Әке сүтін емген Әтіркүл

17.10.2017
Қаралды: 165

Бүгінде ел ішінде не көп, емші-тәуіп, бақсы-балгер көп. Көптігі сонша, қазір олар өз қызметін жарнамалау жолында түрлі айла-тәсілдерге барып жүр. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әтіркүл Қырғызбайқызы өзін мен емшімін, аурудың мына түрін емдей аламын деп айта бермейді.

 Себебі ол кісі «Әр дерттің шипасы – Алладан» дегенді ұстанады. Күпірлік етемін бе деп қорқады. Әйтсе де ол кісінің шарапатын көргендер, дерттерінен құлан-таза айығып кеткендердің қарасы өте көп. Олардың арасында тіпті белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, алты Алашты аузына қаратқан ақындар да бар. Таяуда біз Әтіркүл апаймен сұхбаттас болдық.

– Әтіркүл Қырғызбайқызы, әңгі­мемізді өзіңіздің өмірбаяныңыздан бастасақ... Емшілік жолыңыз қалай басталып еді?

– Мен 1953-жылы Жамбыл облысы, бұрынғы Шу ауданы, Абай атындағы совхозда дүниеге келдім. Шешем мені 47 жасында өмірге әкелген. Ол кісі маған дейін 12 перзент сүйген екен. Алайда соның 8-і әртүрлі себептермен ше­тінеп кете беріпті. Ал мені туған кезде шешем соқырішек болып ауырыпты да, қиналғаннан емізе алмай қалыпты. Өзі ауруханада қалып, мені әкеме беріп жіберіпті. Бие сүтін қанағат тұтпай жылай берген менің аузыма әкем өз кеудесін тосады екен. Алдындағы балалары шетінеп кете бергесін әкем маған бар мейірімін төкті ме, әлде Алла мені аштан өлмесін деді ме, сізге өтірік, маған шын, әкемнің кеудесінен сүт шығып, мен соны емген екенмін. Оны кейіннен, 3-ші сыныпта оқып жүргенде бір-ақ білдім. Онда да білер ме едім, білмес пе едім, көрші үйдің қызының қуыршағын балалықпен алып қойыппын, соны көрген әлгі қыздың әкесі: «Әй, қызымның қуыршағын сен алып қойдың ба? Ана сүтін емес, әке сүтін емгеніңді осыдан-ақ білуге болады!» – деп ұрысты. Сонда үйге жылап барғаным есімде. Әкем марқұм: «Елдің бәрі ана сүтін емгенде сен әке сүтін емдің. Несіне намыстанасың? Қайта қуануың керек. Еркек болып мен намыстанған емеспін. Баламды аштан қалдырмай, өзім емізіп өсіргеніме мен қайта шүкіршілік етемін», – деп жұбат­қан еді. Кейіннен, есейе келе білдім ғой. Күні бойы тоған қазып, сыртта еңбек етіп жүретін әкемнің кеудесі иіп, жиналған сүті ағып кетеді екен, жарықтық. Міне, менің сәби кезім осындай ерекшелігімен есімде қалған.

Мен 7 айлығымда қатты сырқаттаныппын. Алдыңғы балалары шетіней бергесін әкемнің жаны қалмай, ауылдағы үлкен молдаға апарып көрсетіпті. Ол кісі кітапты ашып қарапты да: «Әй, Қырғызбай, неге жылайсың? Бұл балаға Алланың ерекше назары түсіп тұр ғой. Қазір мен дем саламын, жарты сағатта есін жинайды. Ал өскенде түкірігі жерге түспейтін емші болайын деп тұр. Балаңды ұрма, соқпа! Жақсылап бақ. Өскенде сәті түссе Бұқараға немесе Самарқан­ға оқуға жібер, арабша тіл сындырсын», – деп болжаған екен. Содан әкем мен өскенде: «Шырағым Әтір, бала күніңде молда маған осылай деп еді. Мойныма қарыз болмасын, оқимын десең сені Самарқанға жіберейін», – деп ойын айт­ты. Ол заманда жұрттың бәрі атеистік көзқараспен өмір сүретін еді. Маған әкемнің ұсынысы ерсілеу көрінді де: «Әке, дәрігерлікті оқимын», – деп тұрып алдым. Содан мал дәрігері институтына түсіп, бітіріп шықтым. Дегенмен студенттік шақтан бастап жанымдағы құрбыларым ауырып қалса, оларды қолымның биотогымен емдей бастадым. Осылайша емшілік жолға түстім. Баяғы молда атаның айтқаны айдай келді.

– Сонда сіз бүгінде нақты қандай ауруды емдей аласыз?

– Осы сұраққа жауап берерде іштей қиналамын. Жалпы, мен мына ауруды емдей аламын деп айтсам Алланың алдында күнә жасағандай күй кешемін. Себебі әр дерттің емделу-емделмеуі Аллаға ғана аян. Мың жерден мықты емші бол, тәуіп, бақсы-балгер бол, Алла қаламаса, онда сенің емшілігіңнің құны көк тиын. Ал енді, былайша айтар болсам, қазір ел ішінде қан қысымы жоғары жандар көбейіп кетті ғой. Сондай дерт­ке шипа бар. Одан бөлек, ми шай­қалуы, нерв жүйелері, жүрек пен бауыр аурулары, гайморит, полиартрит, остеомиелит, қансоқта сырқаттарын да емдеу­ге болады. Сал болып қалғандар, бүйрегі төмендеп кеткендер, сүйегі сынғандар да, күйіп қалғандар да алдыма талай рет келген. Емделген. Тоқ ішектің айналып кетуі (геморрой), іштің жүрмей қалуы, алқымісік (зоб) ауруларының да емделу жолын білемін.

– Құпия болмаса, емдеу ақысы қанша тұрады?

– Шырағым, дәл осы заманда тегін ештеңе жоқ, оны өзің де білесің. Біреулер емшілерге барып: «Саған бұл қасиетті Алла берді ғой, неге пұлдап отырсың?» – деп ақыл айтады. «Алла берді» деп бәрін тегін емдей берсек біз қалай күн көреміз? Осы нәрсені дұрыс түсінген жөн. Ал енді нақты қанша екенін мен кесіп-пішіп айта алмаймын. Оны аурудың түріне қарап анықтаймын.

– Әтіркүл апай, жалпы, соңғы кездері таяқ лақтырсаң емшіге тиетін болды. Осылардың арасынан нағыз емшіні қалай ажыратуға болады? Білгеніңізбен бөлісіңізші.

– Бұл дүниеде Алланың құдіретінсіз ештеңе болмайды. Сондықтан «Әруақтар аян берді», «Аталарымнан бата алдым» дейтіндерді өз басым түсінбеймін. Адамды емдеу үшін кішкене де болса медициналық білімі болғаны дұрыс. Адамның физиологиялық, анатомиялық ерекшеліктерін білуі тиіс. Кей емшілер бар, эпилепсияға шалдыққан, шизофрениямен ауыратын, жиі қысылып қала беретіндерді «Әруақ қысып жатыр» деп автобусқа салып алады да, әулиелерді аралатуға шығады. Өзі ауру адам әлгіндей жағдайға көп энергиясын жұмсап, соңында мүлдем есінен адасып қалуы мүмкін. Осындайдан сақтанған жөн. Жалпы, нағыз емші алдына келген науқасқа мейірімін аямай төгуі тиіс. Жаны қысылып тұрған пендеге жылы сөзден артық шипа жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет, абыройыңыз арта берсін!

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

P.S. Әтіркүл емші қазір Жамбыл облысына қарасты Меркі ауылында, Есенин көшесінде тұрады. Дертіне шипа іздегендерге емшінің есігі әрдайым ашық.  Алайда алдына бармас бұрын ол кісінің өзімен хабарласып алған жөн.

Әтіркүл емшінің байланыс телефоны: 8-701-556-41-49.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!