Солтүстікке көшкендердің жағдайы қалай?

18.10.2017
Қаралды: 1946

Шымкентке Қытайдың Алтай өңірінен қоныс аудар­ған ақын, Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, ұлтжанды азамат Нұрхан Сұлтанбайұлын жұртшылық біледі. 

Газетімізде  кезінде ол кісі туралы, оның шығармашылығы жөнінде бірнеше мақалалар жариялағанбыз. Бүгінде Нұрекең шығармашылықпен қоса қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан бой көрсетіп жүр. Осы орайда ол таяуда Солтүстік Қазақстан облысына барып қайтты. Сапарынан орал­ғасын бізге ол кісімен сұхбаттас болудың сәті түсті.

– Нұреке, Солтүстік Қа­зақ­станға қандай мақсатпен барған едіңіз?

– Мен басында Алматыға бір жұмыстармен барған болатынмын, кейін бұрын ойға алынған шаруалардың ре­тімен бір топ азаматтармен бірге Талдықорған жаққа, Шығыс Қазақстан облысына бардық. Сосын жігіттер Солтүстік Қазақстан облысын да көріп қайтайық дегесін соларға ерген едім. Жанымдағы кісілер Аққайың ауданында болғасын кері қайтты да, мен ақыры келдім ғой, мұндағы жұрттың, шет елдерден, мемлекеттік бағдарламамен басқа облыс­тардан көшіп келіп жатқан қандастарымыздың жағдайымен танысайын деп сонда қалып қойдым.

Жалпы, біз 2009-жылы Астанада «Нұр Алтай» деген серіктестік құрғанбыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Алаш азаматы» деп аталатын қоғамдық қор құрдық. Сосын «Нұр Алтайды» жабу керек болды. Оны жаптық, енді қоғамдық қордың жұмысын жолға қоюға әрекеттеніп жатырмыз. Әу бастан бергі мақсатымыз – шетелдік қандастарымызға, көшіп келіп жатқан, шекарадан өтуге мүмкіндігі болмай жүрген бауырларға түрлі мә­се­лелерде қолдан келгенше жәрдем жасау. Қор жұмысын жандандыруға кәсіпкер азаматтар атсалысса деген ойымыз бар. Солтүстік Қазақстан облысын аралап көргім ке­луінің бір себебі де осында.

– Ол жақта қанша уақыт болдыңыз?

– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың алдына кіре алмадым. Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменовтен көмек сұрадым. Ол кісі жаныма орынбасарын қосып берді, сосын облыстық жұ­мыспен қамту басқармасында істейтін Ерлан деген жігіт­­тен  біраз мәліметтер алдым. Кейін бұрын облыстық газетте істеген Нұрсайын Шәріп деген азаматты тауып, сол кісінің көмегімен облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақып­кереевтің қабылдауында болдым. Ол кісіге облыстарына келіп қоныстанып жатқандардың жағдайымен танысқым келетінін, Оңтүстікке оралғасын оған қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу ойым барын айттым. Облыс әкімінің орынбасары тиісті мекеме басшыларына тапсырма бер­ді. Аудандардағы жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары әрқайсысы мені аудан шекарасында көлікпен күтіп алып, ауылдарды аралатты. Жиырма күндей ел араладым.

– Ол жаққа барып қо­ныс­танып жатқандардың ахуалы қалай, оларға қандай жағдайлар жасалып жатыр екен?

– Баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етеді, қаржылай қолдау көрсетуде. Жеке үй салуға тегін 35 соттық жер береді. Қалада болмаса, ауылды жерлерде үй бағасы арзан екен. Үйді 100 мың теңге мен 500 мың теңге аралығында алуға болады.

Аққайың ауданындағы Аралағаш ауыл округіне қа­рас­ты Амангелді деген ауылда болдым. Бұрын 100 шаңырақ болған екен, адамдары басқа облыстарға, Ресейге көшіп кетіп, бүгінде 12-ақ үй қалыпты. Өзі күре жолдың бойында, пойыз жолы да жақын. Сонда Төлеген деген кісінің үйінде болдым. Мал ұстайды, қымыз өндіреді, жағдайлары өте жақсы. Ауылдары шаруашылық ұстауға өте қолайлы екен. Сондықтан мен Аққайың ауданының әкіміне ол ауылға Оңтүстіктен 70-тей отбасын көшіріп әкелу жөнінде хат жаздым, бірақ оны жеткізудің сәті түспеді, енді почта арқылы жібер­мекпін.

Ол жақта мемлекеттен ғана емес, жеке кәсіпкер­лерден де көмек көп. Қарағаш деген жерде Біржан Айсин деген жігіттің 40 – 50 отбасыны жұмыспен қамтып отырғанын көрдім. Өзінің шағын нан зауыты бар, жұмысшыларын үш мезгіл тегін тамақтандырады екен. Қытайдан көшіп келген екі азамат 200 сиырын кезек бағып, 70 мың теңге жалақымен күн көріп отыр. Әйеліне ақыға бие сауғызады екен. Оларға Біржан үйді тегін беріпті.

Уәлиханов ауданында Сарыағаштан қоныс аударған Махамбет деген кісінің үйінде болдым. 22 гектар жерді жал­ға алыпты, онда көл бар, соған балық өсірмек ниетте екен. Егін, бау-бақша егіпті. Жұбайы Нәзипа бұрын инсульт алған, бір аяқ, бір қолы жансызданған екен, солтүс­тіктің ауасы жағып, денсаулығы түзеліп кетіпті.

Айыртау ауданында Қы­зыл­орданың Шиелісінен барған Бақытжан деген  жас жігітпен әңгімелестім. 24 сиыр, 300 қаз өсіруде, 100 гектар жерді 10 жылға жалға алыпты. 6 пайыз өсіммен 2 миллион теңге несие алған. Өзі мектепте шаруашылық ісінің меңгерушісі болып істейді екен.

Ол жаққа Ресейдің Омбы облысынан, Қытайдан қоныс аударып барып тұрып жат­қандар да баршылық. Есіл ауданының Қаратас ауылында тұратын Әбілтай деген бір қария шетелден келген әр қазаққа бір танадан беретінін айтты. Оны өсіріп, сүтін пайдаланып, бұзауларын алып, кейін жағдайы көтерілгесін қайтарады екен. Қысқасы, жекелеген жергілікті азаматтар тарапынан да қолдау жақсы. Демографиялық ахуал төмен, кейбір мектеп­терінде оқушылар жетіспейді. Тіпті 300 адамдық бір мектепте 3 бала оқып жүргенін де көрдім.  Сондықтан ол жаққа көпбалалы отбасылар барса, қу­анады екен. Көмектесеміз, қолдаймыз деп отыр.

– Дегенмен Оңтүстіктің адамдары жұмсақ климатқа үйренген ғой, ол жақта күн суық деп қорқады...

– Салқындау шығар, дегенмен өмір сүруге болады. Ең бастысы, табиғаты жақсы, ауасы таза, жері кең, шаруашылық ұстауға жағдай бар.

– Ол жақта қандай мамандарға сұраныс көп екен?

– Ол жаққа мұғалімдер, дәрігерлер, механизаторлар, түрлі саладағы кәсіпкерлікті дамытатын адамдар көп қа­жет екенін естідім. Жалпы, өзімнің түйген ойым: халықты ол жаққа барып қоныстануға ынталандыра түсу керек. Баспанамен қамтамасыз етіп, 5 – 10, 50 – 60, тіпті 100 – 200 үйден көшіріп апарса болатындай екен. 20 шақты үй біріге көшіп барса, шаруа кооперативін құруға болады, оған несие 6 пайыз ғана өсіммен беріледі. Қысқасы, тұрмысымды көтеремін деген адамға ол жақта жағдай бар екенін айтқым келеді.

– Бұл айтқандарыңыздан талай адамның ой түйері анық. Әңгімеңізге рахмет!

Р. ҚЫДЫР.

Нұрхан Сұлтанбайұлының байланыс телефоны: 8-702-319-04-61.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!