Екі сіңлісі, екі інісімен бірге өз кәсібін дөңгелетіп отыр

03.10.2017
Қаралды: 227

Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінің тұрғыны Нәзира Бекеева (суретте) – жеті адамды жұмыспен қамтып отырған іскер әйелдердің бірі. 

Темірландағы «Кіші маркет» дүкенінің және «Олжас» ғимара­тының иесі енді ауылдан екі жабық спорт кешенін салдыруды бастапты.­

Нәзира Бекеева кәсіпкерлікті 1996 жылы бастаған екен. «Тоқсаныншы жылдары қиыншылық заман еді ғой, – дейді ол кісі. – Кәсіпкер боламыз деген ойымызда жоқ. Күнкөріс мақсатында сауда істей бастадық. Ол кезде тауарды Ташкенттен «пирожковозбен» әкелуші едік. Макарон, кәмпит, печенье, шекер секілді азық-түлік тауарларын таситынбыз. Кеденнен ары-бері өту де қиын болатын. Әйтеуір жұмыссыз отыр­ғаннан тәуір ғой деп, қанша қиналсақ та, бастаған ісімізді жарты жолдан қалдырып кеткен жоқпыз. Сол жылдары Темірлан былай тұрсын, Шымкенттің өзінде азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды табу қиын болатын.

Ол кездегіге қарағанда, қазір заман әлдеқайда жақсарып қалды ғой. Дүкенге керекті тауарды фирмалар өздері әкеліп береді. Қандай да бір кәсіппен айналысамын, тірлік бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар да бар. Біз жеке бір адамнан пайыздық өсімге ақша алып бастағанбыз. Ал қазір үкімет қызығушылық танытқан адамды кәсіпкерлікке оқытып, бизнес жоспарын жасауға көмектеседі, несиеге ақша береді. Кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдіктер көп. Іс бастаймын деген адамдар осыны пайдалануы керек».

Нәзира өз әңгімесінде кәсіп бастаудың осындай мүмкін­діктерімен қатар, әр істің өзіне тән қиындығы болатынын да жасырмады. Алайда қиындыққа мо­йымай алға ұмтылу керектігін баса айтты. Жалғыз өзі жүрексінсе, ағайын-туғандарымен, жақын адамдарымен бірігіп те іс бастауға болады екен.

«Біздікі – отбасылық бизнес, – дейді ол кісі. – Жұмыс­ты екі сіңлім, екі інім, өзім істейміз. Сонымен қатар, жүк тасымалдайтын бір жігіт пен заттарды реттеп отыратын бір қыз алғанмын. Бәріміздің несібеміз осы дүкеннен шығып тұр. «Олжас» деген ғимарат салып, оны жалға беріп қойдық. Ол жерде қазір дәмхана мен тағы бір мекеме жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, екі үлкен жабық спорт кешенін салдыртып жатырмыз. Оның басы-қасында Олжас деген інім жүр. Бүгінге дейін ауылда спорт кешені болмаған. Інімнің спортқа жаны құмар. Бала-шағасымен Шымкентке барып, футбол ойнап қайтатын. Бір күні ауылдан спорт кешенін салсақ қалай болады деген ой тастады. Мен оны қолдадым. Себебі ауылда спортты сүйетін жастар көп. Қалаға барып­ жаттығуға бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Ал спорт кешені ауылда тұрса, ешқандай кедергісіз айналысар еді. Осындай оймен спорт кешенінің құрылысын бастап кеттік. Құдай қаласа,­ күн суытқанша бітіріп қаламыз деп отыр. Оның жұмысын түгелге дерлік Олжас інімнің мойнына жүктеп қойғанмын».

Біз Нәзира Асылбекқызының істеріне сәттілік тіледік. Қиыннан қиыстырып, істің көзін таба білетін осындай іскер әйелдер көп болсын дейміз.

Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!