Мақталыда мақта жоқ, бірақ масақ көп

10.10.2017
Қаралды: 113

Әркімге өз туған мекені ыстық. Осы орайда ауылым туралы аз-маз сыр шертсем деймін.

Бүлдірген теріп сатып жүр.

Қыркүйектің аяғы мен қазанның ортасына дейін Түлкібас ауданындағы Мақталы ауылының тұрғындары бос уақытын Арыс өзенінің жағасындағы қалың құрақ қамыстың арасында өткізуді дағдыға айналдырып келеді. Өйткені ол жерде дәмі тіл үйірер бүлдірген өседі. Сондықтан да осындай қолайлы сәтті бос жіберуге мүлде болмайды. Егер кешке дейін бір шелек теріп үлгерсең жаман емес. Ертесіне оны базарға шығарсаң әжептеуір ақшаны қалтаңа шытырлатып тұрып санап аласың.

Жалпы, бүлдірген тәтті болғанымен оны теру оңай шаруа емес. Әйтсе де мәселе табысқа келіп тірелгенде оның қиындығынан ешкім де қашпайды.

Масақ теріп нәпақа табуда.

Қазан айы – нағыз масаққа баруға ыңғайлы кезең. Осыны тиімді пайдаланатын ауыл тұрғындары биылғы қоңыр күздің жайма-шуағына дән риза.

Мәселен, биыл мақталылықтар жердің шалғайлығына қарамастан көрші ауылдарға барып масаққа қарық болып жүр. Олар толық қазылмай қалған сәбіз алқабынан жуандығы білектей сәбіздерді қазып, үйлеріне олжалы оралуда.

Енді, Құдай қаласа, Мақталының әйелдері қыс бойы күйеуіне, бала-шағасына буы бұрқыраған, сәбізі мол палау басып беретін болады.

Төрт түлік малдың жаны кірді.

Бүгінде жаз бойы қоршалып, төрт түлік малды жолатпай жүрген жерлердің егіні орылып, жоңыш­қасы шабылып бітті.  Алты ай жаз бойы тыным көрмеген диқандар қауымының да кішкене қолы босап, иықтарынан жүк түсті.

Жер ашылған соң, әрине, қолдағы мал қарап тұра ма? Емін-еркін жайылып, тыныстары ашылды да қалды. Алайда оларды да тым еркінсітіп жібермей, қадағалап тұрған дұрыс дейді ауыл тұрғындары. Өйткені мұндай ұрымтал сәтте ұры-қарының да қарап жүрмесі белгілі жағдай.

Шибөрінің «әніне» үйренгенбіз.

Қас қарайып, айнала қою қараңғылыққа орана бастасымен Арыс өзені жағасынан құлаққа сондай «жағымды» әуендер естіле бастайды. Фонограмма емес, «тірі дауыспен» өнер көрсететін шибөрілердің «репертуарында» жас баланың жылаған даусы, тұрмысқа шығатын қыздардың елін қимай сыңсыған әні, тоқал ешкінің бақырғаны...

Міне, мұның бәрі Мақталының «талантты» шибөрілерінің орындауында өте сәтті шығады. Бір өкініштісі, олар тек қана таза «шығармашылықпен» айналыспай, реті келгенде оқшау жүрген есек, қой-қозыға ұйымдасқан түрде ауыз салудан тайынбайды.

О. КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!