Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос...

11.10.2017
Қаралды: 1246

«Замананың» өткен нөмірінде «Қазақтың келіндеріне «ту, ту» дейсіңдер, ол байғұстар қасқа болып қаңғырып жүр» деген тақырыпта мақала жарық көрген еді. Онда ақтаулық зейнеткер әйелдің Елбасыға жолдаған жанайқай сөзі туралы айтқанбыз. Ал араға бірер күн салып әлгі әйелдің тағы бір бейнежазбасы жария болды.

Оның бұл бейнежазбасы Мейрамбек Сариев деген азаматтың ғаламторда жариялан­ған: «Егер Президентіміз маған рұқсат берсе, елімізге шеттен келіп жатқан оралмандардың бірін қалдырмай қырып-жояр едім. Себебі басымызға күн туса олар бізге қарсы шығып, бала-шағамызды қырып тастайды. Ал қа­тын­дарымызды тартып алады» деген өрескел әңгімесіне қатысты екен. Өзін Зәуреш Қожановамын деп таныстыр­ған ақтаулық зейнеткер әйелмен біз телефон арқылы сұхбаттастық.

– Зәуреш Нұрғалиқызы, елдегі қордалаған мәселе­лерді ашып айтқан жазбаңызды Елбасыға жолдаған екенсіз. Қандай да бір нәтиже, қозғау болды ма әлгі бейнежазбадан кейін?

– Мен ғаламтор арқылы екі бейнежазба жолдадым. Елбасымызға. Бірі әлгі стоматология және басқа да мәселелер туралы. Ал екіншісі Мейрамбек Сариев деген ардан безгеннің сөзіне байланысты болды.

– Сол екінші бейнежазбаға тоқтала кетсеңіз.

– Негізі мен ғаламтор дегенді пайдалана алмаймын. Жасым келген адаммын ғой. Дегенмен әлдекімдерден Мейрамбек Сариев деген оңбағанның оралмандарға тіл тигізгенін естідім де, тыныш отыра алмадым. Әлгі иттің баласының айтқан сөзі өңменімнен өтіп кетті. Сай-сүйегім сырқырады десем артық емес. Ешкіммен жұмысы жоқ, өз күндерін әрең көріп жүрген, Қазақстанға «Елім, жерім, ата қонысым» деп келген қазақтарды өзектен тепкені мені бейжай қалдырмады.

«Болар елдің адамы бірін-бірі батыр дер, болмас елдің адамы бірін-бірі қатын дер» деген мақал бар. Сол әлгі Мейрамбек секілді іріген ау­зы­нан шіріген сөз шығатындарға тиістіріп айтылса керек. Көргенсіз, сондай жаман адам екен. Аллаға шүкіршілік ете­мін, сондай адамның біздің елді басқарып отырмағанына. Әйтпесе аз ғана қазақтың арасына іріткі салып, тарыдай шашып жіберер екен.

Назарбаев ағамыз «Қазақтар, келіңдер! Елге оралыңдар!» деп бәрін жан-жақтан шақырып алды. Ол жақта олардың тұрмысы жақсы еді, әрбірінің үйі, жұмысы бар болатын. Аштан өліп, көштен қалатын жағдайда емес-тұғын. Бірақ соның бәрін ата мекені үшін тәрк ете білді. «Квота береміз, баспаналы боласыңдар. Жұмыс та табылады» деп уәде еткендерге сенді. Бірақ бүгінде елге келген оралмандардың 50 пайызы үйсіз-күйсіз қаңғырып жүр. Балаларына бір үзім нан тауып бере алмай отырған отбасыларды да көргенмін. Кейбір оралмандар­ға ит байласа тұрғысыз, не суы, не газы жоқ аймақтардан жер телімін беріп, итке сүйек тастағандай еткендерді де көз көрді. Ал енді осы қаңғып жүрген оралмандар қазақты қырып қайтсін? Олар­ға осының керегі бар ма?

Әй, қасқа, өз қандастарыңа көз аларт­қанша, Маң­ғыстау, Ақтаудағы талтаң-талтаң етіп жүрген қытайларды, әзірбайжандарды, шешендер мен ингуштарды неге көр­мейсің? Олар «элитный домда» тұрады. Жүз мың долларлық джиптерді мініп алған. Түнгі клуб дейсің бе, кафе-ресторан дейсің бе, бәрін ашып тастаған. Мұнайдың да майлы жерін солар жайлап алған. Доллармен айлық алады. Ал өз қазағың жүр 100 мың, ары кетсе 150 мың теңгеге жалданып. Үйсіз-күйсіз. Көргіш болсаң соларды неге көрмейсің? Көзіңді ашып қара! Неге өзі азғантай ғана қазаққа тіл тигізесің?!

Шындап келгенде әлгіндей іші тар, сасық ауызды Мей­рамбектің сөзінен кейін оралмандар көтеріліп кетсе халіміз не болар еді? Осыны ол адам ойлады ма екен?

Міне, мен осы жағдайды тілге тиек еттім. Елбасыдан әлгі Мейрамбек Сариев деген оңбағанды тауып, тиісті жазасын беруін сұрадым. Тіпті олай болмаған жағдайда оны өзіммен кездесуге шақырдым.

– Осы жазбадан кейін сізге хабарласқандар болды ма? Қандай да бір нәтиже бар ма?

– Ешкім телефон шалмады. Тек желідегі бейнежазбаның астына 300-ге жуық адам пікір қалдырыпты. Барлығы дерлік менің сөзімді қолдаған. Алайда ішінде Марат Сәду­ақас есімді бір жігіттің жеке басыма, қала берді, оралмандарға тіл тигізгені жараның аузын тырнағандай болды. Мен енді әлгі Марат Сәду­ақас, Мейрамбек Сариев дегендердің үстінен прокуратураға арыз жазбақшымын. Тиісті жазаларын алсын, еркек болса жазған былапыт сөздеріне жауап берсін деп отырмын.

– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қазақстанға қай жылы көшіп келгенсіз?

– Мен Өзбекстанда, нақтырақ айтсам, Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында дүниеге келгенмін. Мектепті аяқтап, қолыма жеке куәлігімді алған күні әкеме: «Менің ата-бабамның кіндік қаны тамған жер – Қазақстан. Мен сол жаққа жол жүремін. Алматыда оқимын», – деп, батасын алып, осында келгенмін. Яғни 1976-жылдан бері Қазақстанның суын ішіп, ауасын жұтып жүрмін.

Өкінішке қарай, Алматыда оқи алмадым. Түсе алмай қалдым. Содан ақтаулық жігітті жолықтырып, кейіннен отбасын құрдық. 30 жылдан астам уақытымды газ саласына арнап, құрметті зейнеткер­лікке шықтым. Жолдасым өмірден өткен, қазір ұлыммен бірге тұрамын.

– Кей мәселелерді ашып айтуға қорықпайсыз ба? Жеке басыңызға қауіп туғызуы да мүмкін ғой...

– Өз елімде отырмын ғой, кімнен, не үшін қорқуым керек? Осы елдің азаматы бола тұра осы елдің проблемасына «күл болмасаң, бұл бол» деп отыра бергенім арыма сын деп есептеймін. «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзді әр қазақ ұстанса, айналасында болып жатқан заңсыздықтарға көз жұма қарамаса, сонда еліміз гүлденер еді, Қазақстанда отырып өгейдің күйін кешіп жүрген қазақтардың жағдайы да түзелер еді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Зәуреш Қожанованың байланыс  телефоны: 8-701-439-16-46.