Заман өзгеруде, «Замана» да өзгереді...

15.11.2017
Қаралды: 864

Құрметті оқырман! Сіздермен өз жаңалығымызды бөлісіп қоюды жөн көрдік. Алдымызда келе жатқан 2018-ші жылдан бастап біздің газетіміздің бет-бейнесі өзгеретін болады.

Иә, қазір күн сайын өзгеріп жатқан заман ғой. Көптеген ұғым-түсініктер де, көзқарастар да өзгеруде, ескі нәрселер жаңаруда. Бұл жағдайлар бізді де ойға салып отырғаны рас.

Сондықтан біз оқырмандар мүддесіне сәйкес «Замана» газетінде де өзгерістер жасауды ұйғардық. Атап айтқанда, алдағы жылдан бастап газетіміздің форматы да, мазмұны да айтарлықтай өзгермек. Әсіресе газеттің баспаханада басылу сапасына ерекше мән беріледі.

«Замананың» қамтитын та­­қы­рып­-­тары мен мақаланы беру тәсілдерінде де жаңалықтар болары анық. Мұның бәрін де біздің тұрақты оқыр­мандарымыз сөзсіз сезінетін болады. Қазір бізде бұған бай­-ланысты дайындық жұмыстары басталып та кетті.

Биылғы жылдың аяқталуына екі айдай ғана уақыт қалды. Қазіргі кезде келесі жылға газет-журналдарға жа­зылу науқаны жүріп жатқаны бел­гілі. Сол себепті біз өз оқырмандарымызды алдағы ой-ниетіміз бен жоспарымыздан хабардар етіп қоюды жөн көрдік.

Қысқасы, қадірлі жанкүйер қауым, өзгерген, жаңарған бет-бейнедегі га­зетімізді тұрақты түрде оқып тұру үшін «Заманаға» осы бастан жазылып қойыңыз, ол шаруаны кейінге қалдырмаңыз! Кейінге бір қалып кеткен шаруаның қиюы қайтып келуі қиын ғой. Сондықтан дәл қазір пысықтық танытыңыз, алдағы жылы да бізбен бірге болудың қамын жасаңыз!

Осы орайда біз әсіресе зейнеткер ата-апаларға, мұғалімдер қауымына, медицина саласының мамандарына ерекше үміт артамыз, олардан әдеттегідей қолдау күтеміз.

Ал жергілікті билік өкілдерінен «Замана» газетінің аяғынан шалмауды сұраймыз, әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына ерік беруді, газеттерді алаламауды өтінеміз. Бұл жөніндегі заңды бұзбауға, азаматтардың конституциялық құқын аяқ асты етпеуге шақырамыз. Кім қандай газетке жазылады – өзі шешсін, кім қанша газет алады – өзі білетін болсын! Ешкімге ешқандай зорлық жасалмасын!

Егер біз елімізде еркіндік, теңдік, әділдік, шындық болуын қаласақ, қоғамымызда демократия қанат жайсын десек, нақ осындай істерде заңдылық сақталуын талап етейік! Басқалардың басынуына жол бермейік! Әділетсіздікке, әлімжеттілікке, әпербақандыққа тосқауыл қояйық!

Құрметті ағайын! Тәуелсіз, еркін ойлы газеттердің тағдыры дәл қазір көзіқарақты оқырманға келіп тіреліп тұр. Егер қалың көпшілік газетке жазылып, қолдау білдірмесе, тәуелсіз басылымдардың ары қарай өмір сүруі де неғайбыл. Ал еркін ойлы, ашық көзқарастағы тәуелсіз басылымдардың жабылуы Сіз бен бізге қажет пе?

Ендеше, ойланайық, нақты істі қолға алайық!

P.S. Газетіміздің жазылу индексі – 65416. «Заманаға» республиканың барлық қалалары мен елді мекендеріндегі газетке жазылу мекемелері арқылы осы бастан алдын-ала жазылуға болады. «Заманаға» алдағы, 2018-жылдың жарты жылына жазылу бағасы 2100 теңге шамасында екенін естеріңізге саламыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ