Өкініш

16.10.2017
Қаралды: 1655

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген деген азаматтың пара алды деген күдікпен қолға түсуі Оңтүстіктегі зиялы қауым үшін төбеден жай түскендей оқиға болды. Бұл шынында да күтпеген жағдай еді.

Біз әзірге «пара алды» деп айыпталып отырған азаматты ақтамаймыз да, дат­­тамаймыз да. Себебі әлі ештеңеге көзіміз жеткен жоқ. Бір жағынан, құзырлы органдар біреуді бекерден бекерге шырылдатып, қолына кісен сала қоймайтын шығар, көздері әбден жеткен соң барып әрекет жасаған болар деп ойласақ, ал екінші жағынан, пара алды деп ұсталған адамды ондай тірлікке қиғымыз келмейді. Оның парақор болғанына іштей сене алмай отырмыз.

Міне, қазір көпшілік жұртта осындай екіұдай сезім бар. Бәрінен бұрын Болатбек Төлегенді білетіндердің де, жақсы білмейтіндердің де бойына бірден өкініш ұялағаны анық. Иә, бұл өте өкінішті оқиға болды.

Мәселенің анық-қанығын, ақ-қарасын тергеу ісі анықтай жатар. Егер іс сотқа дейін жететін болса, сол кезде барлық шындық ашылатын шығар, ақиқаты айтылатын болар. Бұл істе кімнің қандай рольде ойнағанын, кімнің артында кім тұрғанын нақты біліп те қалармыз. Ал әзірге әліптің артын бағып, оқиғаның соңын сабырмен күтуден басқа амал жоқ.

Біздің тергеу ісіне, сотқа қысым жасауға, олардың ісіне араласуға құқымыз жоқ. Бірақ та бұл істің созбалаңға салынбай, ертерек бітуін сұрауға хақымыз бар. Сондай-ақ қо­ғамда үлкен резонанс туғызған бұл оқи­ғаның әділетті, заңды, турашыл, шындық жолымен шешілуін қалаймыз. Бұл үшін бәрі де ашық, жария түрде, ештеңе де жасырылмай айтылып отыруы тиіс деп есеп­тейміз.

Егер күдікті азамат анық парақор болса, бұлтартпас дәлелдер болса, ол  заң алдында жауап беруге міндетті. Ал қылмыс дә­­лелденбесе, оған қара күйе жағылмай, ақталуға тиіс. Ондай жағдайда қара күйе жақпақшы болғандардың өзі сотталуы керек. Бұдан басқа үшінші жол жоқ деп білеміз.

Құзырлы органдар бұл жөніндегі өз  шаруаларын заң шеңберінде жүргізе отырып, халыққа тиісті ақпарат беріп тұрса, оларға артар біздің де кінәміз бола қоймас. Де­генмен оған дейін біз де осы бір келеңсіз оқиғаға орай өз көзқарас, пікірімізді ортаға салсақ, мұның ешбір сөкеттігі болмас.

Яғни біздің ең әуелі айтқымыз келгені мынау. Бүгінде біздің қоғамымызды жаппай жемқорлық, парақорлық жайлап алғаны ешкімге де құпия емес. Елімізде күн сайын бірнеше парақор қолға түсіп жатыр. Бірақ, шынын айтқанда, қолға түскен парақор бір тоғыз болса, қолға түспей жүргені тоқсан тоғыз екені бәрімізге де белгілі. Еш жерде ештеңе парасыз шешілмейтін болып кеткенін қазір кім білмейді? Яғни бұл бүгінде өте үлкен дертке айналды.

Қазіргі кезде біздің қоғамда кім бай? Пара алып жатқандар бай! Кім бай? Халық қазынасын тонап жатқан жемқорлар бай! Яғни ұры-қарылар бай! Ол ұры-қарылар баяғының қарақшылары немесе көшеде кісі тонаушылар емес. Олар – мемлекеттік қызметте жүргендер, құзырлы органда істейтіндер, сондай-ақ заң саласындағы адамдар.

Бұрындары парақорлар мен қазынаның ақшасын жейтін жемқорлар сырт көзден қысылушы еді, көзге түсіп қалудан қорқушы еді, байлығын барынша жасыруға тырысатын. Ал қазір ше?

Қазір олар ашық түрде мақтанатын болды, байлығын бадырайтып көрсететін болды, қарапайым халыққа шекесінен қарайтын болды. Себебі олар ештеңеден қорықпайды, ешкімнен ұялмайды. Өйткені заман сондай, біз сол дәрежеге жеттік.

Өмірінде бір күн де бизнесте істемесе де күмәнді жолмен көл-көсір байлыққа батып отырған адамдардан «Бұл қалай?» деп ешкім де сұрамайды. Сұрайын десе жоға­рыдағылардың өздері де сондай, ал төмендегілердің тілі жоқ. Тілін, үнін шығарайын десе, оны суырып алады...

Міне, біздің заманның бір шындығы осындай! Мұны жоққа шығару – құдайдан безгендік болар.

Ал енді осылардың бәрін сөз ретіне қарай айта отырып, негізгі тақырыпқа қайта оралар болсақ, бүгінде мемлекеттік қызметте отырғандардың қай-қайсысы болсын пара алыпты десе, бұл өте үлкен жаңалық болудан қалып барады. Қайта, керісінше, бір үлкен лауазымды тұлға ешкімнен ештеңе алмастан, ештеңе жеместен, тек бір айлықпен ғана күн көреді екен десе, бұған сұмдық таңқалатын жағдайға жеттік. Бұл рас нәрсе ғой! Сонда біздің жеткен жеріміз осы ма? Біз осындай қоғам орнатуды армандап па едік?

Басқа түрлі-түрлі салалардағы жем­қорлықтардың неше атасын көріп келіп, күндердің күнінде ешкім ойлай бермейтін, үш ұйықтаса түске кірмейтін ішкі саясат, яғни идеология саласына да парақорлық жөнінде күдік тағылып, қолға кісен салынып жатса, бұл біздің құздан құлағанымызды білдірмей ме? Енді біздің былғанбаған неміз қалды?

Өкінішті! Өте өкінішті...

Т. НҰРАЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!