Көк туымыз Мина тауының биігінде желбіреді

09.10.2017
Қаралды: 1192

Шымкентте Анарбек Байысбаев есімді ұлтжанды азамат тұрады. Патриоттық сезімі жоғары жан биыл қажылыққа аттанған көршісі Ержан Маханбетұлына өз үйінің төрінде тұрған қасиетті көк байрақты ұстатып, осыны қажылық сапарда желбіретіп жүр деп аманаттаған болатын.

Содан бері арада бірнеше апта өтті. Мекке-Мәдинаға қажылық парызын өтеуге аттан­ғандар да қайтып оралды. Ал Ерекең қажылық кезінде жалауымызды желбірете алды ма? Бұл жөнінде бізге Анарбек Байысбаев былай деп айтып берді:

«Ержан қажылыққа кетерде үйінде құдайы тамақ берген болатын. Оған еліміздің көк туын сол жерде көпшіліктің алдында аманат еткенмін. Оларды әуежайдан өзіміз шығарып салғанбыз.

Таяуда қажылыққа кеткендер ұшақпен Меккеден Шымкентке қайтып оралды. Ержан көк байрақты өз үйінде маған қайта табыстады. Қазір үйдегі байрақты қажылыққа барып келген ту деп деп әзілдейміз.

Ержанның айтуынша, Қағбаға байрақпен кіргізбейді екен. Бірақ бас­қа жердің бәрінде ешкім туымызды желбіретіп жүруге қарсылық білдірмепті. Тіпті туымыз көптеген қазақстандықтардың бір жерге жиылуына себепкер болыпты.

Шайтанға тас ататын Мина тауының ең биік басында көк байрағымыз желбірепті. Мұны көрген басқа елдің азаматтары да көк байраққа қызыға қарап, біз де осылай туымызды алып келуіміз керек екен деп тамсанған. Суретке түскен».

Бұдан кейін біз Оңтүстік Қазақстан облысынан барған қажыларға рухани жетекшілік еткен облыстық мешіттің наиб-имамы Мұхамеджан Естеміровке хабарластық.

«Бұл өте дұрыс болды, – деді ол кісі. – Әрине, туды Қағбаға алып кіргеніміз жоқ. Бірақ оның алдында алып жүрдік. Жатқан қонақүйіміздің маңдайшасына орнаттық. Мина жазығында өткізген бес күнде де шатырымызда көк ту желбіреп тұрды. Сәуір тауының басына да көк туымызды қададық. Бұл біз үшін есте қаларлық, ұмытылмас сәттер болды.

Елден жырақта жүргенде көк байрақтың желбіреп тұрғанын көргенде расында да керемет сезімде болады екенсің. Менің өзім сондай сезімді бастан өткіздім. Біздің облыстың өзінен 800-ден аса азамат қажылыққа барды. Әртүрлі туристік фирмалармен барғандықтан олар әр жерде жүр еді. Кейбір өз тобынан адасып қалғандар желбіреп жүрген туымызды көргенде келіп көмек сұрады.

Ол жақтан тек біздің туды ғана емес, Түркия елінің туын да байқадым. Бұрын мысырлықтардың да туларын желбіретіп жүргенін көргенмін.

Ол жерде әлемнің әр түкпірінен келген адамдар бар. Бір байқағаным, олар біздің туды көріп Қазақстаннан екенімізді біліп жатты. Туларыңыз көк аспан секілді әдемі екен деп мақтағандар да болды. Тіпті көк туымызды көрсетіп: «Қазақстан... Нұрсұлтан» деп біздің елді ғана емес, Елбасын да танитынын білдіріп жатты. Мұндай кезде бойыңды мақтаныш сезімі билейді екен. Осындай кездерде Қазақстан секілді бейбіт елде өмір сүріп жатқаныңа риза боласың. Ержан бауырымыздың туды алып барғаны өте дұрыс болды.

Жалпы, биылғы қажылық өте сәтті ұйымдастырылды. Ешқандай кешігу, төтенше жағдай орын алған жоқ. Дәрігерлік көмек, тағы басқа керек нәрселердің барлығы жоғары деңгейде болды».

...Міне, біз сөйлескен адамдар осылай дейді. Қазақтың көк туының қажылық сапарда желбірегені жылы әңгімелерге себепкер болып отыр. Оның Мекке мен Мәдина, Мина жазығы мен Сәуір тауында желбірегені туралы естігенде өзіміз де бір жасап қалдық.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!