Салынатын үйлер көбейіп, жұрттың жағдайы жақсарса дейміз

18.10.2017
Қаралды: 111

Күздің бірінші айы да ортасына жақындады. Енді үш айдан соң бұл жыл да аяқталады. Осыған орай атқарылған істерге есеп беріліп жатыр.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс саласында жұмыс­тар қарқынды жүріп жатыр екен. Бұл жөнінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев арнайы өткізілген брифингте айтып берді.

Құрылыс басқармасы басшысының баяндамасынан бұл салада біршама жұмыстар атқарылғаны белгілі болды. Мысалы, жыл басынан бері облысымыз аумағында 3783 пәтер пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін тағы да 6 мың отбасы баспаналы болып қуанбақ. Яғни бүгінде 116 үйдің құрылысы толығынан біткелі тұр. Жалпы, бүгінде облысымызда 263 үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен.

Үйлер мемлекеттік бюджет пен ұлттық компаниялар есе­бінен салынуда. Сондай-ақ бұл іске жеке кәсіпкерлер де атсалысуда. Мемлекет – 108 үйдің, ұлттық компаниялар 45 үйдің құрылысын жүргізуде. Олардың басым бөлігі биылғы жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Ал жеке кәсіпкерлер 102 үй салуда, олардың 6-уының құрылысы жыл соңына дейін аяқталғалы отыр.

...Мемлекеттің халық денсау­лығын жақсарту бағытында да көптеген бағдарламаларды қолға алғаны белгілі. Осыған орай облысымызда бірнеше емдеу-са­уықтыру нысандары да салынуда. Оңтүстікте бұл салаға қатыс­ты 38 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, олардың да басым бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болып жоспарланыпты.

Сондай-ақ Оңтүстікте мемле­кеттік бағдарлама аясында мектептер де салынып жатқаны белгілі. Олардың көбінің жұмысы аяқталуға таяу екен. 32 мектептің құрылысы жүріп жатқан болса, олардың 13-інің құрылыс жұмыстарының аяқталуы алдағы 2018-жылдың еншісіне өтпек. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында қолға алынған шаруалар.

Бүгінде облысымызда республикалық бюджет есебінен 4 мектеп пен 1 мектеп-интернаттың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, олар да алдағы жылы  пайдалануға беріледі. Облыстың өзі 39 мектеп пен 3 колледждің құрылысына қаржы бөліпті. Осы мектептердің 8-і бүгінде пайдалануға беріліп те қойған.

...Қысқасы, облысымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Үйлер көбірек салына берсе дейміз. Өйткені үй болса, күй де болады. Бұл әсіресе баспанаға өз күшімен қолы жетпей жүргендер үшін үлкен мәселе екені белгілі.

Осы орайда жеке үй салуға берілетін жер телімдері жөнінде де айта кетсек дейміз. Бүгінде облысымызда бұған қатысты тізімде 145 мыңнан аса адам тұрады екен. Ал жер телімдерін бөлудің тоқтатылғанына бірнеше жыл болды, алдымен инфрақұрылымдық жұмыстары реттеліп, жер содан кейін беріледі деп айтылған еді. Бұл істі енді соза бермеу керек шығар. Жер берілсе, талай адам әрекеттеніп, үйді өздері-ақ салып алар еді.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!