Ангела Меркель қандай адам?

04.10.2017
Қаралды: 167

Германияда Канцлер (Үкімет басшысы) сайлауы болып өтті. Бұл лауазым­ға Ангела ­Меркель сайланды. 

Үкімет басшылығына алғаш рет 2005-жылы келіп, 2009, 2013-жылдардағы сайлауларда да жеңіске жеткен А.Меркель осы­­мен кезекті мәрте өз орнын сақтап қалды, ол 4-ші рет Канцлер болып сайланды. Сайлау­шылардың басым көпшілігі Меркель басшылық ететін «Хрис­тиан-демократиялық одағы» партиясына сенім білдіріп, өз дауыстарын берді.

 

Мансабын ғылымнан

бастаған екен

Ангела Доротея Меркельдің жасы қазір 63-те. Ол 1954-жылы Германияның Гамбург қаласында өмірге келген. Кей деректерге қарағанда, оның ата-анасы – германиялық поляктар. Әкесі өзінің Казмерчак деген фамилия­сын Каснер деп өзгерткен екен. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Гер­манияда поляктарға көзқарас басқаша болғаны белгілі.

А.Меркельдің әкесі – дін адамы, ол лютерандық шіркеуде қызмет еткен. Ал анасы мұғалім болған, мектепте латын және ағылшын тілдерінен сабақ берген. Олар отбасында үш бала өсіріпті, Ангела олардың бір ұл, бір қыздан кейінгі кенжелері екен.

Ангела мектепте өте жақсы оқыпты, әсіресе математикаға жүйрік бол­ған, қоғамдық жұмыстарға белсене аралас­қан. Орыс және ағылшын тілдеріне қатты қызығыпты. (Бүгінде ол осы екі тілде де еркін сөйлейді). Пионер, комсомол ұйымдарында жұмыс істеген.

Ангела мектепті үздік бітіріп, Лейпциг университетіне оқуға түскен, онда квант­тық химия факультетінде оқыған. Оны тәмамдаған соң Германия Демократиялық Республикасының Ғылым академиясында еңбек еткен. Кейін ғылыми тақы­рыпта диссертация қор­ғап, жаратылыстану ғылымдарының докторы атанған.­

Ол 27 жасында университеттің физика факультетінде оқитын Ульрих Меркель деген жігітке тұрмысқа шыққан екен. Бірақ жас жұбайлардың арасында бала болмапты, олар 5 жыл отас­қасын ажырасып кеткен.

Ангела 44 жасында Йоахим Зауэр деген азаматпен тұрмыс құрған. И.Зауэр­­дің бұрынғы әйелінен бір ұл, бір қызы бар. Ол бүгінде Берлин уни­верситетінің профессоры, аты әлемге әйгілі ғалым, химик.

Оны «Гитлердің қызы» дейтіндер бар

Ангела Меркельдің ғылымнан сая­сатқа бет бұруы екі Германияның – Германия Демократиялық Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының қосылуы орын алған 1990-жылдары басталыпты. Ол осы жылдары құрылған «Демократиялық серпіліс» деген партия қатарында ең­бек еткен. Кейін Федеративтік баспасөз және ақпарат кеңсесінде ми­нистр­­­лік кеңесшісі болған. 1990-жылы Бундестаг (Парламент) депутаты болып сайланған.

А.Меркель 1991 – 1994-жылдар аралығында Германияның Әйелдер және жастар жөніндегі федералдық министрі қызметін атқарған. Кейін Канц­лер Гельмут Кольдің кезінде Қор­ша­ған ортаны қорғау, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі федералдық министр болған. 2000-жы­лы ол «Христиан-демократиялық ода­ғы» партиясының басшысы болып сайланған. Осы кезден кей саясат­керлер оны Германияның болашақ Канцлері деп атай бастады.

2005-жылғы сайлауда ол басқаратын партия Бундестагта көпшілік орын­ға қол жеткізді. Осының арқасында Ангела Меркель федералдық Канцлер болып сайланды. Енді, міне, бұл лауазымға 4-ші мәрте сайланып отыр.

Ангела Меркельді бүгінде жұрт құр­меттейді. Дегенмен оның қарсы­ластары, жаулары да жоқ емес. Сондайлардың осыдан біраз бұрын оны Гитлердің қызы екен деген сөз шы­ғарғаны да мәлім. Бұл жөнінде кезінде әлемдік ақпарат көздері жарыса жазып жатты.

Бұл әңгіме бойынша Ангела Меркель Гитлердің көңілдесі Ева Браунның сіңлісінен туған-мыс. Яғни ғалымдар Гитлердің ұрығын арнайы тәсілмен сақтап, кейін әлгі әйелдің жатырына орналастырған, содан Ангела Меркель туыл­ған деп айтылады. Әйткенмен мұны ақиқат солай деп те ешкім дәлелдеген жоқ. Соған қарағанда, бұл жал­ған дерек болса керек.

Әлемдегі ең ықпалды әйел

Қалай болғанда да соңғы жылдары Ангела Меркельдің аты дүркіреп тұр. Еуроодақтағы жетекші мемлекет, халқы ең көп (Германияда 82 миллиондай адам тұрады),­ экономикасы мығым елді басқарып отырған­ ол расында да бұған әбден лайық жан.

Кей саясаткерлер бүгінде А.Меркельді «Еуроодақтың темір әйелі» деп те атап жүр. Өйткені ол саясатта алғырлығымен, өзі­­нің ұстамдылығымен танылған. Тіпті қат­ты сас­қан кезде де өзін ұстай біледі екен.

1995-жылы А.Меркельді қабаған ит қауып алыпты, содан бері ол ит атаулыдан зәресі қалмай қорқады екен. Бірақ оны білдірмеуге тырысады. Осыны білетін Ресей Президенті Путин бірде онымен кездесуге үлкен төбетін ертіп барыпты. Дегенмен Меркель қанша қорықса да өзін лайықты ұстай біліпті.

Ангела Меркель кезінде Ресейді билеген әйел патша 2-ші Екатеринаны өзіне үлгі тұтады, оның портретін каби­нетіне іліп қояды екен.

Саясаттағы алғырлығы үшін Мер­кельді кейбіреулер «Қой терісін жамыл­ған қас­қыр» деп те атайды. Сондай-ақ кез келген тығырықтан жол тауып шығатын ерекше­лігіне орай судан құрғақ шығатынға теңеп «Тефлон Меркель» деп атайтындар да бар.

А.Меркель АҚШ-тың қаржы-экономикалық бағыттағы «Форбс» журналының рейтингі бойынша «Әлемдегі ең ықпалды әйел» атағына 7 мәрте ие болған.

...Германияда елді федералдық Президент пен федералдық Канцлер (Үкімет төрағасы) басқарады. Канцлердің құ­зы­реті күштірек. Президент екінші орында жүреді. Канцлердің кандидатурасын Президент ұсы­нады, оны Бундестаг депутаттары (қазір онда 630 депутат бар) бекітеді. Кей жағдайларда Үкімет төрағасына сенімсіздік вотумы жарияланса, кезектен тыс Канцлер сайлауы өткізіледі. Канцлер 4 жылға сайланады. Ол Үкімет­тегі министрлерді таға­йындайды, Үкімет­тің саясатын айқындайды. Яғни бұл елде  ішкі-тысқы саясатта Канц­лердің ролі жоғары, Президенттің өкілеттілігі көбіне ресми істермен шек­теледі.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!