдіс жал­ғасып жатыр ма?

Басқасын айтпағанның өзінде облыста тек соңғы бір айдың ішінде ғана үш бірдей үлкен лауазымды тұлға пара алу үстінде қолға түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюро оларды еріккеннен немесе ермек үшін қамауға алмағаны түсінікті ғой.

Ал бірақ: «Қарамағымдағы адам пара алу үстінде қолға түсіп, масқара болды. Бұған мен де кінәлімін», – деп қызметтен кетпекші болған бірде-бір лауазымды адам көрінбейді. Бәрі де түк білмегендей болып үндемей отыр. Бұл қалай?

Ең әуелі облыстық ішкі саясат бас­қармасының бастығы қамауға алынды. «Пара алды» деген айыппен. Ал енді оның бастықтары неге үнсіз? Ол үшін қызметтен кетуге тиіспін деп неге бірде-бір басшы белсеніп шықпайды? Елбасының сөзі мен талабы қайда қалды сонда?

Одан соң Кентау қаласы әкімінің орынбасары қолға түсті. Ол да «пара алды» деп айыпталып отыр. Оның бас­тығында неге үн жоқ? Оның үні неге естілмейді? «Бұл өзі сұмдық оқиға болды ғой, мен қызметімнен кетпесем болмас», – деген сөз естіле ме? Естілмейтін сияқты ғой.

Ал жақында Түркістан қалалық сотының төрағасы қолға түсіпті деген сөз бұрқ ете қалды. Тағы да сол пара мәселесімен.

Бірақ тағы да сол үнсіздік. Атойлап атып шығып, «Ол менің қарамағымдағы адам еді, сондықтан мені қызметтен алыңыздар», – деген дауысты әлі естіген жоқпыз. Ести қоямыз-ау деп иегіміз қышып та отырған жоқ...

Ал енді осы жағдайлардың бәрі көз жұма қарап, қол қусырып отыра беретіндей тірлік пе? Бір айда үш бірдей өте үлкен лауазымды тұлғалардың ірі көлемдегі пара алу оқиғасы бойынша қолға түсуіне жайбарақат қарауға бола ма?

Бұл төтенше жағдайларға орай облыстағы құқық қорғау органдарының басшылары неге үндемей отыр? Олар неге тиісті мәлімдемелер жасамайды?

Аталмыш оқиғаға орай облыстың әкімі неге халық алдына шығып, бір ауыз сөз айтпайды? Ол неге үн-түнсіз отыр?

Бүгінде қалың бұқараның көкейінде осындай сұрақтар тұр. Қарамағындағы адамдарына ауыр айып тағылып, олар топырлап қармаққа түсіп жатқанда облыстағы үлкен басшылардың қалыс қалуға қақылары бар ма? Әрине, жоқ! Олардың үнсіздік танытуы адамгершілік жағынан да, қызметтік этика тұрғысынан да құптарлық іс емес.

Бұл пікірмен кім де болса келісер деген ойдамыз.

Б. БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!