Қара суды теріс ағызатын молдалар қайда?

02.10.2017
Қаралды: 245

Еліміз егемен ел атанғалы бері хақ дініміз – мұсылмандық қанатын кеңге жа­йып, оған мойынсұнушылар саны жылма-жыл артып келеді. 

Кеңестік кезеңде облыс орталықтарында бірлі-жарым мешіттер болса, қазір кәсіпкерлердің қаржысымен тұрғызылған мешіттер аудан емес, әр ауылда бой көтеріп, имандылыққа бет бұрғандарды шақырып, менмұндалап тұр.

Мешіттерді арнаулы білімдері бар молдалармен қамту жүйесі де жақсы. Әр мешітте кемінде 4-5 молда қызмет етеді. Қарап тұрсаңыз, бұл – хақ дінімізді қалың көпшілік арасында насихаттап жеткізу де үлкен күш. Алайда осы молдамын деп ел ішінде өлгендердің жаназасын шығарып, Құран оқып жүргендердің білім-біліктілігінің деңгейлері қай дәрежеде?

Біз, яғни өткен ғасырдың қырқыншы жылдары туылғандар өзіміз көзімізбен көрмесек те, бұрынғы өткен молдалар туралы аңызға бергісіз әңгімелерді естіп өстік. Кеңес үкіметінен бұрын ел ішінде ағын суды кері ағызатын, керек десеңіз шайтанды бағындырып, құлақкесті құлға айналдырып, қызмет еткізген молдалар болыпты.   

Адам ата ұрпағымен бақталастыра жаратылған шайтан молданың «үп-сүп» деп үшкіргенін мойынсұна салатын құбылыс емес. Адамзаттың соңғы ақли дінінің құпиясын берік сақтаған Құранның қай сүресін қандай жағдайда оқу керек екенін жатқа білген білімдар молда ғана оның құпиясына бір табан жақындауы мүмкін. Бұрын молдалар дәрі-дәрмексіз үшкіріп оқу арқылы-ақ көп ауруды, қарақұрт пен жылан шаққанды жазған. Әсіресе психикалық ауруға ұшырап, шалықтаған, айықпас кеселге ұшырап, жатып қалған аурулар молдалардың оқуларынан кейін құлан-таза айығыпты. Жазылмайды-ау деген науқастарды 4-5 молда жиылып, шілиясын түсіріп оқыған. Мұндай оқудан көп науқас құлан-таза айығып кететін болған. Ел арасында молдалар не бір заһар улы жыландармен арбасқаны туралы әңгімелер көп.   

Сондай білімдар молдалардың соңғы буындарының бірі – өткен ғасырдың­ алпысыншы жылдарына дейін өмір сүрген, Кеңес үкіметінің қудалануына түсіп, қамалып айдалғанымен хақ дінімізді насихаттай білген кентаулық Әубәкір қары мен түркістандық Қотыр молда (шын атын есімізге түсіре алмадық) деген лақап атпен белгілі болған молдаларды менің тұстастарым ұмыта қоймаған болулары керек.

Осыдан 15-16 жыл бұрын жақсы таныс-біліс ауқатты бір азаматтың туған інісі кенеттен қайтыс болды. Көңіл айтып бардық. Сонда қаралы үйде жасы қырықтардағы қырма сақал молда судыратып Құран оқып отырды. Жанымдағы­ кісіден: «Мына молда шамасы, басқа жақтан келген-ау?» – деп сұрадым. «Бұл кісі облыстық мекемелер басшылары мен ауқатты кәсіпкерлердің жекеменшік молдасы», – деді қасымдағы кісі. «Онда ауқаттылар­дың жекеменшік молдасы болса, білімі күшті болды ғой», – дедім мен қарап отырмай. Ана кісі мырс етіп: «Сайрамда бұрын өзбек театры болған жоқ па? Бұл кісі сол театрдың белді әртісі еді. Енді ауқаттылардың жеке молдасы. Шамасы, бұрын әртіс болған соң, Құран сүрелерін жақсы жаттап алған болуы керек», – деді қасымдағы кісі. Мен іштей жоғары эшалондағылар молдасының бөлек болатынын сонда біліп, жағамды ұстап, үнсіз отырып қалдым.

Әрине, молдаларға ауруларды емдемедің деп кінә артқалы отырған мен жоқ. Өйткені қай науқас болмасын мына заманда молдадан гөрі дәрігерге көрінетіні талассыз нәрсе. Дегенмен молдалардың ілімі мен бойларындағы қасиеттері асып жатса, психикалық ауруы барлар неге молдаларға көрінбеске?     

Дәрігерлердің ауру диагнозын біліп немесе білмей бере салған дәрісін ішіп уланғанша, молданың «сүф-ф» деп даусын созып салған­ демі науқас жүзіне самалдай тиіп, жанға рахат таптырмай ма? Дем салу дегеннің өзі адам психикасына оң әсерін тигізетінін айтқан біз емес, бұрынғы ғұламалардан қалған тәмсіл. Ендеше молда білікті де білімді болып, Алла түсірген Құранның құдіретін жұртшылыққа көрсете білсе, олардың өзі үшін де бұл үлкен абырой болар еді-ау!                                                                                                            

Қуаныш НҰРМАШҰЛЫ,

зейнеткер.  

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!