Үш жылдан бері кимешек киеді

03.10.2017
Қаралды: 859

Бүгінде кимешек киген әжені кездестіру қиын. Кимешекті әжені тек мерекелік көріністерде, сахна төрінде әртістердің үстінен ғана көреміз. Басқа уақытта оның қағаз бетінде, көрме төрінде қалып бара жатқаны жасырын емес.

Десек те ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылығымыздың бірі саналатын осы кимешекті күнделікті насихаттап жүрген бір жан бар. Мақтаарал ауданының Бескетік ауылында тұратын Ақмарал әжейдің кимешек киіп жүргеніне үш жыл болыпты.

«Кішкентайымнан қазақы ауылда өстім. Әжем де, енем де кимешек (екше) киетін жандар еді. Оны мен жуып-тазалап, үтіктеп беретінмін. Өзім де 60 жастан ассам киермін-ау деп армандайтынмын. Айтқандай, 63 жасқа келгенде шет-шетіне өрнек салып, өз қолыммен тоқып, кимешек кидім. Кимешегім сахнаның киімі сияқты емес, төбесіндегі қоқаймағы тақиядай-ақ, биіктігі 9 сантиметр шамасында. Осылай үш кимешек тоқыдым. Оны жиын-тойларда киіп жүргеніме үш жылдан асты. Менің байқағаным, кимешек кигендерді ешкім тосыр­қап та, жек көріп те қарамайды. Қайта жаныма жақын келіп: «Апа», «Әже», – деп амандасып жатады. Абысыным мен сіңлім де мені қолдады. Сондықтан осындай кимешекті сәнгер қыздар тоқымамен сәндеп тоқыса, апалар киюден қашпас еді деп ойлаймын.

Етегін кең, жеңін ұзын етіп 4 көйлек тіктірдім. Ойым – қазақилығымызды сақтау. Бұл бізге әжелерден қал­ған аманат қой. Осыны біле тұра мен кимесем, өзгелер мән бермесе, аманат ұмытылып кетеді ғой. Бір жағынан бұл көйлек пен кимешекті кейінгі ұрпақ біздің аналарымыз осылай киінген екен деп жүрсін деген ниетпен кидім. Тек шалым мен бала-шағам: «Әдемі көйлек киіп, орамал тақ», – дейді. Өйткені алты жыл бұрын – 60 жасымда инсульт алған едім. Содан бір жағым дұрыс жұмыс істемей, қимыл-қозғалысым нашарлап қалды. Бір жаққа қарай қисайып жүретіндіктен қолайсыз көрінсе керек. Басқалай себебі жоқ.

Енді осы әжелерге арналған ұлттық киімді дәріптеп, елге көрсетсем деймін. Кейінгі ұрпақ аналардың кимешегі мен кең қолтық көйлегін көргені дұрыс», – дейді Ақмарал Өмірбаева.

Кимешек киюдің ешқандай да сөкет емес екенін айтқан Ақмарал әжей өзге де әжелерді, заман­дастарын осылай ұлттық киім киюге шақырады. Қызығушылық танытқандар болса, кимешек тоқуға көмектесуге де әзір.

Р. ОРДАБЕК.

Ақмарал Өмірбаеваның байланыс телефоны: 8-775-938-95-37.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!