Боксшы қыз Балауса

02.10.2017
Қаралды: 500

Ол кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті

Бұрындары біз бокспен тек еркектер айналысады, ол ерлерге тән спорт түрі деп ойлайтынбыз. Нәп-нәзік қыздарымыздың ерлерше жұдырықтасып жүргені ерсілеу көрінетін. Алайда қазір заман өзгерді. Спорттың бұл түрін бұрымдылардың да бағындыра алатынын бүгінде қазақтың қаракөздері дәлелдеп келеді. Солардың бірі – Балауса Мұздиман. Ол Қазақстанның төрт дүркін чемпионы деген атақты алған. 2013-жылы Әлем чемпионатына қатысып, еңіп алған.

Балауса Ғабитқызы күні кеше АҚШ-тың Монро қаласында  өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын бірінші нокаутта-ақ тізе бүктірді. «Замананың» тілшісі осыған орай Балаусаға хабарлакүміс жүлде иеленген. Ал 2015-жылы аталмыш жарыста жастар арасындағы әлем чемпионы атағын және бокстағы алғашқы белбеуін жсып, онымен сұхбаттасты.

– Балауса, кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіңмен құттықтаймыз. Қалай болды, әсеріңмен бөліссең...

– Жалпы, маған кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсынысты бапкерім Сағатбек Мұсаханов айтты. Дегенмен мен бұл ұсынысты қабылдауға асықпадым. Қанша дегенмен жауапты қадам болғасын, тура жолды таңдап отырмын ба, жоқ па деп әбден ойландым. Ата-анаммен ақылдастым. Бір жағынан кәсіпқой бокс пен әуесқой бокстың айырмашылығы қандай болады екен деп қызықтым, сол себепті келісімімді бердім.

Ал енді кешегі жекпе-жек туралы айтар болсам, мен негізі қарсыласымнан көп нәрсе күткенмін. Әдетте қара нәсілді қыздар соққыға төзімді келеді, сол себепті техникасы мықты қарсылас болады деп аса мұқият дайындықпен барғанмын. Оның үстінде бұл кездесу АҚШ-та өтпекші, көрермендер қалай қабылдар екен деген іштей қобалжу болған. Алайда төрт раундқа жоспарланған жекпе-жектің бірінші раундында-ақ Кэмри Макси нокдаунға түсті де, жекпе-жекті ары қарай жалғастырудан бас тартты. Шынымды айтсам, кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімнің бірінші раундта әрі жеңіспен аяқталғанын жақсы ырымға­ жорып отырмын. Қазақ еліне әлі талай жеңістер сыйлаймын деп ойлаймын.

– Бокспен айналысуыңа не себеп болды? Қыз баласына қиын спорт түрі ғой, денсаулығыңа зиян емес пе?

– Қыз баласына ауыр тиеді деп ойламаймын. Өйткені адам ағзасы өте шыдамды, бір нәрсемен үнемі шұғылдана берсең, соған бейімделесің. Басында қиын болды, оны жасырмаймын. Тез шаршап қалатынмын. Ер балалармен тең дәрежеде жаттығу жасау қиын тиетін. Бірақ қазір оның бәрі артта қалды.

Ал бұл салаға мен 14 жасымда, өз қалауыммен келдім. Негізі бала күнімнен ерке болдым. Көбіне ер балалармен ойнайтынмын, солармен тез тіл табысатынмын. Бір күні әлгі достарымның бәрі бокс үйірмесіне жазылыпты. Маған көңіл бөлуді қойған, тіпті назар аудармай кетті. Соны байқадым да, әкеме менің де боксқа қатысқым келетінін айттым. Ол кісі рұқсатын берді. Содан бері жаттығу залы менің екінші үйім болып кетті.

– Өзің қай өңірден боласың? Ата-анаң кімдер, олар немен айналысады?­

– Мен Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылында дүниеге келгенмін. Жасым – 19-да. Сол жердегі орта мектепті бітіргесін Қазақ туризм және спорт академиясына оқуға түстім. Сол жерде бапкерлік бойынша білім алып жүрмін. Ал ата-анам – Ғабит Жұмаханұлы және Нұрбике Андалқызы. Ол кісілердің өзінің шаруашылығы бар. Мал бағады, егін егеді. Өзімнен үлкен әпкем бар, тұрмысқа шыққан. Сосын екі сіңлім, екі інім бар.

– Алдағы жоспарларың қандай? Кәсіпқой боксқа біржола ауысасың ба?­­

– Түбегейлі бет бұрамын деп айта алмаймын. Себебі әуесқой бокс­шылар арасында өткізілетін турнирлерге қатысу кәсіби тұрғыда жетілуім үшін аса қажет. Ал енді кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегімді желтоқсан айында өткізетін шығармын. Ол да АҚШ-та өтеді, бірақ нақты кіммен жұ­дырықтасатыным әзірге белгісіз болып тұр.

–  Саған сәттілік тілейміз. Жеңісті күндерің көп болсын!

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!