90 - ға толған қаламгер қалай күнелтіп жүр?

18.10.2017
Қаралды: 1552

Жазушы-драматург, тарихшы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов 90 жасқа толды. 

«Шаянның Шолоховы» атанған, халық мойындаған жазушының қаламынан «Ақбақай», «Келіншектау», «Көксеңгір», «Темірлан», «Бәйдібек» сияқты повестер мен тарихи-танымдық романдар туындаған. Және ол шығармалар әлдеқашан халық қазынасына, қазақ әдебиетінің алтын қорына айналған. Мерейтой қарсаңында біз жазушының өзімен әңгімелескен едік.

– Еркінбек аға, мейрейтой құтты болсын! Тоқсан жасқа келген қалай екен?

– Рахмет, айналайын! Тоқсан жасқа келгеннің қалай екенін басынан кешкендер ғана біледі ғой. Баяғы заманда Жамбыл 90-ға келіпті десе таңқалатынбыз, бізге бейне бір алынбас асу сияқты көрінетін. Бала күннен қиын заманды көрдік. Соған қарамастан оқыдық, өстік, еңбек еттік. Қауырт, қарбалас тір­шілікпен шапқылап жүріп жазуға да уақыт таптық. Осылай күн артынан күн өтіп жүргенде тоқсанға да келіп қалыппыз. Тоқсан дегенің мынау тұрған жер екен ғой.

– Ал тұрмыс жағдайыңыз қалай? Қайда тұрып жатырсыз? Зейнетақыңыз күнкөрісіңізге жете ме?

– Е, айналайын, мына заман өте жақсы заман ғой. Баяғы біздің көрген қиыншылықтарды қазіргі жастардың басына бермесін. Небір қилы-қилы күндерді өткердік. Қо­ғамға, елге шамамыз келгенше еңбек еттік. 46 жылым Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян ауылында өтті. Ауылда отырып-ақ бүкіл елге пайдасы тиетін тарихи кі­таптарды жаздым. Ал енді кейінгі кезде мынау облыстың басшылары «Қалаға келсе­ңізші. Рухани мәселелермен айналысатын өзіңіздей кісілер керек боп тұр. Бәйдібек бидің ескерткішін орнатуымыз керек, соның басы-қасында болыңыз»,–  деді. Қаладан үй берді. Содан бері Шым­кенттемін. Бүкіл саналы ғұмырым ауылда, Шаянда өткен соң ба, сол жаққа қарай бүйрегім бұрып тұрады. Жақын жер ғой, жиі-жиі барып тұрамын. Балабөгенде тарихи орталық бар, соған жиі барып, хабар алып тұрамын.

Ал енді материалдық жағдайым, Құдайға шүкір, жақсы. Жазған кітаптарым жақсы таралды, өтімді болды. Одан түскен қаражатты әлгі Бала­бөгендегі тарихи орталыққа жұмсап келеміз. Ал өзіме мемлекеттен берілетін 100 мыңның төңірегін­дегі зейнетақым жетеді. Дәрі-дәрмегіме, жүріп-тұрғаныма дегендей... Жетеді, Құдайға шүкір.

– Аға, жалпы, адамның нағыз кемеліне келген, па­йым-парасаты толысқан кезі деп қай жасты айтуға болады екен?

– Адам жас кезде албырт болады, үлкейген сайын кемелдене түседі. Міне, жасым тоқсанға келсе де болдым-толдым деп айта алмаймын. Күннен-күнге ойымыз толысып, жаңа бір нәрсемен танысып жатырмыз. Дегенмен де адамның нағыз кемеліне келген шағы деп 50 мен 60 жастың арасын айтуға болатын сияқты. Өз басым жас кезден қолыма қалам алып, жазушылықпен айналыссам да нағыз елге пайдасы тиетін әдеби, тарихи шығармаларымды сол 60 жастың айналасында жаздым.

– Қазір де қаламнан қол үзбеген шығарсыз?

– Жазуды тоқтатқан жоқпын. Менде таусылмайтын, мәңгілік тақырып бар – «Мәң­гілік сарын» деген. Сол жолмен өмірден өткен танымал тұлғалар жайлы, нақты айт­қанда, сонау Шыңғыс ханнан басталып, соңында кешегі өзіміз көзін көрген-көрмеген Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момыш­ұлы, Иса Байзақов, Асанбай Асқаров, Жұмабек Тәшенов секілді біртуар азаматтардың өмірі туралы зерттеп, жазып жатырмын. Құдай аманшылық берсе, жаза беремін. Одан басқа қолымнан ештеңе келмейді.

– Тіл-көзіміз тасқа, тоқсанға келсеңіз де тың кө­рінесіз. Мұның қандай да бір құпия сыры бар ма? Денсау­лығыңыз қалай?

– Менің жасымдағыларда денсаулық қалай болсын? Дегенмен өн-бойыма қарт Қаратаудың тынық ауасы қуат берген шығар, әулие-әмбиелер қолдаған шығар деп ойлаймын. Соның арқасында денсаулығым жақсы. Көңілім биікте. Жас күндегідей шарықтап тұр. Өзімнен кейінгі іні­леріммен, балаларыммен бірге жиі кездесіп, әңгімелесіп тұрғасын ба, кейде қартайып қалғаным естен де шығып кетеді. Тың жүруімнің сыры осында болса керек. Жалпы, адам әр атқан таңына шү­кіршілік етіп, көңілді жүруі керек. Көңілді жүрген адам тез қартаймайды.

– Сіздің үйдегі апаның осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден өткенін білеміз. Иманды болсын! Одан кейін де жаныңызда бір апай жүруші еді. Ол кісі қазір қайда?

– Иә, ол кісінің есімі – Сәуле. Құдайға шүкір, аман-есен жүр. Ол кісі – өресі өте биік, пайым-парасаты жоғары жан. Кейінгі он жылдың көлемінде маған, менің шығармашылығыма көп жәрдемі тиді. Қазақ, орыс тілдерін жетік біледі, көп кітаптарыма корректорлық етті.  Өзі де жақсы адам, жақсы кісінің қызы. Өмірден өткен апаң көзі тірісінде Сәулені танитын. Көз жұмардан алдын Сәулеге: «Мына ағаңа қарайласып тұр. Жәрдеміңді аяма!» – деп тапсырған. Соны толығымен орындады. Қазір елде, ауылда тұрады. Әлі де арамызда хат-хабар үзілген емес.

– Ұл-қыз, немере-шөбе­ре­лердің ішінен сіздің жолыңызды қуғандар бар ма?

– Құдайға шүкір, 4 келін алдық, 4 қызды ұзаттық. Одан тарағандарды осы күнге дейін санамаған екенмін. Қайбір күні «Отырар» кітапханасының алдында отбасылық суретке түспекші болып жиналып едік, жалпы санымыз 60-тан асады екен. Соны көріп іштей тәубе дедім. Ал енді олардың қайсысы жолыңды қуды де­геніңе айтайын, бәрі, әсі­ресе қыздарым әдебиетке жақын болды. Кітапты көп оқиды. Ал ұлдарымның, ұл немере­ле­рімнің көбі әскери қызметті таңдады. Органда еңбек етіп жүр. Оларға менің жазушылығымнан гөрі тауға құмарлығым жұққан сияқты. Аң аулағанды, тауға сая­хат жасағанды ұнатады. Менің түсінігімде жазушылықпен айналысу үшін де Құдай бойыңа талант беруі керек сияқты.

– Уақыт бөліп, әңгімелес­кеніңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан – С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!