Кәсіпкерліктің қыр-сырын тегін үйретеді

03.10.2017
Қаралды: 227

Бүгінде өз алдына кәсіп ашып, жұмыс бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Көзін тауып істейтін адамға­ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арнал­ған арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар. 

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнес-мектептерге жазылып, тегін курстар да оқуға болады. «Атаме­кен» ұлттық палатасы бизнес мектебінің бизнес-жаттықтырушысы Қанат Әбілдабековпен (сурет­те) әңгімеміз де осы бизнес-сабақтар төңірегінде өрбіген еді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында біз үш этапқа бөліп оқу жүргіземіз, – деп бастады әңгімесін Қанат Әбілдабеков. – Бірінші этаптағы оқу «Бизнес-кеңесші» деп аталады. Сабақ екі күн бойы таңертеңнен кешке дейін оқытылады. Онда біз жеке кәсіпкерге бизнесті қалай бастау керектігі жөнінде сабақтар өтеміз. Сондай-ақ осы сабақ барысында мемлекеттік бағдарламалар, бизнес-жоспар, кәсіпкерліктің заңдық аспектілері, маркетингтік қызмет, кәсіпкерге арналған қаржы, қызметкерлерді қалай басқару керек деген сияқты мәселелердің бәрі қарас­тырылады. Осымен сабағымыздың бірінші этабы бітіп, қатысушыларға арнайы сертификат беріледі. Ол сертификат банктен несие алуға және келесі сабақтарға қатысуға мүмкіндік береді».

Айта кетейік, «Атамекен» бизнес-мектебіне еліміздің барлық азаматтары барып оқи алады. Тіпті зейнет жасындағы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың оқуына да жол ашық.

«Сабағымыздың екінші бағыты – жобалық оқыту, – дейді Қанат Әбілдәбеков. – Екінші бағыттағы оқудың ерекшелігі – сабақты біз ғана емес, арнайы жетекші мамандар мен өндіріс саласындағы жұмыс тәжірибесі мол, сол тәжірибесімен бөлісе алатын кәсіпкер бірге өтеді. Алдыңғы сабақ екі күнде бітсе, бұл сабақ бір айға созылады. Осы уақыт ішінде біз барлық қатысушыларға өз облысымызда іске асыруға болатын жүз бизнес-жоспар ұсынамыз. Оның ішінде шұлық тоқудан бастап, шифер шығаруға дейінгі кәсіптер қамтылған. Сабаққа қатысушыларды он-он бес адамнан топ-топқа бөліп оқытамыз. Мысалы, біреулер тігін цехын, шаштараз ашқысы келсе, келесі біреулер наубайхана, тағы біреулер қоғамдық тамақтану, «ресторанный бизнеске», енді біреулер мал бордақылауға қызығады. Алғашқы аптада сабақты осында теория жүзінде өтеміз де, кейін кәсіпкерді шақырамыз. Ол бизнестің бұл түрінің мүмкіндіктері мен қиындықтарын, табысқа қалай жетуге болатынын түсіндіреді.

Жақында біз қоғамдық тамақтандыру саласы бойынша қаладағы «Каравай» ресторанының иесі Адхам мырзаны шақырдық. Ол кісі бизнестің бұл саласындағы мән берілуі тиіс нәрселерді атап өтіп, өз ресторанына апарып, мастер-класс өткізді».

«Атамекен» бизнес-мектебінде облыс бойынша жылына 900 адам оқуы тиіс болса, жыл басынан бері 1 300-ден аса адам білімін шыңдапты. Оның 25-30 пайызы өз кәсіптерін бастап та үлгерген. Яғни ауылды жердегілер мал бордақылау­мен айналысса, қаладағылар шағын тігін цехын, кішігірім наубайхана, асхана ашып, өз жұмыстарын жүргізіп жатқанға ұқсайды.   

Ал оқудың үшінші бағытында жеке кәсібі, жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді оқытады екен. Оқу мерзімі – бес күн. Онда тек бизнес-жаттықтырушылар ғана емес, арнайы мамандардың қатысуымен маркетинг, бизнес-жоспар, салық тапсыру және бухгалтерлік есепті дұрыс жасауды үйретеді. Яғни кәсіпкер бизнес-жоспарды өзі жазып, салықты өзі тапсырып үйренуі керек. Сондай-ақ осы бес күндік оқудың нәтижесінде кәсіпкер бухгалтерлік есепті де өзі жүргізіп немесе жүргізіп отырғандардың үстінен бақылауды үйренеді.

Жалпы, оқып-үйренудің ешқашан артықтығы жоқ. Білім алсаңыз, оны өзіңіз пайдаңызға асырып, игілігіңізге жұмсайсыз. Ендеше, өз кәсібіңізді ашып, табысыңызды молайтуды ойласаңыз, мемлекеттік бағдарлама аясында өтілетін тегін әрі жедел курстарда оқуыңызға әбден болады. Ал мектепке жазылу үшін жеке куәлігіңіз бен мектепке қабылдауға өтініш жазсаңыз жетіп жатыр.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

«Атамекен» ұлттық палатасы бизнес-мектебінің байланыс телефоны: 8-702-323-10-10.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!