Қымбатшылық қылқындырып барады

16.10.2017
Қаралды: 1410

Бүгінде қымбатшылық жұрттың жағасынан алып тұр. Қарапа­йым халық арасында алдағы күнім қандай болар екен деп уа­йымға батып жүргендер өте көп.

30 мың теңгеге 1 тонна көмір келе ме?

Таяуда жолымыз түсіп Ленгір қаласына барған едік. Жолда Шымкентте тұратын Ләйла есімді бір әйелмен сапарлас болдық. Жас шамасы 35-тердегі әйел әлденеге қуанышты екен, жанындағыларға самбырлай әңгіме айтумен болды. Сөйтсек, ол қаладағы мұнай өңдеу зауытының жанындағы бір шағын кәсіпорынға еден жуушы болып жұмыс­қа кірген екен. «Айлығым – 30 мың теңге. Жұмысқа тұруыма бір мың болғыр адам көмектесті», – деп мәз болып отыр.

30 мың теңге жалақыға қуанған адам­ға таңқалғанбыз. Сосын одан жөн сұрадық.

Ләйла өзінің ешқандай да мамандығы жоғын, осы уақытқа дейін түрлі жұмыстарды жалданып істеп келгенін айт­ты. Өзі үш баланың анасы, күйеуі жал­ға алып көлік жүргізеді екен. «Бұған да шүкір, әйтеуір «пенсионный» жүретін жұмысқа кірдім», – дейді Ләйла.

Барған жұмысымызды бітіргесін Шымкентке таксимен қайттық. Бұл жолы көлік ішіндегілердің тақырыбы көмірге байланысты болды. Оның тым қымбат екенін, күн санап құны артып бара жатқанын айтысты.

«Қазір жұрт көмірдің тоннасын «доставкасымен» қосқанда 21 мың теңгеден алып жатыр, – дейді Өмірбай есімді азамат. – Жазда 15 мыңнан еді, мен аламын деп жүргенде қымбаттап кетті. Менің өзім үйге көмірді өткен қыркүйек айында алдым. Қымбаттап кетіпті, 72 мың теңгеге 4 тоннасын түсірдім. Соның өзіне де шүкір, әйтпесе жұрт қазір ақшасына көмір таппай жүр».

Өмірбайдан білге­німіз – өткен жылы жаз соңына қарай көмірдің тоннасы 11 мың теңгенің шамасында болыпты. 2016-жылдың қыркүйек айында оның бағасы тоннасына 14 мың теңгеге, ал қыста 22 мың теңгеге дейін жеткен екен. «Алдағы қыста тоннасы 25 мың теңгеге жететін шығар» деп топшыладық іштей. Есімізге Ленгірге барар жолда кезіккен Ләйла түсе кетті. 30 мың теңге жалақы беретін жұмыс­қа тұрған ол егер көмір алар болса, айлық жалақысы 1 тонна көмірден әзер артылады екен-ау.

Бүгінде осылай «шықпа, жаным, шықпамен» тіршілік етіп жүрген жандар қаншама десеңізші!

Бензин бағасы өспесе, түспейді-ау...

Қазір бензин бағасы да қымбат. Бас-аяғы бірер күннің ішінде ғана оның литрінің құны 150 теңгеге бір-ақ барды. Біздің жақтың көлік иелері осыған да шүкір деп жүр. Оны басқа облыстарда бензиннің «дефицитке» айналғанына қарап айтады да. Әйтпесе осыған қуанып отыр дейсіз бе?

Теледидар жаңалықтарында бензин мәселесі бір апта бойы жыр болды. Бұған жол бергендердің жазаланатыны туралы айтылды. Бірақ одан халыққа не пайда?

Бензин бағасы осы деңгейінен қымбаттамаса, арзандай қоймайды-ау. Себебі жанар-жағармайдың біразын біз Ресейден алады екенбіз. Басшылардың айтуынша, ондағы баға 37 рубль екен. Яғни жалпылама сұранысқа ие маркасының литрінің құны осындай дейді. Бұл – біздің ақшаға шаққанда 220 теңгенің шамасы.

Ресеймен бір экономикалық кеңіс­тіктеміз, бағалар шамалас болуы керек дегенді басшылар талай рет  айтқан. Соған қарағанда, бензиннің бағасы 150 теңге деген әзірге «әуп!» деп бір көтеріп алған баға сияқты.

Ал бензин қымбаттаса не болатыны белгілі. Бірінші кезекте азық-түлік бағасы өсе бастайды. Адамдар бәрібір де ішпей-жемей тұра алмайды, бағасы аспандап тұрса да алады.

Картоптың килосы 140 теңгеге шықты...

Осы кейінгі кезде жұрт не айтса, уақыт өте келе сол шындыққа айналып жат­қан сияқты. Жазда «ЭКСПО» өткесін қымбатшылық басталады десіп еді, сол расқа шығып келеді-ау өзі. Өткенде картоптың килосы 300 теңгеге дейін өседі дегенді естіген едік, бұл да тегін айтылмаған сөзге ұқсап барады.

Өткен аптада ғана Шымкенттің сауда нүктелерінен картоптың килосын жай-күйіне қарай 80 – 100 теңгенің аралығында алуға болатын. Ал кешегі сәрсенбіде Қырғы базарда оның килосы 140 теңгеге бір-ақ «секірді».

Бұрын бізге картоптың көбі Қырғызстаннан әкелінуші еді. Естуімізше, биыл ол жақта картоптан өнім аз түсіп жатыр екен. Сондықтан біздің көптеген диқандар мен алыпсатарлар картопты Қыр­ғызстанға жөнелтіп жатыр деседі. Мұндайда бағаның қымбаттауы – заңды құбылыс.

Қымбаттығына қарай ет жеуді азайтқан қазақ енді  «екінші нан» атанған картопты да ойлана-ойлана алатын шығар.

Қазірдің өзінде халықтың шекесі шыл­қып отырғаны шамалы ғой. Осылай көмірі бар, бензині бар, картобы бар – бәрі бірін-бірі жетелей қымбаттай берсе не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Қарап отырсаңыз, осылардың бәрі де өз жерімізде миллиондаған тонналап өндіріледі, бірақ өзімізге жетпейді. Неге?

Коммуналдық қызмет ақысы да жағадан алып тұр.

Биыл коммуналдық қызмет ақысы да қымбаттап жатыр. Облысымызда ол жыл басынан бері екі мәрте қымбаттады. Электр қуатының да құны өскен. Оны да тасымалданады, сол үшін қымбат десек, басқа жақтан жеткізілмейтін, өзі­мізден шығатын судың бағасы да арзан емес. Президентіміздің өзі тарифтерді қорықпай қымбаттатыңдар дегесін бұрын да қорқып отырғаны шамалы монопо­листердің жаны кіріп жатқан шығар.

Бүгінде Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары қысты жылусыз өткіземіз бе деп уайымдап отыр. Себебі қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіп­орынның газға қыруар қарызы бар көрінеді. Өткенде ол жөнінде «пәленбай миллион» деп айтылды. Бұл тығырықтан шығудың жолы да бағаны көтеру деп білетіндер жылу ақысын тағы да қымбаттатары сөзсіз.

...Қысқасы, қазір жұртты қымбатшылық қыспаққа алып, қылқындырып тұр. Асты-үсті байлыққа толы жерімізде қымбатшылық неге жағаға жабысып қал­ған? Қазір қайда барсаңыз да еститініңіз осы әңгіме. Қымбатшылық жайлы ойлағыңыз келмейді-ақ, бірақ ол бәрібір де алдыңыздан шығады, ойлантпай қоймайды.

Мұның соңы қайда апарып соғар екен? Қарапайым халыққа кім қамқор болады?

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!