Той десе, жүрегіміз зырқ ете қалатын болды

03.10.2017
Қаралды: 433

«Замана» газетінің №37 санындағы Г.Тұрарбектің «Тойдан шаршаған халық. Тойға тойып біткен жұрт» атты мақаласын бас алмастан қызыға, бір демде оқып шықтым. 

Көкейге қонатын ой-пікірлері үшін авторға мың бір алғыс айтамын. Шынында да бізді той шаршатты. Ілгеріде біреудің үйіне тойға шақырса қуанатын едік, қазір жүрегіміз зырқ ете қалады. Себебі тойға тойана деп 10-15 мың теңге апарсаң, той иесі өкпелеп, бізбен қоштаспайды да. Ал кезінде ол адам маған екі-үш мың теңге әкелген.

Жамбыл облысында біздің Қарақалпақ елінен қоныс аудар­ған бір ағамыз келін түсіремін деп (бұдан төрт жыл бұрын), кафеде той қыламын деп 800 мың теңгені банктен несие алған екен, тойға түскен ақшамен несиені жабамын деп ойлапты. Себебі өзі 78-ге келген абыройлы ақсақал ғой. Ол кісі бір сыныптас досының үш келін тойына үш тай, екі құдасының үйіне екі тай, әйтеуір өмірінде ағайын-туған жекжаттарының тойларына 21 тай мен неше мыңдаған теңге апарған екен. Ал өмірінде көрген жалғыз ұлының үйлену тойына 4-ақ тай мен 200 мыңдай теңге түсіпті. Ағай несиесін төлей алмай, инфаркттан өліп кетті...

Адамдар да қызық болып барады. Тойға апарғанын жөндеп қайтару қажет. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген.

Сарыағашта кафеде сүндет той, келін той, мерейтой болса, кейбіреулер ұялмай 500, 1000 теңгені әрең алып келеді. Ал кафедегі бір орын 1500-3000 теңгеге дейін тұрады. Жә, әңгіме апарған-әкелгенде де емес, көңілде, сыйластықта ғой. «Көңіл көңілден су ішеді» дейді. Адамға көп нәрсе қажет емес. Сол үшін тойды бизнеске айналдырмай, берсең шын көңілмен бер. Шектен шықпайық дегім келеді. Әр нәрсенің шегі, нормасы бар. 3 литрлік банкіге біз 4 литр су құя алмаймыз. Соны есепке алған дұрыс. Тойға несие алудың қажеті жоқ, ағайындардан жылу жинау керек. Құдайдан үміті барлар болашағын ойлайды, қайтар дүние бұл... Апарсаң – әкелер, берсең – аласың деген.

Осы күндері Қазақстандағы миллиондаған адамның банктерден көп мөлшерде несиесі бар екен. Олардың үйлерін, автокөліктерін, т.б. алып қоюда. Біреулердің үйін, жері болса жерін, малын несиені төлемеді, қамаймын деп қорқытып, сот орындаушылары жиі келіп, азап беріп, қинауда. Нәтижеде той беремін, қыз ұзатамын, құда шақырамын, келін аламын деп несие алғандардың кейбірі өз-өзіне қол жұмсап жатқаны, ал несие­ге алған келінді «кредит келін» деп кекетіп, мысқылдайтындар туралы көріп, естіп, оқып жүрміз. Бұл мас­қара емес пе? Несие алмаңыз, қарызданып тойға бармаңыз. Шамаңыз келмесе той-томалаққа бармаңыз, келмей-ақ қойсын. Көрпеңізге қарай көсіліңіз.

Өйтіп қарызға белшеден батып ұлыңызды үйлен­діріп, құда шақырмай-ақ, қызыңызды ұзатпай-ақ қойыңыз. Бір данышпан айтқан екен: «Өмірде қиындық, проблема деген жоқ, оны адамдар өздері қолдан жасап алады», – деп. Ұл-қызыңыз өздері жұмыс істеп, ақша тауып, өз тойларын өздері адал ақшасына жасасын. АҚШ-та 18-ге толған байдың ұлы вокзалда жүк түсіріп, өз күнін өзі көреді екен. Біз де солай өз балаларымыз­ға өзін-өзі қаржыландыруды үйретуіміз керек.

Мақсат МҰҚАНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!