«Әкімнің қабылдауына кіре алмай жүрмін»

18.10.2017
Қаралды: 1385

Осыдан біршама уақыт бұрын газеттерде Шымкентті көркейту үшін «Қырғы базар» төңірегіндегі көпқабатты кейбір үйлердің бұзылатыны туралы жазылған болатын. 

Бұл сөз кей адамдарды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыра бастаған секілді. Осыған байланысты жуырда Шымкент қаласының тұрғыны Сәбит Төлендиев есімді азамат (суретте) редакцияға хабарласты.

«Бірталай жұрттың баспанасы бұзылатыны туралы естідім, – дейді С.Төлендиев. – Бұл не тірлік, түсінбедім. Әлде үйсіздерге үй беріп, құлағалы тұрған үйлерді жаңартып, басқа да мың сан проблемалардың түйінін тарқатып тастаған ба? Өркениетке қол созамыз деп қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ұмытуға әсте болмаса керек. Халық болмаса билік кімге керек?

Мысалы, мен екінші топтағы мүгедекпін. Кәмелетке толмаған төрт балам бар. Әйелім жұмыссыз. Үйім болса құлағалы тұр. Осыны айту үшін қала әкімінің, тіпті оның орынбасарының қабылдауына кіре алмай жүргеніме екі жыл болды. Енді кімнен көмек сұраймыз?

Осыдан екі жыл бұрын менің үйім тұрған жерде үлкен жарық пайда болды, кәдімгідей жер қақ айырылды. Қорыққанымнан тиісті орындарға хабар бердім, адамдары келіп көріп, саралап, үйді тұруға жарамсыз деп тапты. Бірақ бізге содан бері жергілікті атқарушы билік тарапынан ешқандай жәрдем болған жоқ. Шыны керек, бүгінде үйіміз құлап қалады ма деп оған кіруге де қорқатын болдық. Бірақ басқа баратын жеріміз жоқ. Екі жылдан бері осындай үреймен күн кешіп келеміз. Қала әкіміне үш рет хат жаздым. Бірнеше адамнан құрылған комиссия келеді де, үйді ары айналып, бері айналып көреді, төбесіне шығады, сөйтеді де «тұруға жарамсыз» деген акт толтырып: «Шешімді қабылдайтын – қала әкімі, соған жолығыңыз», – деп кетіп қалады. Ал қала әкімі былай тұрсын, оның орынбасарының да қабылдауына кіре алмай жүр емеспіз бе?

Сөзім дәлелді болуы үшін қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қол қойған хатты назарларыңызға ұсынайын. Онда былай делінген: «Арызда көрсетілген мәселелер бойынша аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері және құзырлы мекемелердің өкілдерімен комиссия құрылып, «Қазығұрт» шағын ауданы, Бұхар көшесі, №100 тұрғын үйдің жағдайына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, көзбен шолу барысында жерасты судың көтерілуі салдарынан үйдің қабырғалары жарылғаны және шатырдың тіректері ажырағаны туралы акт түзілген. Сонымен қатар үйдің жарықшаларының себеп-салдарын анықтау мақсатында тәуелсіз зерделейтін мекеме арқылы өз қаражатыңызға үй айналасы қазылып, жер ылғалдылығы арнайы зертханада тексерілді. Нәтижесінде жерасты суы мен жауын-шашыннан жиналған су салдарынан үй қабырғаларының жарылуы орын алғандығын хабарлаймын».

Мен үшін Б.Жанбосыновтың мұны хабарлауы қажет емес. Бұл туралы онсыз да білемін. Тексергендер акт беріп кеткен. Маған керегі – үй. Мына апаттық жағдайдағы үйімді алсын да, орнына басқасын берсін. Онсыз да бүтін үйлерді бұзып, иелеріне жаңа пәтер бергелі жатыр екен. Олардан менің қай жерім кем?

Үй кезегіне тұру үшін де талай табалдырықты тоздырдым. Негізі маған үй кезегіне тұру да тиімсіз. Үй аламын деп 20-30 жыл күтіп жүретін жағдайым жоқ. Мамандар маған мүгедектігім, көпбалалы отбасының арқасүйері екендігім және үйімнің апаттық жағдайда болғандығы үшін кезексіз үй беруге болатынын айтты. Ол үшін әкімнің арнайы шешімі керек екен. Ал маған сол шешімге қол жеткізу үшін әкімге кіру қиын болып тұр. Сіздерден өтініш, маған көмектесіңіздер. Құлаған қабырғаның астында қалмай тұрғанда жанайқайымды қала басшылығына жеткізсеңіздер екен».

Шымкенттік С.Төлендиев осылай дейді. Біз Шымкент қаласының әкімі мен оның орынбасарларының құлағына мүгедек жанның осы жанайқайы жететін шығар және қандай да бір оң шешім шығатын болар деп ойлаймыз.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!