200-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді

18.10.2017
Қаралды: 152

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «Агрофирма Жаңа Ақдала» серіктестігінің (Арыс ауданы) атқарып жат­қан істері жайында біз кезінде жазғанбыз. 

Ол бірнеше жылдан бері қызанақ өсіріп, өңдеумен айналысып келеді. Өзінің дұрыс жол­ға қойылған жұмыстары арқылы ол бүгінде облысымыздағы маңдайалды дерлік кәсіпорындар қатарынан орын алып отыр. Енді көп ұзамай оның жұмысы жаңа қарқынмен өрістемек, ол алдағы кездері өзі осы уақытқа дейін өндіріп келген томат концентратынан дайын томат пастасын шығаруды бастамақ.

Жалпы, биыл бұл серіктестік үшін берекелі жыл болғалы тұр. Қызанақ бітік өскен. Алқаптан бүгінгі күндерге дейін 12 мың тонна қызанақ терілді, алдағы жиналатынының да көлемі бұдан кем түспейтіндей болып тұр.

Бұл серіктестік өзінің ісімен облыс экономикасының дамуына ерекше үлес қосып отыр десек болады. Тонналап өнім өткізеді, сонымен қатар көптеген адамдарды жұмыспен қамтиды, олардың жағдайын жасайды. Бүгінде мұнда 200-ден аса адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Дегенмен өнімді жинайтын кезде тағы да қосымша қол күші қажет болады. Яғни бұл – маусымдық жұмыстан нәпақа табатындар үшін де қуанышты кезең. Қосымша табыс іздеген бірнеше ондаған адамдар қызанақ теруге атсалысады. Бұл – агрофирма тағы да жүздеген адамды қосымша жұмыспен қамтып, талай отбасыға табыс табуға мүмкіндік жасап отыр деген сөз.

«Агрофирма Жаңа Ақдала» серіктестігінің бұл жеткен биігінде тоқтап қалмасы анық. Оған дәлел – енді онда қызанақтан осыған дейін алынып келген томат концентратынан жаңа өнім шығаратын қондырғы пайда болды. Оны кәсіпорынға орнатып та қойды, ол көп ұзамай-ақ  іске қосылады.

Қысқасы, алдағы уақытта аталған агрофирмадан шығарылған томат пастасы тұтынушыға жол тартатын болады. Ол шыны ыдыста шығарылады. «Агрофирма Жаңа Ақдала»  серіктестігі осы арқылы басқа облыстарға да таныла түспек, оның өнімдерін еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары да тұтынатын болады.

Міне, бүгінде бұл агрофирманың қарқыны осындай болып тұр. Іске – сәт дейміз оларға.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ